Үкіметтік емес, бірақ - үкіметтік...

resmi 2011 M10 4
919
1
0
0

Бүгін Астана қаласында «Азаматтық Альянстың» ұйымдастыруымен Үкіметтік Емес Ұйымдардың 20 жылда бітірген жұмыстарының қорытындысы іспетті конференция өтіп жатыр. Жеке өзім пәлсапалық күйзеліспен...

Бүгін Астана қаласында «Азаматтық Альянстың» ұйымдастыруымен Үкіметтік Емес Ұйымдардың 20 жылда бітірген жұмыстарының қорытындысы іспетті конференция өтіп жатыр. Жеке өзім пәлсапалық күйзеліспен бардым десем де болғандай, себебі үкіметтен қаржы алып – қалайша «үкіметтік емес» деген айдар алуға болатынын түсінгім келді. Әрине, ҮЕҰ туралы жақынырақ білуге де ынта бар.


Алдымен, «Қазақстанда 35 000 коммерциялық емес ұйым бар, оның 18 000 – үкіметтік емес ұйымдар» деген саннан тұратын ауыр артиллериядан атқылағаннан кейін, төрдегілер «неге жиналып отырмыз?» деген сұраққа жауап беруге көшті.
Жалпы, конференцияның әрленуінен көзі қарақты оппозиционер секем алса да болғандай: қабырғада – «демократия – алдымен жауапкершілік» дегенге саятын — биліктің елдегі демократияның ақсақтығын ақтайтын қанатты сөз, ал төрде – шын айтам, өзім күтпедім: Ерлан Қарин мырза! Үкіметтік Емес Ұйымдар мен Ерлан Қарин?! Бірақ, «ешкіні қасқырға тапсырыпты» деген әфсана толығымен есіме түсіп болған жоқ: мен сияқты қарапайымдардың ҮЕҰ дегеніміздің не екенін әлі де түсінбейтіні тілге тиек етілді. Иә, Үкіметтік Емес Ұйым тіпті табысты дерліктей Үкіметпен де, ендеше – билікпен де жұмыс жасай алатын көрінеді-мыс.
Екінші кезекте сөз алған Ресейдің «Фонд Эффективной Политики» қорнының өкілі жариялылық пен билікпен қарым-қатынас туралы кіріспесөзін қарымды да пафосты бастағанымен, Путиннің таққа дәмесі есіне түсіп кетті ме, аяңдап қалды. Басындағы мақсаты біздерде мынадай бар, мынадай бар деген мақтан болса керек; дегенмен кей тұстарда біздікінен де төмендеп бара жатқан ресейлік демократия тамағына кептелгендей болды.
Айтпақшы, Ресей мен Қазақстанда Үкіметтік Емес Ұйымдарға сенім төмендеп кеткен көрінеді, және оның объективті себеп-салдары түсіндірілген болды. Жеке өзім ондай сенім қашан жоғары болғанын есіме түсіре алмадым.
Беташардың аяғына қарай көңіліме бір күдік сап ете қалғаны. «Осы билік дінді жаманды-жақсылы тәртіпке салып болып, енді Үкіметтік Емес Ұйымдарға көшіп жатқан жоқ па?» деген! Оған Ерлан Қариннің ұсыныс іспетті ойы түрткі болды. Мысалы, «кейбір партиялар партия болғаннан гөрі – Үкіметтік Емес Ұйым болса, қоғамға көбірек пайда әкелер ме еді?» дегені. Мысалға мамыражай да жап-жасыл Мэлс Елеусізов және оның ізгі шаралары алынды.
Жалпы атмосфера баяғы: «бәрін жасап жатырмыз, тек халық түсінбейд, түсіндірме жұмыстарын жүргізу керек». Осы сөздерге қарап, соншама топас халықпыз ба деген де күдік туды. Сонымен, ойлау және түсіну сияқты аса интимді адами функцияларымызды да билікке тапсырып қалатын шығармыз жақында. Сол кезде барып «Көшпенділер» атты пленкамыз басқа қырынан көрініп, тағы бір жасап қалар ма екенбіз, бәлкім.
Стандартты сөз саптауды кімнен болса да, американдық өкілден күтпеп едім. «Жаңа технологияларды елдің қоғамдық өмірінде қалай пайдалануға болатынын үйретем» дей ме, әйтеуір өз жұмысына саяси реңк беруден ат-тонын ала қашқандай.
Алғашқы отырыстардан-ақ қитұрқы сұрақтар да қылаң берді. Мысалы, «Адам» Қоғамдық Қорының Президенті: «Үкіметтен ақша алсақ, желкемізден шығарад, өз дегендерін істетед» деген іспетті назды сұрақ қойылды. Мәдениет Министрлігінің шенеунігі оған таптаурын болған сөздік құрылымдармен жауап беріп болам дегенше, менің мобилама қоңырау келіп, далаға шығуға мәжбүр болдым.
Қазір түскі үзіліс. Не ғой, ақыры түсінбедім: үкіметтен ақша алып, қалайша «Үкіметтік Емес» деген айдар тағуға болад, а?

Оцените пост

0

Комментарии

0
«ешкіні қасқырға тапсырыпты»,
«бәрін жасап жатырмыз, тек халық түсінбейд, түсіндірме жұмыстарын жүргізу керек»,
Үкіметтік Емес Ұйымдар мен Ерлан Қарин?!
мамыражай да жап-жасыл Мэлс Елеусізов, т.с.с - :)))))))))))))))))
Бұрын-соңды оқыған ең мәнді де, сәнді пост осы болар:)) Рахмет!
Показать комментарии
Дальше