---
title: "1960 жылы бірнеше автордың бір тақырыпта шығарма жазуы"
description: "1960 жылдары Қадыр Мырзалиев,Мұқағали Мақатаев,Тұманбай Молдағалиев,Сағи Жиенбаев,Жұмекен Нәжімеденов,Төлеген Айбергенов,Мұхтар Шаханов ..."
author: "imbragim"
published: "2025-01-13T18:46:04+00:00"
modified: "2025-01-13T18:46:04+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/1960-zhyly-birneshe-avtordyn-bir-takyrypta-shygarma-zhazuy-1011810"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/1960-zhyly-birneshe-avtordyn-bir-takyrypta-shygarma-zhazuy-1011810/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# 1960 жылы бірнеше автордың бір тақырыпта шығарма жазуы

> 1960 жылдары Қадыр Мырзалиев,Мұқағали Мақатаев,Тұманбай Молдағалиев,Сағи Жиенбаев,Жұмекен Нәжімеденов,Төлеген Айбергенов,Мұхтар Шаханов ...

1960 жылдары Қадыр Мырзалиев,Мұқағали Мақатаев,Тұманбай Молдағалиев,Сағи Жиенбаев,Жұмекен Нәжімеденов,Төлеген Айбергенов,Мұхтар Шаханов т .б ақындар көркем түсінік қабілеттерін танытты.Әдебиет мәселелері туралы 1959ж үлкен конференция өтті.1961 ж Қазақ ССР Ғылым академиясы құрамында жеке әдебиет және өнер институты ашылды.Кейін оған М.О.Әуезов аты берілді.

Майданнан оралған Хамит Ерғалиев,Дихан Әбілев,Сырбай Мәуленов,Жұбан Молдағалиев,Сағынғали Сейітов тағы басқа көптеген ақындар соғыстың не екенін ,бейбітшіліктің не екенін көзімен көріп,жанымен ұғынып,куә болған жандар.Өздері көрген,көңілдеріне түйген жайларды ақындық сезім елегінен өткізіп,жаңа жырдармен жаңғыртты.Соғыс туралы жазу – бейбітшілік туралы жазу,бейбітшілік өмір туралы жырлау – соғысқа қарсылық.Бұл кезеңдегі майдан жырларынан ақындардың жүректеріндегі жаралары,жетім,жесірлердің көз жасы,боздақтардың елге оралмауы сияқты халықтық трагедия көрінеді.

Қанды майданға әкелері қатысып,балалық шақтары тыл тағдырымен сабақтасқан,елдегі жетім-жесірлерді көздерімен көрген,сол тағдырды кейде өздері де тартқан ақындар толқыны соғыс пен бейбітшілік тақырыбына қалам тарта келді.Өлеңдерінде:баланың –жетім,ананың –жесір қалуын,майданнан оралмаған әкені күткен бала сағынышын,жар сағынышын жырлаған буын 60-шы жылдары әдебиетке жаңа бір леп әкелді.Олардың қатарында Жұмекен Нәжімеденов,Мұқағали Мақатаев,Тұманбай Молдағалиев,Қадыр Мырзалиев,Сағи Жиенбаев,Өтежан Нұрғалиев т.б ақындар бар.Бұл ұрпақ өкілдерінің соғыс тауқыметін,соғыс қасіретін көруі,оларды жырлауы әртүрлі.Тақырыптары бір болғанмен,лирика тілінде сөйлету тәсілдері әр алуан.Мысалға,Тұманбайдың “Етік”деген өлеңін алалық.Анасымен екеуі алма-кезек киіп жүрген етігі сыймай қалғанда:

Етігін әкең келсе киесің, – деп,

Анашым кете берді үйді айналып,— дейді де:

Балалық бастан өтіп кетіпті ғой,

“Етігін әкем келсе кием”,—деумен деп түйінделеді.Ал,осы кездегі өмір суретін Жұмекен Нәжімеденовтың көруі тіпті басқаша:

Ел күзетті әкесі жоқ баланы,

Шал күзетті жесір қалған келінін.

Күзетті ана нәрестесіз бесігін,

Жар күзетті күйеуінің есімін.

Түн ішінде түндей қара шал қақты

Кей жесірдің кілттеулі есігін,— деп Жұмекен заманның ащы шындығын жырлайды.

Бұл кезеңде Қадыр Мырзалиев көзімен қарағанда да заман шындығы елестейді:

Бармақтай боп сол күнде,

Жатпаушы едік деп алып.

Әр маяның түбінде,

Қалды біздің балалық,— дейді.Мұқағали Мақатаевтың жүрек жарасы тіпті де бөлек:

Жалынған ғазиз анам,сұрап қалған,

Жоғалды сол бетімен бірақ та арман.

Сенбеймін әкең өлді дегенге мен,

Себебі ол үйімізден тірі аттанған,— деп жырлайды.”Соғыстың соңғы жазы”атты кітабын тұтасымен бала тағдырына,соғыс тақсіретіне арнаған Өтежан Нұрғалиев бір жағынан соғыс зардабын,екінші жағынан тылда,ауылда қалған басқарма,бригадирдің қорлығын жырға қосады.

Ақындар заман қасіретін,соғыс кесапатын қарапайым өмір эпизодтарымен көркем де,шебер бере білді.Әр ақынның өзіндік қолтаңбасы,өзіндік ой айту мәнісі бар.Жоғарыдағы қайсы өлеңді алсаң да қиянатқа,әділетсіздікке қарсылық.Әділетсіздіктің ең апатты да , қауіпті түрі – соғысқа қарсылық білдірді.

Отан соғысынан қасіреті көз алдынан кете қоймаған кешегі жауынгер,бүгінгі қаламгер ақындардың да,майдан кезінде тылда балалық шағын өткізген бүгінгі ақындардың да бейбітшілік тақырыбына оралып,соғыс трагедиясын жазуы заңды құбылыс еді.Мұқағали Мақатаев “Қайран жеңгем” өлеңінде соғыстан кейінгі жалғасқан қайғы-мұңды,қасіретті лирика тілімен сөйлете білген.

Су сұраса сүт берген,айран берген,

Қартайып қалыпсың-ау,қайран жеңгем!

Қарғаның валетіндей едірейіп,

Қасыңа мына біреу қайдан келген?

Апырай суық еді сұрқы неден?!

Адамға қарайды ғой сыртыменен.

Жол көрсеткіш сақшының таяғындай,

Қимылыңды бағып тұр мұртыменен.– деп майданнан оралмаған жанның жесірін аңдыған пенде келбетін қайнысының жеккөру сезімімен білдіреді.”Бұғалыққа тұрмайтын асау” жеңгенің жүзі ымырттай тұнжырауының себебі де кешегі қарғыс атқан қанды соғыс.Аяулы жарынан айрылған жеңгенің жайы осылай суреттелген.

«Shahaman» зияткерлік мектебінің ұстазы – Гүлсін Тұрарқызы

---

Source: [https://yvision.kz/post/1960-zhyly-birneshe-avtordyn-bir-takyrypta-shygarma-zhazuy-1011810](https://yvision.kz/post/1960-zhyly-birneshe-avtordyn-bir-takyrypta-shygarma-zhazuy-1011810)