ҒЫЛЫМИ САРАПТАМА: МЕМЛЕКЕТТІК ИМИДЖДІ ЗЕРТТЕУДЕГІ ӨҢІР ИМИДЖІ МӘСЕЛЕСІ

МҰРАТ НАСИМОВ 2011 M07 26
1827
0
2
0

мемлекеттік имиджді зерттеудЕГІ өңір имиджі МӘСЕЛЕСІ Мемлекеттік құрылыстың қазақстандық моделін қарастыруда имидж және бренд ұғымдарының мәні ерекше. Бренд бүгінгі күнде біздің санамыздағы таңба...

мемлекеттік имиджді зерттеудЕГІ өңір имиджі МӘСЕЛЕСІ

сырдария

Мемлекеттік құрылыстың қазақстандық моделін қарастыруда имидж және бренд ұғымдарының мәні ерекше. Бренд бүгінгі күнде біздің санамыздағы таңба ғана емес, сол таңбаның астарында тұрғанның барлығы жатыр. Бренд бұл сауда белгісі, тұтынушыға берілетін уәде және сол уәдені орындаумен қатар, бұл адам санасында өзіндік пікір қалыптастыру идеясы. Тәжірибеде бренд және сауда белгісі секілді екі ұқсас ұғымды шатастырушылар кездеседі. Біздің ойымызша сауда белгісі – бұл заңды, ресми түрде тіркелген компания туралы ұғым болып табылса, бренд адам санасында жатталатын және сақталатын бейне. Сондықтан бренд ұғымының мағынасы өте кең. Өйткені бұл түсініктің мәнінде тауар және оның сипаттамасымен қатар, бренд жасаушының қоғам алдындағы мәні мен оны қабылдауға арналған іс-қимылдар жатыр.

Грек-Рим, Қытай өнер туындыларын шығарушылар өз тауарында белгілік таңбаларын көрсетті. Б.э.д. 1300 жылдары ежелгі Үндістанда да бренд түсінігіне мән берілгендігі туралы мәліметтер де бар. Бұл ежелгі заманнан бері адамдар қарым-қатынас жасауды, таңбалар арқылы белгілі бір сезімді немесе ақпаратты беруді қажет еткенін көрсетеді. Бұл таңбалар бір идеяны жақтаушыларды өздерінің бәсекелестерінен өзгеше етіп көрсетті, таңбалар адамның немесе топтың даралығын көрсетуге, өзінің мақтанышын немесе белгілі бір қасиеттерді иеленетіндігін көрсетуге мүмкіндік берді. Адамдар өз идеалдарын қорғай отырып, белгілі бір тудың астына жиналды.

Имидж өнер ретінде мақсатты түрде адамның өзін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы белгілі бір зат немесе адам жөніндегі керек мәліметті бейнелеп көрсету. Оған түрлі жарнамалық технологияларды қосуға болады. Имидж қолданбалы өнердің құрамдас бөлігі және бедел мен абыройын арттыру үшін де қажет. Имидждің әлеуметтік-саяси бағытта да адамның бағасын арттыруға ықпал етер маңызы зор.

Бүгінгі Қазақстан әр өңірдің өзара бәсекелестікке түсу кезеңіне жетті. Өңірге инвестициялар тарту, ақпараттық, экологиялық, экономикалық, әлеуметтік және мәдени жобаларды жеңіп алу секілді шараларды ұйымдастыру қазіргі заман талабы. Алдағы уақытта өңіраралық бәсекелестік күшейе түсетіні анық. Өңірдің аймақтық ресурстарымен қатар, оны дамуға тиімді пайдалана білу жеңіске жеткізетіні анық. Сондықтан осы күрделі өңіраралық шарттарда аймақтың дамуына қажетті ресурстарды таратудағы орнын анықтаудың рөлі жоғары. Нарықтық қатынастардағы бұл түсінік әр тауардың бәсекелестік бейнесін жоғарылатудағы оның ұтымды тұстарын айқындауда жатыр.

Өңір бейнесі – имидж, стереотип, миф секілді көптеген ұғымдарды біріктіретін кең түсінік. Өңір бейнесі адам санасында көрініс табатын аймақтың сипаттамалық белгілерінің жиынтығы. Сондықтан өңір имиджі – бұл мемлекеттік жүйенің сипаттамалық белгілеріне ие өзара объективті байланыстар шегіндегі аймақтың экономикалық, географиялық, ұлттық, демографиялық қарым-қатынастардың кешені. Ол әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, ұлттық-конфессиялық тенденциялардың процестерін айқындайды. Өңір бейнесі өзге аймақтармен байланыстар нәтижесіндегі халық санасында қабылдануының өзіндік көрсеткіші. Өңір имиджінің әкімшілік, бұқаралық ақпарат құралдары, қоғамның түрлі салаларындағы танымал қайраткерлердің қызметі, өңір құрамына енетін аймақ тұрғындары арқылы қалыптасатыны да анық. Ал өңір бренды – тұтынушылардың тұрақты сұранысына сай келетін, қоғамдық мойындау мен танымалдылыққа ие, аймақтың қайталанбас құндылықтар жиынтығы. Өңір бренды позитивті имиджді қалыптастырудың негізі болып табылғандықтан, ол аймақ экономикасы бәсекелестігінің маңызды факторы.

