Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
03:40, 02 октября 2011

"ЖҰМЫРТҚА ПІС, АУЗЫМА ТҮС!"

Қызық болды. Бүгін өзімше кешкі асымды даладан ішпек болып, көшеге шыққам. Көше бойы қаз-қатар тізілген кафелерді жағалап келемін, әдеттегідей бәрі аузы-мұрнынан толып отыр. Біреуіне кіре салайын десем, батылым бармайды. Құдды бір менің шетелдік екенім түрімде жазылып тұрғандай-ақ даладан қорқып, кіре қалсам бәрі маған тесіле қарайтындай көрінеді. Сонсоң, жалғыз өзім қалай отырмақпын қаптаған корейдің арасында? Қой, одан да дүкеннен бірдеңе сатып алып, үйден пісіріп жейін деген ойға бекідім.

Мұнда бір жаманы, біздегідей пирожки, беляши секілді нан өнімдерін өлсең де таппайсың. Ал макарон, картоп пісіре салайын десең, оған қосатын ет, пияз секілді қосымшалары тағы жоқ. Не істесем екен? Осы кезде ойыма жақсы бір идеяның сарт ете қалғаны. Ең оңай әрі ең жылдам пісетін тамақ жұмыртқа емес пе? Дәл сол сәттегі мен үшін «ғаламдық» проблема саналған нәрсенің шешімі оңай табыла кеткеніне мұндай қуанбаспын! Оның үстіне, жұмыртқа пісіруден әжептәуір «опытым» бар, сондықтан қысылатын түк те жоқ деп жұбатып қойдым өзімді.

«Family mart» дүкеніне кіре салғам, бағалары удай екен. Жұмыртқаны оңай таптым, кассир апай 7000 вон тұратынын айтты. (Бұл бізше 800-900 теңгенің айналасы). Мен қалтамнан ақшамды шығарам дегенше, апайым самбырлап корейше сөйлеп кетті. Түсінсем бұйырмасын. Мынау бір жұмыртқа 7000 тұрады деп тұрғаннан сау ма? Біреуін қолыма алдым да: «7000?»-дедім ағылшыншалап. Ол тоқтамастан тағы бірдеңелер сөйлей бастады. Қойшы, тезірек кетіп құтылайын дедім де, ақшасын қолына ұстатып шыға жөнелдім.

Енді жаңа проблема шықты. Жұмыртқаны алуын алдым, енді оны қуырып жейін десем, үйде сұйық май жоқ. Суға қайнатып жейін десем, отқа төзімді шұңғыл ыдыс тағы жоқ. Аһ, айтпақшы, қысқатолқынды пеш бар емес пе? Әрине, майға қуырғандай болмас, бірақ… аш қарынға бәрі тамақ. Сонымен, бұл проблема да сәтімен шешімін тауып кетті деп мәзбін іштей.

Ас үйге кіріп, салдырлатып-гүлдірлетіп жүріп бір жайпақ ыдыс таптым-ау әйтеуір. Жалма-жан жұмыртқаны дорбадан шығарып, жарып кеп қалсам… Мәссаған, безгелдек! Мынаусы несі тағы? Ішінен қоп-қоңыр бірдеңе шыға келгені. Алдап сатқаннан сау ма? Иіскеп көріп ем, анау айтқандай иіс жоқ. Сыртын түгел аршып, ортасын бұзып көрсем, мынауым піскен жұмыртқа болып шықты. Дәмін татып көрдім, кәдімгі «нәрмәлни» жұмыртқа. Ал саған керек болса! Мен даладан уайымдап, сары сорпаға түсіп жүрсем, бәрі дайын тұр екен ғой. «Жұмыртқа піс, аузыма түс!» деп алып, маған тек жеу ғана қалып тұр.

Қарныма бірдеңе барған соң жадымдағы «митаспаны» қайта айналдырып көрдім. Сөйтсем, кассадағы апайым: «Саған шикі жұмыртқа керек пе, піскен жұмыртқа керек пе?» деп сұраған болып шықты. Бәсе, дүкенші апайым бекер шырылдамаған екен-ау!..

Blog post image

Рауан СӘБИТҰЛЫ

0
495
0