Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
1
07:55, 20 июля 2011

ҒЫЛЫМИ САРАПТАМА: САЯСИ КОНСАЛТИНГ ЖӘНЕ МАСС-МЕДИА

TV

 

САЯСИ КОНСАЛТИНГ ЖӘНЕ МАСС-МЕДИА: МЕДИАМӘДЕНИЕТКЕ ТЕЛЕДИДАРДЫҢ ЫҚПАЛ ЕТУІ

Бүгінде саяси және мәдени ортада media, жаңа media, media шеберлік, media мәдениет ұғымдарына ерекше мән беріліп жүр. Қазақстан Республикасындағы медиамәдениет тақырыбының өзектілігі келесі себептерге байланысты деп ойлаймыз: біріншіден, алдыңғы қатарлы технологиялардың мәдениет феноменіне қызығушылығы және оған мәдениеттанушылардың беріп жатқан бағасы; екіншіден, ақпараттық-коммуникативтік қатынастар моделінің ықпалымен отандық ғылыми қауымдастықтағы дәстүрлі мәдени менталитеттің өзгерісі. Сондықтан бүгінгі күндегі саяси кеңес беру мен масс-медиа арасындағы байланыстар түрғындардың медиамәдениетіне ықпал етеді.

«Масс-медиа (ағыл. massmedia; лат. mass - бұқаралық + media (medium) - құрал, бітістірушілік) – бұқаралық ақпарат құралдары (коммуникациялар): баспасөз, кино, теледидар, аудио- және бейнекассеталар, плакатттар және т.б.». (Қараңыз: Словарь иностранных слов. - Комлев Н.Г., 2006; Большой словарь иностранных слов. – Издательство: ИДДК, 2007) Демек, бұл ұғым қазақ тіліндегі бұқаралық ақпарат құралдары түсінігімен синонимдес. БАҚ - үлкен аудиторияны қамтитын және тұрақты түрде қызмет ететін ақпарат таратудың құралы. Бұқаралық ақпарат құралдарына енеді: Басылымдар: газеттер, журналдар; Электронды БАҚ: теледидар, радио және Интернет. Бұл байланыс құралдарының бүгінгі қоғамдағы орны ерекше екендігі баршамызға мәлім.

«Медиамәдениет (ағыл. media culture) – медиа саласындағы материалды және интеллектуалды құндылықтар жиынтығы; ол адамның тұлға ретіндегі даму деңгейінің жүйесі; медиамәтінді қабылдау, сараптау, бағалау мүмкіндігі» (Қараңыз: Федоров А.В. Словарь терминов по медиаобразованию, медиапедагогике, медиаграмотности, медиакомпетентности. - Таганрог: Изд-во Таганрог. гос. пед. ин-та, 2010. - 64 c.). Ғылымда бұл түсінікке жақын ақпараттық мәдениет (information culture), бейнемәдениет (video culture), аудиовизуалды мәдениет (audiovisual culture) ұғымдары кеңінен пайдаланылады.

Теледидар - (грек. τήλε - алыс, қашық және лат. video – көремін; жаңа латын televisio – алысты көру) – қозғалыстағы бейне мен дауыстың ара қашықтықта көрсету мен қабылдау байланысының жүйесі болып табылады.

Жалпы медиамәдениеттің сапалық деңгейі теледидардың маңызды қоғамдық қызметін сәтті орындауымен айқындалады. Оның өлшемі төмендегідей: әлемде, елде болып жатқан ақпараттарды тарату – ақпараттық қызмет; қоғамды, мемлекет пен қоғамдық жүйені біріктіру – коммуникативтік-интеграциялық қызмет; билік алдында қоғам мүдделерін жариялау – vox populi («халық үні») қызметі; мемлекет, басқарушы тап, билік өкілдерінің бұқара халық мінез-құлқын басқару (манипуляциялауға дейін) – саяси қызмет; жастарға білім беру, ересектерге саяси тәрбие беру – халықты әлеуметтендіру қызметі; қазіргі заман тарихын көрсету – тарихнамалық қызмет; ойын-сауықтық қызмет [1].