Өңір имиджі мына құрамдас бөліктерден құралады: біріншіден, өңір мәртебесі. Бұл елдің өзге аймақтарының құрылымы мен иерархиясындағы орны: даму деңгейі, мемлекеттің экономикалық, саяси, мәдени өміріндегі рөлі. Өңір мәртебесі ақпараттық, қаржылық, кадрлық ресурстармен қатар, өзге өңірлер мен елдер арасындағы сыртқы байланыстармен айқындалады; екіншіден, өңір келбеті. Бұл аймақтың сыртқы көрінісі арқылы анықталады (архитектура, табиғи ерекшеліктер, өңірдің орналасуы, көше тазалығы және т.б.). Сонымен бірге, өңірдің фольклоры, стереотиптері мен мифтері, аймақтың рәміз белгілері де имиджді айқындайды.

Өңір имиджіне экономикалық факторлармен қатар, жарнама мен PR-ға тікелей қатысы бар гуманитарлық факторлар ықпал етеді. Бұл өңірдің ресми нышандары (елтаңба, ту және әнұран); архитектура–мемориалды нышандар; ұрандар; өңір марапаттары; көрме қызметі; өңірлік сипаттағы фестивальдар, конкурстар мен мерекелер; өңір туралы интернет сайттары, жарнамалық және қоғамдық-саяси журналдар, анықтамалық және т.б.; өңірде дүниеге келген танымал жұлдыздар туралы және аймақта қызмет атқарып жүрген азаматтар туралы ақпарат беру.

Жалпы өңір бейнесінің қабылдануын түсіну үшін, ең алдымен билік пен азаматтар арасындағы қарым-қатынастарды айқындау қажет. Биліктегі азаматтардың тұлғалық имиджінің бағалануы олардың халықпен жақындығымен өзара байланысты. Бұқаралық сананың биліктің тиімді қызметін бағалауы – имидждің сипаттамалық белгісінің бір бөлігі болып табылады. Билік бейнесі мен сыбайлас жемқорлық мәселесі де мемлекеттің ғана емес, өңір имиджінің құрамдас бір бөлігі. Сыбайлас жемқорлық - барлық адами және қоғам құндылықтарының даму процесіне кедергі жасайтын дерт екендігі белгілі. Бүгінгі күні қоғамымызда кездесетін теріс жағдаймен тек құқық қорғау орындары ғана емес, ел болып күресу қажеттілігі туындады. Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соның арқасында, сыбайлас жемқорлық қылмыстары, оның ішінде парақорлық кеміп отыр. Мұның бәрі полицияның барынша ашық болуына бағытталған шаралардың қабылдауы, азаматтық институттармен өзара іс-қимыл жасауы қол жеткізген жетістік деп есептейміз.

Елімізде «Сыр – Алаштың анасы», «Сыр елі – жыр елі», «Ырысты, күрішті – Қызылорда», «Сырда тұнық Сырдария» секілді түсініктер Сыр өңірінің ерекшеліктерін танытатыны анық. Сол себепті Сыр елінің негізгі брендтері деп нені атай аламыз және аймақ имиджін танытушылар деген сұрақтың туындайтындығы да сөзсіз. Біздің пікірімізше, Қызылорда дегенде қазақстандықтар үшін ең басты есіне түсетіні – күріш. Оның сапалық белгісін тек Қазақстан Республикасында ғана емес, жақын және алыс шет ел мемлекеттерінде мойындалған. Бұрындары бүкіл Кеңестер мемлекетін таң қалдырған Сырдың қара, сары қауындары мен балығы. Қыпшақ, Әбілқайыр хандығы, Ақ орданың астанасы болған Сығанақ қаласы. Ғылыми-техникалық прогрестің белгісі - алғашқы жер серігінің ұшуы, адамзат тарихында тұңғыш рет адамның ғарышқа аттануы, ғарыш саяхатшысының тұңғыш сапары өткен Байқоңыр ғарыш айлағын атап кете аламыз. Күллі түркі халықтарының ортақ қасиетті зиярат орындарының бірі саналатын Қорқыт ата ескерткішінің де орны ерекше. Сыр елінің әлемге танымал жыраулық өнерін де айта аламыз. Сонымен қатар, тарихи ескерткіш саналатын Айтбай мешіті, Орыс түземдіктер мектебі, темір жол вокзалы ғимараттары.

Имиджді тұлғалар да танытады. Сол себепті біздің ойымызша төменде аталатын танымал азаматтардың ерен еңбегі арқасында Сыр елі жұртшылыққа белгілі. Әлем таныған тұлға, Алаш қайраткері, түркі халықтарының бірлігінің жалынды жаршысы. Алашорда үкіметінің мүшесі, публицист-жазушы Мұстафа Шоқай. Жер өңдеу мәдениетін насихаттаушы, егін өсіруден дүниежүзілік рекорд жасаған күрішші Ыбырай Жақаев. Қазақ ғылымында өзіндік орны бар мемлекет қайраткері, геология-минералогия ғылымдарының докторы Шаһмардан Есенов, көрнекті қоғам және саяси қайраткер, заң ғылымдарының докторы Сұлтан Сартаев, әлем математиктері мойындаған академик Асқар Жұмаділдаев. Қазақ өнерінде шоқтығы биік ақын, композитор, қазақ қоғамындағы теңсіздік мәселелерін жырлаған Нартай Бекежанов, әншілер Роза Бағланова мен Мәдина Ералиева, сатира тарланы Құдайберген Сұлтанбаев.

Бұл республикалық маңызы бар имиджімізді қалыптастыратын брендтер екендігінде күмән жоқ. Алдағы уақытта Сыр елінің имиджін қалыптастыру үшін аталмыш брендтерді алға жылжытумен қатар, өзге де өзіндік белгілерімізді дамыту баршамыздың міндетіміз. Позитивті территориялық имидж тек экономикалық жағымен қоса, стратегиялық көзқарас бойынша да маңызды. Сондықтан өңір билігі өздері басқаратын аймақтың имиджі мен мәртебесін қалыптастыру технологияларын дайындап, игерулері қажет.

Оцените пост

2