---
title: "2017 ЖЫЛҒЫ ЖАЗҒЫ КАНИКУЛ"
description: "14 мыңға жуық балалар лагері қазақстандық оқушыларға қызмет көрсетпек. Балалардың жазғы демалысын ұй..."
author: "MON_RK"
published: "2017-06-20T04:25:48+00:00"
modified: "2017-06-20T04:40:24+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/2017-zhyl-y-zhaz-y-kanikul-770636"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/2017-zhyl-y-zhaz-y-kanikul-770636/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# 2017 ЖЫЛҒЫ ЖАЗҒЫ КАНИКУЛ

> 14 мыңға жуық балалар лагері қазақстандық оқушыларға қызмет көрсетпек. Балалардың жазғы демалысын ұй...

14 мыңға жуық балалар лагері қазақстандық оқушыларға қызмет көрсетпек. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру жөнінде 2017 жылғы 23 мамырдағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев айтып берген болатын.

 

Мектеп оқушылары үшін жазғы каникул ең бір керемет мезгіл, солай емес пе? Оқу процесі барынша жеңілдетіліп, мейлінше балаларға қолайлы жасалған болса да, оқудан бала жалығатыны белгілі. Сондықтан миллиондаған мектеп оқушысының ең керемет мезгілдегі үш айлық демалысты асыға күтуі түсінікті де. Каникул ойын-сауық, саяхат, туған-туысқанға қыдырып барумен, сондай-ақ, лагерьлермен есте қалады.

Жыл сайын мемлекет балалардың демалыс орындарында сауығуы мен тынығуына миллиардтап қаражат бөледі, қызмет көрсету сапасы мен орын саны артып келе жатқаны да қуантпай қоймайды. Министрдің айтуынша, былтыр елімізде 12 689 лагерь жұмыс істеп тұрса, биылғы демалыста 13 848 жазғы лагерь балаларға қызмет көрсетпек. Биылғы жазда 1 655 миллион бала толыққанды демала алады, бұл 1-10 сынып оқушыларының жалпы санына шаққанда 61,2% (2,672 миллион адам).

Лагерьлердің басым көпшілігі, дәлірек айтсақ, 11,5 мыңы мектеп жанынан ашылған. Қалғандары шатырда, киіз үйде орналасқан, спорттық лагерьлер (2 мыңға жуық) және қала сыртында (200-ге жуық). Сонымен қатар, елімізде он екі ай жұмыс істейтін 18 лагерь бар.

 

Жазғы лагерьлердің басым көпшілігі сауықтыру, бос уақытты тиімді ұйымдастыру және демалыс түрінде жұмыс істейді. Бұған қоса 511 мың оқушы (20%) жазда арнайы лагерьлерде туризммен және спортпен айналыса алады.

 

Биылғы жылы елімізде 26 мың оқушыны қамтитын 5025 еңбек және демалыс лагері ашылса, 21 мың бала мектептің орман шаруашылығы түріндегі 551 лагерьге барады. Жоғары сынып оқушылары үшін 2 950 маусымдық еңбек отряды құрылған, онда демалып қана қоймай, тиын-тебен табамын деген 132 мың оқушы барады. Бұл балалар қарапайым, бірақ әрқашан қажет мамандықтардың қыр-сырын меңгереді. Демалысты қаражат табумен үйлестіретін оқушылардың саны бір миллионға жуық (38%).

 

Мемлекет балалардың демалысын тиімді өткізудің басқа да жолдарын қарастырды. Мәселен, жазғы демалыс кезінде 2,168 миллион бала (оқушылардың 81,6%-ы) секцияларға, үйірмелерге, клубтарға қатысып, экскурсияларға бара алады. Демалысын үйінде өткізетін балалар үшін 991 аула клубы ашылған. Бұл клубтардың жұмысына бүгінде 129 мың бала қатысуда.

Жазғы демалыс айтарлықтай шығынды қажет етеді, ең арзан деген жолдаманың өзін ата-аналардың барлығы бірдей ала алмайды. Сол себептен мемлекет әлеуметтік ахуалы ауыр отбасының балаларына көмек көрсетуге айрықша назар аударады. Биыл бұл мақсатқа бюджеттен 4 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаражат осы топқа жататын оқушылардың 85%-ын қамтуға мүмкіндік береді (былтыр 66% болған).

Жылдағыдай биыл да мемлекеттік қызмет органдары жазғы каникул кезіндегі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын толық қолға алады. Ол тек балалар демалатын орындарды жарықтандыру ғана емес, сонымен қатар, инфрақұрылымды жақсарту, лагерьлердің материалдық базасын жаңарту, қызметкерлердің біліктілігін арттыру. 2017 жылғы жазғы демалыс үшін тәлімгерлерге жаңа нұсқаулық жасалды, облыстардағы білім басқармаларының жауапты қызметкерлері мен қала сыртындағы лагерь жетекшілеріне республикалық семинар өткізілді.

Бұдан өзге де шешілмеген мәселелер бар, қазір біздің министрлік пен басқа да мемлекеттік органдар оларды шешу үшін бар күшін жұмылдырып отыр. Атап айтқанда, жақсы жарақтандырылған және балалардың демалысы мен бос уақытын жаз бойы өткізуге дайын мектептеріміздің өзі де балаларды 10 күннен артық қабылдай алмайды. Өйткені, қолданыстағы заңнама мектептерді барша бала үшін ақылы демалыс және даму орталығына айналдыруға тыйым салады. Қазір осы бағытта жұмыс жүріп жатыр. Егер заңнамаға енгізілетін өзгерістер мақұлданса, балалардың бос уақыттарын қауіпсіз өткізіп, демалуына жағдай жасайтын қосымша орындар ашылады, ал мектептер өз бюджетін көбейте алады. Бұл кәсіпкерлік қызметті дамыту үшін де қолайлы болмақ.

Күн тәртібінде тұрған екінші маңызды міндет – барлық балалар лагерінің қызметіне мониторинг жасайтын, ата-аналар мен үкіметтік емес ұйым өкілдерінен тұратын кеңес құру. Өкінішке қарай, былтыр Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарында санитарлық-эпидемиологиялық ұйғарымсыз жұмыс істеген жазғы лагерьлер тіркелген. Ал 2015 жылы бірнеше рет балалардың тамақтан улану оқиғасы болған. Осыған орай мемлекет санитарлық-эпидемиологиялық талапқа айрықша назар аударып, бақылауды күшейтуге мәжбүр болып отыр.

Биылғы жазда мұндай оқиғалар мен төтенше жағдайлар болмайды деп сенеміз. Лагерьге барса да, ата-әжесіне қыдырып барса да, балалардың мұндай жағдайлардан аман болғаны дұрыс. Жазғы демалыстарың сәтті өтсін, балалар!

---

Source: [https://yvision.kz/post/2017-zhyl-y-zhaz-y-kanikul-770636](https://yvision.kz/post/2017-zhyl-y-zhaz-y-kanikul-770636)