Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
06:07, 21 ноября 2011

Қазақстанда алғаш рет 50 жұп некелерін тіркеуге өтінішті «электрондық үкімет» порталы арқылы берді

Blog post image

Қазақстанда алғаш рет 50 жұп некелерін тіркеуге өтінішті  «электрондық үкімет» порталы арқылы берді, деп хабарлайды ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.

«Некені тіркеуге өтінімді  on-line режимінде беру қызметі  халық арасында  сұранысқа ие бола бастады. Өтінімді электрондық нұсқада берген жұптар  Астана, Қарағанды Тараз, Атырау, Алматы, Өскемен, Балқаш, Есік, Семей, Шымкент, Ақтөбе, Павлодар, Кентау және Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Сайрам ауданы мен Қарағанды облысына қарасты Қазыбек би аудандарының тұрғындары», - делінген ведомстваның хабарламасында.

«Е-отбасы» акциясына қатысушы жас жұбайларға  сыйлық ретінде қазақстандық эстрада және телевизия жұлдыздарының  атаулы бейне құттықтаулары тарту етілді.

www.egov.kz порталы арқылы ең бірінші өтінімді  Алматы қаласының тұрғындары Асхат Садырбай мен Ерке Есмахан берген болатын. Бұл жұптың неке қидыру салтанатына қазақстандық  эстрада жұлдыздары, тележүргізушілер мен журналистер шақырылды.

Е-өтінім беруде Оңтүстік Қазақстан облысының жас жұбайлары белсенділіктерімен ерекшеленді. Алғашқы 50 өтінімнің 17-сі  Оңтүстік Қазақстан облысынан келіп түскен. Сондай-ақ, елордалықтар да е-қызметтерді белсенді пайдаланатындарын көрсетті. Астаналық 14 жұп некелерін тіркеу туралы өтінішті электрондық нұсқада берген екен.

Естеріңізге салып өтейік, ағымдағы жылдың  тамыз айынан бастап «электрондық үкімет» порталында  некені тіркеу қызметі іске қосылған болатын. Бұл қызметтің  тиімділігі сол- Қазақстан  Республикасының азаматтары басқа елде, басқа қалада жүріп-ақ некеге тұру туралы өтініш бере алады.  Ал, бір қалада өмір сүріп жатқан  болашақ жас жұбайлар  некеге тұру туралы  өтінімді  электрондық нұсқада  беру арқылы өз уақыттарын  үнемдейді.

«Электрондық үкімет» порталы арқылы некені  тіркеуге  өтінім  беру өте оңай.  Ол үшін электрондық өтінім беруші азаматтың екеуі де www.egov.kz порталында тіркелуі тиіс және оларда  ЭЦҚ(электрондық цифрлық қолтаңба) болуы керек.  Бұл жерде айтып өту керек,  аталған қызмет түрін  бұрын некеде болмаған және балалары жоқ азаматтар ғана пайдалана алады.  Ал, некені тіркеу қызметі үшін салынатын мемлекеттік баж (бір айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі) салығын электрондық өтінімді беру кезінде төлем карточкасының көмегімен порталда төлеуге болады. Электрондық өтінім мен өтінім берушілер туралы мәліметтердің нақтылығын тексеру аяқталған соң, жұп некелерінің тіркелетін күні мен орны туралы хабарлама алады.

0
1205
0