Әділдікті қалайтын Ләззат

4302
11
0
5

Ләззат бізге заңгер мамандығының ерекшеліктері, күнделікті жұмыс күні қалай өтетіні және жастар арасындағы қылмыстың себептері жайлы баяндап берген болатын.

Әйел затын біз әрқашанда нәзіктікпен, сұлулықпен байланыстырамыз. Алайда, ер мен әйел тең құқылы заманда жауапкершіліктің, ауыртпалықтың көп мөлшері осы нәзік жандылардың иығына түсетінін тағы білеміз. Сол себепті қатал, әрі ауыр қызмет атқарып жүрсе де, нәзік болмысын жоғалтпай, әділдік іздейтін қырмызыдай қызбен танысқан кезде қатты таң қалғанымыз жоқ.

Бүгінгі біздің кейіпкеріміз 22 жасар Ләззат Серікқызы. Ол 2010 жылы Қазақ Ұлттық Университетінің заң факультетін бітірген. Қазірде мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотта қызмет істейді. Ләззат бізге заңгер мамандығының ерекшеліктері, күнделікті жұмыс күні қалай өтетіні және жастар арасындағы қылмыстың себептері жайлы баяндап берген болатын.

- Заңгер мамандығын таңдауыңа не себеп?

- Бала кездегі арманым. Әр жерде әрқашанда әділдік іздеп жүретінмін.

- Университет қабырғасында алған теориялық білімің практика жүзінде қаншалықты жүзеге асады?

- Әрине, теория мен практика екі түрлі нәрсе. Практикада барлығы теориядағыдай бола бермейді. Алайда, біз нақты заңдар мен кодекстерге сүйенеміз, осыдан теориялық білімсіз жұмыс істеу мүмкін емес екені түсінікті. Егер де бір мәселені нақты біліп тұрсаң, шешім қабылдау да оңайырақ.

- Күнделікті жұмыс күнің қалай өрбиді?

- Сот хатшысы болғандықтан, менің тікелей қызметіме бөлімге түскен әр қылмыстық іспен танысу, қаулы шығару, басты куәгерлерді хабардар ету, сотқа шақыру, т.б. жатады. Ал сот отырысы күні сотқа қатысатын тұлғаларды жинап, процесс кезінде хаттама жазамыз. Ол үкім шығарылғаннан кейін бес күннің ішінде дайын болуы керек. Сондай-ақ, Алматы қаласының әкімшілігі бізге алматылықтардың тізімін береді. Ол бойынша біз сот отырысына қатысатын 150 халық қосшы билерін шақырамыз. Олардың ішінен мемлекеттік қызметте істемейтін, сотқа қатысы жоқ 12 тұлғаны таңдап аламыз. Қосшы биліктен бас тартқан адамдар, заңда көрсетілгендей, белгілі сомада айыппұл төлейді. Сондықтан әр адам өз міндеттері мен құқықтарын жетік білгені жөн.

- Әр мамандықтың қиын тұстары болады, заңгер мамандығының ауыр жақтары қандай?

- Адам тағдырын шешу, былайша айтқанда, күнделікті жұмысымыз, әрине, ол қашан да ауыр. Сот үкімі арқылы адам тағдырын түгелдей өзгертіп жіберуге болады. Сол себептен, біздің мекеме үшін әділдік бірінші орында.

- Ауыр қылмыскерлер арасында жастар қаншалықты жиі кездеседі және оның себебі неде деп ойлайсың?

- Соңғы кездері жастар арасында қылмыскер атанатындар көбейіп кетті. Бұл қай-қайсымызды да толғандыратын мәселе. Әлеуметтік, отбасылық жағдайларының нашарлығын былай қойғанда, қазірде телевизия, кино, интернет сияқты медианың кері әсері де байқалып жатыр. Бір жас балаларға сырттай қарағанда қылмыскер деп мүлде айта алмайсың, алайда, жасаған іс-әрекеттері кинодағы жағымсыз кейіпкерлердікіне ұқсап кетеді. Осындай «еліктеушіліктің» нәтижелері адам шошытарлықтай. Өздерін көрсету үшін, достарының арасында «абырой» жинау үшін қылмыстық әрекеттерге жиі барып жататындар да аз емес. Мұның бәрі де мемлекет тарапынан, қоғам тарапынан, ең бастысы, ата-аналар тарапынан тиісті түрде көңіл бөлмеушіліктен болады деп ойлаймын. Кез келген адам жаны нәзік болып келеді. Неге болса да ренжіп, ашулануы мүмкін. Қоғам болғаннан кейін онда болып жатқан келеңсіздіктерге бәріміз де жауаптымыз. Сондықтан жақындарымызға, достарымызға, көршілерімізге қарапайым ілтипат пен жылы шырай білдіріп жүру ауыр соқпайтын міндеттердің бірі деп ойлаймын.

- Қазіргі кезде қоғамда өршіп тұрған қай проблеманы атар едің?

- Ең алдымен, дін мәселесін айтуға болады. Неше түрлі теріс ағымдағы секталардың кесірінен болып жатқан қылмыстар. Қазірде осы ретте барлық мекемелерде күшейтілген бақылау жүргізіліп жатыр.

- Осындай жағдайларда психологиялық тұрғыдан өзіңді қалай дайындайсың?

- Басында ауыр қылмыстармен жұмыс істеу, қылмыскерлерден хаттама алу мен үшін қиын болатын. Тіпті қорқынышты десем де болады. Салқынқандылық, сабырлылық – бәрі де тәжірибемен келетін нәрселер екен. Сондықтан уақыт өте келе, бәріне де жұмыс ретінде нақты қызметтік көзқараспен қарауға үйрендім. Бір жағынан, үйдегі ата-анам да, ағаларым да маған мықты болуға, бекем болуға ынта беріп отырады. Әрқашан да қолдап жүреді.

- Әр мамандық адамды белгілі түрде өзгертеді дейді, заңгер мамандығы сені қалай өзгертті, әлде мінезіңе ықпал ете қойған жоқ па?

- Біздің мамандықта нақтылық, дәлдік керек. Бұрында мен шешім қабылдар кезде көп ойланып, күмәнданатынмын. Ал қазір жұмысымның арқасында тез шешім қабылдайтын болдым.

- Жас маман ретінде болашақта заңгер боламын деген студенттерге қандай кеңес айтар едің?

- Ең бастысы, адамның мамандыққа деген сүйіспеншілігі мен қызығушылығы болса, барлық ауыртпалықтарды жеңуге болады. Қазірден бастап заңдарды оқып, таныса беру керек. Әлемде болып жатқан жаңалықтардан да қалыс қалмау тиіс. Ақпарат заманында заң туралы кітаптарды, заңнамаларды алу жеңіл. Сондықтан оның бәрін игеруге адамның тек ынтасы болуы керек.

- Бос уақытыңды қалай өткізгенді ұнатасың?

- Бос уақытымда достарыммен кездесіп караоке барына немесе киноға баруды ұнатамын. Әсіресе заңгер мамандығына байланысты фильмдерді сүйіп көремін. Заң, кодекстерді ақтарып, білмей жатқан тұстарымды толықтырып отырамын. Сондай-ақ психология туралы кітаптар, оның ішінде Дейл Карнегидің кітаптарын оқуды жақсы көремін.

Әңгімелескен Айжан Кәрібаева

 
Ad

Rate post

5

Comments

Login to comment