---
title: "«2017 ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК ПЕДАГОГЫ» БАЙҚАУЫ"
description: "Мұғалімдердің халықаралық мерекесіне орай жыл сайын «Үздік педагог» атты республикалық байқау жеңім..."
author: "MON_RK"
published: "2017-10-11T05:39:18+00:00"
modified: "2017-10-11T05:39:18+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/2017-zhyldy-zdik-pedagogy-bay-auy-781285"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/2017-zhyldy-zdik-pedagogy-bay-auy-781285/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# «2017 ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК ПЕДАГОГЫ» БАЙҚАУЫ

> Мұғалімдердің халықаралық мерекесіне орай жыл сайын «Үздік педагог» атты республикалық байқау жеңім...

Мұғалімдердің халықаралық мерекесіне орай жыл сайын «Үздік педагог» атты республикалық байқау жеңімпаздарын марапаттаймыз. Салтанатты жиынға білім беру жүйесінің дамуына ерекше үлес қосқан ұстаздар қатысты.

Биыл мектепке дейінгі және орта білім жүйесінде еңбек ететін 112 педагог пен кәсіби-техникалық білім беру жүйесіндегі 44 инженер-педагог маман «Үздік педагог» атты VІ республикалық байқаудың финалына дейін жетті.

Салтанатты жиынға 83 педагог қатысып, оның алпыс төрті «2017 жылдың үздік педагогы» байқауының жеңімпазы атанды.

Мектепке дейінгі және орта білім жүйесінде «2017 жылдың үздік педагогы» мәртебесіне Көкшетау қаласындағы №17 орта мектептің химия, биология пәнінің мұғалімі Серік Қошанов, Көкшетаудағы №11 «Арай» балалар бақшасының музыкалық жетекшісі Әсел Қалиева, Степногор қаласындағы Абай Құнанбаев атындағы №6 мектеп-гимназиясы биология пәнінің мұғалімі Александр Кинцель, Ақтөбе облыстық физика-математиканы тереңдете оқытатын арнайы мектеп-интернатының мұғалімі Раиса Аяуова және басқа да көптеген ұстаздар ие болды.

Кәсіби-техникалық білім беру жүйесіндегі мұғалімдер арасында «2017 жылдың үздік педагогы» атағына Щучинск қаласындағы Жоғары колледждің арнайы пәндер бойынша оқытушысы Антон Лазорский, Ақтөбе политехникалық колледжінің арнайы пәндер бойынша оқытушысы Ержан Өтеулиев, Қарағанды кәсіби-техникалық колледжінің арнайы пәндер бойынша оқытушысы Дмитрий Цай секілді мамандар ие болды.

Он мұғалім «Қазақстан Республикасы білім беру саласының үздігі» белгісімен марапатталды. Жас ұрпаққа білім берудегі еңбегі үшін Астана қаласындағы республикалық физика-математика мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Нұргүл Жанаева, Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы көп тілде оқытатын №3 кәсіби мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Шаттық Қарасартова, Алматы қалалық жас туристер стансасының директоры Зейнеп Аришева мен тағы 7 педагог марапатталды.

Тоғыз педагогқа «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі тапсырылды. Олар: елордадағы №72 мектеп-гимания директоры Гүлсім Жүсіпова, Орал қаласындағы №34 академик А.Тайманов атындағы мектеп-гимназиясының орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әлия Ахметова, Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданындағы Ж.Ақбай атындағы физика мектебінің мұғалімі Қайрат Азиров және басқалар.

Мерекеге келіп, қуанышты бөліскен әншілер Тамара Асар, Мемлекеттік күзет қызметі Президент оркестрінің солисті Әлібек Ізбасаров, Қазақ Ұлттық музыка академиясының студенті Айбар Ашкеевтер кеш көрігін қыздырды. Олар ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтап, репертуарындағы үздік әндерін арнады.

Жеңімпаздарға марапатты Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, сенатор Бірғаным Әйтімова және Қазақстан Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіби салалық одағының төрайымы Майра Амантаева тапсырды.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/9R0r8u7eXyT5KzNdWbppfjA72exqI4.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/faI1mPqhre5xWxY9llaGjRTb6tX1v5.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/Qhp3aPL3nbt50J1dIuV8KQO6fGYhVo.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/aHZRH2T44qZYbyNhuCw1qbhe9q5iZ6.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/Tqtj64WzcJKVX15YEo9tn0ag08MoC1.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/52RPP2YaN0repJN6dE1kavypwvXwsN.jpg)

---

Source: [https://yvision.kz/post/2017-zhyldy-zdik-pedagogy-bay-auy-781285](https://yvision.kz/post/2017-zhyldy-zdik-pedagogy-bay-auy-781285)