Айналайын Қазағымның жағдайы не болып бара жатыр?!

Руслан Жангазы August 12, 2011
753
0
0
0

Қадірменді оқырман қауым, 1990 жылды көзіңізге елестетіп көріңіз. Қазақтың сайын даласында, Сарыарқаның төрінде, Қарағанды облысында өнеркәсібі жағынан озық әрі шағын ғана қалашық Теміртау... Осы...

Қадірменді оқырман қауым, 1990 жылды көзіңізге елестетіп көріңіз.

Қазақтың сайын даласында, Сарыарқаның төрінде, Қарағанды облысында өнеркәсібі жағынан озық әрі шағын ғана қалашық Теміртау...

Осы жылы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы егемендік декларациясын жария етті. Бұл саяси қадам - қазақтардың ұлттық сана-сезімінің едәуір өскендігін Орталыққа паш ету үшін керек болды.

Осы жылы мен Теміртау қаласында тұңғыш ашылған қазақ сыныбына бардым. Қазақ мектебі ол кезде Теміртауда атымен жоқ болатын. Тек кішігірім, оншақты оқушыдан тұратын, қазақ сыныбы ашылды, оның өзі бірінші сынып болатын...

Теміртаудағы тұңғыш қазақ сыныбы оқушыларының дені - бірінші классты №26 орыс мектебінде бітіріп үлгергендер. Олардың арасында мен де бармын. Сондықтан бірінші сыныпта қайта оқуға тура келді.

Есімде - аталмыш орыс мектебінде қазақ тілінен маған тәлім берген мұғалімім шырылдап жүріп, өкіметтен қазақ сыныбын ашуға рұқсат алды.

Оның өзін сыныпты ашуға жеткілікті бала санын тауып кел деген талап қойған болу керек, болашақ ұстазымыз жартылай астыртын жағдайда, әрбір ата-ананың алдына барып, балаңызды қазақ сыныбына беріңіз деп жалбарынып жүрген жағдайы болатын.

Ол кезде Теміртауда бірен-саран қазақты көрсем, кәдімгідей қуанып қалатынмын. Көбісі - орыстар және басқа да славян тектес халық болатын.

Қазақ болғаным үшін "калбит" секілді намысыма тиетін сөздер естіп қалған кездерім де болды.

Кейін ұлтжанды азаматтарымыздың, соның ішінде, біздің мұғалімдеріміздің өкіметке тегеурінді талап қою арқылы қол жеткен тұңғыш №15 қазақ мектебі Теміртауда есігін айқара ашты.

Сол кезде бұл - ұлтымыздың шағын ғана жеңісі болатын, апаларымыздың ерлігі, батырлығы. Желтоқсанның суық ызғары әлі сейілмегенін есіңізге салған абзал.

Ал қазір ше? Жағдай өзгерді ме?

Қазақстан Тәуелсіздігінің жиырма жылдық мерейтойын салтанатты түрде тойлау қарсаңында тұр. Теміртауда бір топ орыс мектебінің ата-аналары ойбай анау орыс мектептерін жөнсіз-жозықсыз қысқартып отыр деген жалған желеумен улап-шулап, жергілікті қазақтың берекесін кетіріп отыр.

Ал сонда қалай? Қара көздерімізге мектеп ашуға тыйым саламыз ба?!

Шүкіршілік, қазір Теміртаудың ұлттық жағдайы түзеліп, қазақтың саны әжептеуір артты.

Қазақтың жас жеткіншектері көбейіп, орыс халқы миграциялық себептерге байланысты және табиғи қартаюы салдарынан керісінше қысқарып жатса, неге біз мектептерді халықтың сұранысы негізінде ықшамдамаймыз?

Қарағанды облысын Серік Нығметұлы, елжанды азаматымыз басқарып отыр. Осы түйіткілді мәселенің шешілуі - әкімге үлкен сын. Үлкен сыннан абыроймен шықсын деп тілейміз.

Туған жерім - Теміртау... Осы өңірдегі қазақтардың жағдайын түзегім келеді-ау.

Амал не?! Шыдаймыз...

 


Оцените пост

0