Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
00:32, 07 октября 2011

«АНТИВИРУС» ҚОЙЫЛҒАН ФЕСТИВАЛЬ

25 қыркүйек пен 1 қа­зан аралығында Ал­ма­ты қаласында Мә­де­ниет министрлiгiнiң қол­дауы­мен Қазақстан Республика­сы Тәу­ел­сiздiгiнiң 20 жыл­ды­ғына арналған ХIХ Рес­пуб­ликалық театрлар фес­тивалi болып өттi. Атал­мыш додаға бас-аяғы жетi театр қатысып, өнер­лерiн көрермен мен әдiл­қазылар алқасының са­рабына салды.

 

Фестивальге астаналық Қ. Қуанышбаев атын­дағы қазақ музыкалық драма театры Ер­кiн Жуасбектiң «Антивирус» атты комедиясы­мен қатысты. Қойылым режиссерi – Болат Ұзақов. Басты рөлдердi – ҚР «Дарын» мемлекеттiк жастар сыйлығының иегерi Ер­лан Малаев, Түймехан Атымтаева, Айман Ай­мағамбет, Бақыт Жұмағұлова, Қуандық Қыс­тықбаев, Айнұр Бермұхамбетова, Жә­нi­бек Мұсаев, Сая Тоқманғалиева, Гауһар Жү­сiпова, Жасұлан Ерболат сынды әртiстер сом­дады. Қойылым бүгiнгi күннiң тыныс-тiр­шi­лi­гiн, ақша үшiн жалданып, қара жұмысқа же­гiлiп, соңында қазақ жерiн түбегейлi мекен етiп қалатын келiмсектердiң жай-күйiн кө­рер­­менiне жайып салады. Осы бiр детальдi не­гiз­ге ала отырып, ақша үшiн, мансап үшiн, ма­хаббат үшiн өз хал-қарекетiнше күрескен қо­ғамның көкейкестi мәселелерiн көрсетуге ты­­­рысқан.
...Тұлпарсыз жiгiт –қанатсыз құс. Атадан қалған асыл сөздi арқаланған заманауи ұрпақтың астында да бiр-бiр тұлпар – те­мiр тұлпар. Техникалық қызмет көрсету ор­та­лы­ғына жиналу – «тұлпардың» да, жiгiттiң де бүгiнгi әдетi. Мiне, спектакльдегi негiзгi оқи­ға желiсi де сондай бiр техникалық қызмет көр­сету орталығындағы жұмыскерлер мен қыз­меттi тұтынушылар арасында өрбидi. Қа­зiргi қоғамның келбетiн суреттейтiн, ащы шындықты айта отырып, күлдiрiп оты­рып мұңайтатын аталмыш комедияның кө­терген мәселесi өткiр, арқалаған жүгi ауыр болғанымен, сахналау жағында әлi де бiраз iзденiс пен дайындықтың қажет екен­дi­гiн айта кету керек. Қойылымнан кейiн кө­кейдегi осы сауалдарға жауап алу үшiн Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық дра­ма театрының көркемдiк жетекшiсi, пьеса авторын әңгiмеге тарт­қа­нымызда, Еркiн ЖУА­СБЕК мырза: «Бұл спектакль – фестиваль­ге дейiн де Ас­та­на жұртшылығына ұсы­ны­лып, өз ба­ғасын алған қойылым. Ал ендi байқау бол­ғаннан кейiн бiздiң пiкiрден бө­лек, бағалау, қабылдау деген болады. Сондықтан қазылар алқасының екiұдай пiкiр бiл­дiрiп жатуы әбден орынды. Мiндеттi түр­де бәрi бiрауыздан қойылымды мойын­дасын деп алдыма мақсат қой­ған жоқпын. Негiзгi дiттегенiмiз – бү­гiн­гi қоғамның шындығын ашып көрсетiп, теа­трымыздың көкейкестi мәселелердi кө­тере алатындығын, әртiстерiмiздiң осын­дай шығармаларды да сахнаға алып шы­ғып жүргендiгiн көрсету болды және соны көрсеттiк те. Оған бола қиналып, ұя­лып, не болмаса бiреуге ренжiп жатқан жағ­дайы­мыз жоқ», – деп жауап бердi.
...Бiр аптаға созылған өнер бәйгесiнiң қо­ры­тындысы Ғ.Мүсiрепов атындағы балалар мен жасөспiрiмдер театрының ғимаратында 30 қыркүйек күнi салтанатты түрде аталып өтiлiп, төмендегi өнер майталмандары жүл­де­ге лайық деп танылды: «Үмiт» аталымымен мемлекеттiк рес­пуб­ликалық корей музыкалық комедия теа­т­рының актерi Әлiшер Махпиров марапатта­лып, «Сахналық ұзақ ғұмыр» жүлдесi Қ.Қожамияров атындағы республикалык ұй­ғыр музыкалық комедия театрының әр­тiсi Мырзахмет Ушуровқа бұйырды. «Кө­рер­мен­дер көзайымы» жүлдесiн Н.Жантөрин атын­да­ғы Маңғыстау облыстық музыкалық драм­а теа­тры қанжығасына байлады.
Ал «Екiншi пландағы ең үздiк ер адам бей­несi» номинациясы Ф.Достоевский атын­да­ғы Шығыс Қазақстан облыстық драма теа­тры­ның актерi Федор Любецке бұйырса, «Екiн­шi пландағы ең үздiк әйел бейнесi» ата­лымымен Қ. Қуанышбаев атындағы қа­зақ музыкалық драма театрының актрисасы Түймехан Атымтаева марапатталды.«Ең үз­дiк ер адам бейнесiне» М.Лермонтов атын­да­ғы орыс меклекеттiк академиялық драма театрының әртiсi Сергей Попов, ал «Ең үз­дiк әйел бейнесiне» Н.Жантөрин атындағы Маң­ғыстау облыстық музыкалық драма теа­тры­ның әртiсi Майра Бақкелдиева лайық деп танылды.
Сондай-ақ, «Қазақ драматургиясын та­быс­­ты меңгергенi үшiн» аталымы бойынша М.Лермонтов атындағы орыс мемлекеттiк ака­демиялық драма театрының ұжымы Қ.Мұ­хамеджанов пен Ш.Айтматовтың «Көк­төбедегi кездесу» қойылымымен үздiк атан­ды. «Ең үздiк режиссерлiк шешiмде» - Н.Жан­төрин атындағы Маңғыстау облыстық му­зыкалық драма театрының режиссерi Гүл­си­на Мерғалиеваның еңбегi өзгелерден оқ бойы озық шығып, «Ең үздiк спектакль» жүл­десiн Астана қалалық жастар театры сах­налаған С.Раевтiң «Меккеге қарай ұзақ жол» әфсанасы жеңiп алды.

Назерке РЫМБЕКҚЫЗЫ

0
917
1