Бүгінгі күндегі бұқаралық ақпарат құралдарының әлеуметтік трансформациялаудағы рөлі өте жоғары. Міне, осы БАҚ бұқараның санасында қазіргі заман адамының өмірі мен қызметінің салтын қалыптастырады. Азаматтардың мінез-құлқы мен дүниетанымын реттейді, саяси ұстанымдарын ықпал етеді. Барлық ақапараттарды беруде адам санасына әсер етудің жасырын қызметін пайдаланады. Бұқара халық манипулятивтік технологиялар ықпалымен өз мүдделеріне қарсы шығу қаупі де туындауы әбден мүмкін.

Біздің пікірімізше, бүгінгі заманның бұқаралық ақпарат құралдары қоғамды қорғауға қарағанда, түрлі технологияларды пайдалану арқылы манипуляциялаумен айналысады. Мәселен, еліміздегі тәуелсіз телеарналар мемлекетіміздің жетістіктерін насихаттағанға қарағанда, кез келген тақырып бойынша экономикалық, адамгершілік, мәртебелік, саяси нұқсан жасауға тырысады. Мұның барлығын күнделікті телеарналарда берілетін жаңалықтар топтамасынан көруге болады. Ал мемлекеттік телеарналар билік органдарының есебін беруге бағытталған бір қалыпты, қарапайым жаңалықтар сюжетін беруге үйір. Бұл арналардан еліміздің шалғай аймақтарындағы нақты мәселелерді, ақиқат жаңалықтарды, қарапайым халықтың рухани өмірі, талпынысы мен дүниетанымымен таныса алмайсыз. Ал, мемлекетіміз бен Орталық Азия елдерінің өмірін көрсететін «К+» телеарнасының «Қазақстан жаңалықтары», «Өз сөзім», «Власть KZ», «Сетевое окружение» секілді телебағдарламалары боямасыз ақпарат беріп, сараптауды өз көрермендеріне қалдырады. Бұл салыстырмалы сараптау барысында бүгінгі телехабарларды дайындаудағы технологиялық даму болса да, хабарлардан адамзат құндылықтарының құлдилауы байқалады.

Жалпы теледидар қазіргі медиамәдениеттің нақты сапалық көрсеткіші болып саналады. Телеарналар мен телекөрермендер арасындағы үнқатысудың болмауы мынадай жағдайларға апаратыны сөзсіз: біріншіден, телеарнаның дамуына кедергі келтіретін жабық ұйымға айналдырады; екіншіден, телеарна қызметкерлерінің пассивті қимылдарына итермелейді.

Қоғам мүшелерін саяси тәрбиелеудегі кеңес беру медиамәдениетін жоғарылатуда жарнамадан еркін, жеке топтардың қаржылай және саяси мүдделеріне бағынбайтын нағыз тәуелсіз қоғамдық теледидардың болғаны абзал. Біздің еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары тәжірибесінде мұндай мысалдар келтіре алмаймыз. Мемлекеттік арналардың мемлекеттік қаржыландыруға, ал жеке арналардың жарнама қаржыларына сүйенетіні анық.

