Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
1
08:54, 10 августа 2011

ҚАЗАҚ АҚЫН-ЖЫРАУЛАРЫ МЕН ФИЛОСОФТАРЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-САЯСИ КӨЗҚАРАСТАРЫ: АБАЙ

Абай (1845-1904) -

ақын, қазіргі қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы

 

АБАЙ

БҮГІН ҰЛЫ АБАЙДЫҢ ТУҒАН КҮНІ

Қазақтың ұлы ақыны, философ, жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абайдың әлеуметтік-саяси, антропоцентристік, гуманистік көзқарастарының орны ерекше. Оның әрбір поэмалары, қара сөздері, өлеңдері мен аудармаларының негізгі мәнін тереңінен түсіне алсақ, өткен заманды, елдің жайын, халық тағдыры мен арманын ұғынамыз. Сол арқылы қазіргі кезеңді, кешегі мен бүгінді, болашағымызды айқындай аламыз.

Ұлы Абай өзінің бірінші қара сөзінде: «қалған өмірімді қайтып өткіземін», - дей келе, «ел», «мал», «ғылым», «дін», «бала» бағамын ба?», - деп сауал тастайды. Ақыры: «...ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын...» - дейді. Енді ақын қара сөздеріндегі үгіт-насихаттық сипаты мол ой-толғамдарына тоқталайық.

Үшінші қара сөзінде: «...Үш жылға болыс сайланады. Әуелгі жылы «Сені біз сайламадық па?» деп елдің бұлданғандығымен күні өтеді. Екінші жылы кандидатпенен аңдысып күні өтеді. Үшінші жылы сайлауға жақындап қалып, тағы болыс болып қалуға болар ма екен деп күні өтеді...» - дейді. Бұл ақын дәуірінде демократиялық құндылықтардың қалыптасқандығын көрсетумен қатар, ол сол заманның өзінде бүгінгі күндегідей сайлау науқаны барысындағы кандидаттардың жағымды имидж қалыптастырудағы қимылдарын еске түсіреді. Болыстыққа түсерде қазіргідей өзіндік технологиялар жүргізу кезеңінде сол заманның өзінде-ақ білімді болуының негізгі алғышарт екендігін көрсетеді.

Сегізінші қара сөзінде: «Осы ақылды кім үйренеді, насихатты кім тыңдайды? Біреу – болыс, біреу – би. Олардың ақыл үйренейін, насихат тыңдайын деген ойы болса, ол орынға сайланып та жүрмес еді...» - дейді. Ақын бұл пікірі арқылы екеуінің өз заманында өздерін үздік кісі, біреуге үлгі беріп, ақыл айтуға сайланғанбыз деп шектейтіндігін, байлар үшін адалдық, адамдық, ақыл, ғылым, білімнің малдан қымбат еместігін қынжыла баяндайды. Қоғамдық дамудың негізгі құндылықтарын олардың бұлай бағалауы кедейлердің ой-пікіріне ықпал етіп, білім, ғылым, ақылды керек етпейтіндігіне көңілі толмайды. Десек те, бүгінгі күнде халықтың санасында мұндай көзқарастардың қалып қойғандығы жасырын емес.

Абайдың ақылды кісі мен ақылсыз кісінің парқын айқындауы (он бесінші қара сөз), қайрат, ақыл, жүрек үшеуінің өнерлерін айтысып, таласып ғылымға жүгінуі (он жетінші қара сөз) секілді ойлары ақылдылық пен ғылымның жоғарылығын дәлелдейді. Ғылымның қоршаған әлемді объективті бағыттарын жүйелендіретін адамзаттың ерекше дүниетанымдық қызметі екендігін көрсетеді. Бұл қызметтің негізі болып мәліметтерді жинау, оларды жүйелендіру, жаңа ілімді сараптау мен синтездеуде жатыр. Ғылым бақыланатын табиғи немесе қоғамдық құбылыстарды суреттеп қана қоймай, болжамдар жасауға септігін тигізеді. Сондықтан Абай шығармашылығынан болжам жасау үлгісін байқаймыз.

1
1641
2