Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 772 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
03:25, 17 октября 2009

Маған бәрібір...

 

"Мейлі жер сілкінсін, сел бассын, мейлі күн күлімдеп, ай толсын, маған бәрібір!" дейтін адамдарға бір нәрсені түсіндіру, ұқтыру қиынға соғады. Себебі, оларға бәрібір. Жерде өлік жатса, жанынан айналып өте беретін, жап-жас сәби анасымен бірге аштан-аш көшеде қонып жүрсе, қол ұшын бермек түгіл, бір сәт болса да жаны ашымайтын заман ғой. Тіпті заман сондай емес, адамдар осындай дер едім. Жеке басының аман-саулығынан басқа еш нәрсе оларға қызық емес, қызықтырмас та. "Қоғам", "адам" деген ұғымдарды жай ғана сөз ретінде қабылдай алатын, сол сөздің астарында сан қилы тағдыр, сан алуан өмір жатқанынан беймәлім адамдар ғой олар. Бір адамның бойына осыншама зұлымдық, рақымсыздық, немқұрайлылық, мейірімсіздік қайдан ғана жинала қалады?

Blog post imageОсыдан бірнеше ай бұрынғы болған жағдай есіме түсіп отыр. Троллейбуста келе жатқан болатынмын. Аялдамадан таныс қыздар мінді, тұтас екі мың теңгелері ғана бар екен. Жүргізушіге барып уақтата алмай қойды, ешкімде жоқ екен. Көліктің ішінде билет тексерушілер болды. Аз уақыттан кейін тексере бастады. Айтпақшы, елу теңгемді бір тексерушіге уақтатып алған болатынмын. Кезек ана қыздарға келді, олар әлі төлеген жоқ, тексеруші байланды да қалды.  Жағдайды түсіндірмек болған  қыз жылап, жүргізушіге барды, жүргізуші орыс апай „я обязана что ли„ деп шықты. Тексеруші қыздардың билетін тартып алған, "Маған бәрібір! Түс! Айыппұл төлейсің!" деп зекірді. Әрине, бір жағынан, ол - тексерушінің жұмысы. Ал екінші жағынан, адамгершілік қасиет деген болады ғой. Адамды адам түсіну деген болады емес пе? Немесе көктемнің бір күнінде жерде бүктеліп жатқан егде тартқан әйелдің қасынан үндемей өтіп бара жатқан адамдар қандай қатыгез еді? Не үшін көше бойында жатқанын сұрауға да шамалары келмейтін адамның бойындағы не деген қаніпезерлік, не деген салқындық? Кейде мас болып, жерде жатқан адамды да аяп кетесің ғой. Ал осындай жағдайдың болуына не себеп? Немесе қалтағымыздағы ақшаға, шеніміздің жоғары екендігіне сеніп жазықсыз адамның өмірімен ойнауға қандай құқымыз бар? Сол адамның ата-анасы, жанұясы, туған-туыстары бар ма, жоқ па, оларға бәрібір. Тек өзін ғана ойлайтын адамдарды түсіне алмаймын. Жігіттер бейкүнә пәк қыздардың абыройын айрандай төккенде не ойлайтынын түсінер емеспін. Өзінде дәл сондай ана, әпке, қарындас бар бола тұра, қалай ғана осындай әрекетке барады? Құдды бір өзінің анасының, қарындасының ғана өмір сүруге, қатарластарымен бірге бақытты жастық шағын өткізуге құқығы бардай сезінеді. Сол жас қыздың сенің қарындасыңнан қандай кемшілігі бар? Қатыгез адамдарды осындай ойлар мазаламайтыны анық. Жеке басымызды ғана ойлап, дүниедегі адамдарға еш жанашырлық танытпай, ақша тауып жүрген жұмысымызды ғана орындаймыз деп, адамгершілік қасиеттерден жұрдай қаламыз ба деп қорқамын.

Қытай философы Мэн Цзы адамдардың өзгеруін объективті жағдайлармен байланыстырған: "Астық бітік шыққан жылдары жас адамдардың көбі рахымшыл, ал аштық жылдары - мейірімсіз болады", - дейді. Жанталасқан мына заманда жүрегіміз зілге толып, қара түнекке айналса, жағдайымыз не болмақ? "Маған бәрібір" деген түсініктен айырылу адамның жеке санасына ғана байланысты деп ойлаймын. Бәріміз адам болғандықтан, қателеспей, түзеле алмаспыз. Сен түсінбеген, түсінуге тырыспаған әлгі адамның жағдайы өз басыңа айналып келмесіне кім кепіл? Жеке тұлға, адам ретінде өзім сияқты адамның тағдырына бей-жай қарауым дұрыс емес деген ой жадымыздан шықпаса болғаны. Абай айтпақшы, "Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп"...

Дүниеде, қоғамда болып жатқан осындай жағдайлар мені селт еткізеді. Себебі, сол қоғамның бір бөлшегі емеспін бе мен? Маған бәрібір емес. Ал сізге ше?...

 

 

 

 

 

0
2792
7