Жапониядағы Эн Эйч Кэй корпорациясы өз қызметі мен ықпалы жөнінен ел медиакомпаниялары мен коммерциялық жүйесі бойынша жоғары бағаға ие. Егер корпорацияның радиостанциясында ойын-сауық бағдарламалары басым болса, телеарнада ағарту ісіне көп мән береді. Әлемнің көптеген елдерінде білім беру, ғылым, мәдениетке мән беретін телеарналары көптеп кездеседі. Ресейде ағартушылық саласы бойынша өз қызметін жүргізіп жатқан телеарналарды кабельді теледидар арқылы куә болсақ, елімізде қазақ тілінде бұл олқылықты толтыру мүмкін болмай тұр. Десекте, Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрі А.Қ. Жұмағалиевтің блог-тұғырнамасында: «2011 жылы таңдаулы отандық деректі және көркемдік фильмдерді, танымал қазақстандық әншілердің концерттерін, басқа да қазақстандық теледидар қорының інжу-маржанын көрсетуге арналған «Мәдениет» телеарнасы, 2012 жылы «Білім арнасы» телеарналарын ашу жоспарланып отыр. Ал, үстіміздегі жылдың қыркүйек айынан бастап «Қазақстан» Ұлттық арнасы толық қазақ тіліне көшетін болады» [2], - делінген. Бұл жағымды жаңалықтың орындалғанын күтеміз. Қазіргі уақытта тек бүлдіршіндердің көңілін қуантып отырған қазақ тіліндегі «Балапан» телеарнасының болғанына шүкіршілік етудеміз. Бірақ, оның өзі ауыл-аймақта көрсетілмей, ірі қалалардағы кабельді теледидар шеңберінен шыға алмай отыр. «Бесік жырын несіп жырына ұластырып, жақсы нәрсенің бәрін үлгілі ырымға жорып, оны өмір бойы жаңғыртып, ұрпақтан ұрпаққа өнеге ету жағынан қазақ жұртының өзіндік қадір-қасиеті бар. Әсіресе, бұлқынып өсіп келе жатқан бүлдіршіндерді тәрбиелеуде ұлттық үлгінің жөні бөлек. Баланың жаны таза, көңілі пәк, ниеті кінәратсыз. Ол көзін ашып көрген жақсылықты өмір бойы есінде сақтайды. Жүрегіне жол тапқанды, әсте ұмытпайды. Қызығушылығы да бөлек, үңіліп қарайтыны да аз емес. Қазір тіпті көбейіп кетті. Телеарнадағы қилы-қилы дүниелердің бала тәрбиесіне оң әсер ететіні де, теріс жолға тартатыны да аз емес. Бұл мәселе ел болғалы бері аз айтылып келе жатқан жоқ еді. Жақында оның да түйіні шешілді. «Үлкеннің мыңына бергенше, баланың біріне бер», – деп атам қазақ тәмсіл еткендей, таза қазақ тілінде, балаларға арналған «Балапан» телеарнасы осы жылдың 27 қыркүйегінде үлкен жолға шықты» [3]. Десек те, ұлттық құндылықтарымызды бүлдіршіндер арасында насихаттау үшін телеарнаның барлық жиілікте көрсету мүмкіндігін қарастырған жөн.

2005 жылы Ресейде отбасы, рухани және патриотизм құндылықтарын үндейтін «Домашний» және «Звезда» телеарналары өз көрсетілімдерін бастаған болатын. «Звезда» телеарнасы алғашқы күнінен бастап Ресейдегі өмір туралы объективті ақпарат, рухани-патриоттық мәселелер төңірегіндегі бағдарламалар, фильмдер бере бастады. Ерекше жарнамалық саясат ұстанған телеарна ресейлік өндірушілердің жетістіктерін насихаттауды қолға ала бастаған. Ал, «Домашний» телеарнасы отбасылық құндылықтарға үгіттейтін, отбасының барлық мүшелері түгелдей көре алатын, зорлық-зомбылық атымен жоқ фильмдер мен хабарлар ұсынады. Бүгінгі Қазақстанға да аталмыш құндылықтарды насихаттайтын телеарналардың болуы артықтық етпесі анық.

Әдебиет:

1. Третьяков В.Т. Как стать знаменитым журналистом / Предисл. С.А. Маркова. – М.: Ладомир, 2004. – С. 93.

2. http://www.blogs.e.gov.kz/blogs/Zhumagaliev_a/questions/84277?lang=kk

3. «Балапан» қырқынан шықты // Егемен Қазақстан. – 2010. – 5 қараша.

1
3871
0