Шығыстың қыраны

TIЛ ЖУРНАЛЫ 2011 M06 23
4937
0
2
0

ТІЛ ЖУРНАЛЫ • # 1 | 2011 - Жумабай Шаяхметов

Уақыт деп аталатын зымырап жатқан жүрдек құбылыстың ешкімді де аямайтынынын, кім болсаң да артыңда шынайы жанашырлықпен есіміңді жаңғыртатын жоқтаушың болмаған кезде жылдар өте келе ғаламдағы көп жұлдыздың бірі тәрізді алыстан жылтырап қана тұру қаупі ұлтқа қызмет еткендердің де басында бар. Кеңестік Қазақстанның алғашқы қазақтан шыққан басшысы Жұмабай Шаяхметов болғанын тарихтан еміс-еміс білетінбіз. Өкінішке қарай, Кеңес үкіметінің құлдырай бастаған кезінде ес жинап өскен ұрпақ — менің замандастарыма Кеңес дәуірі кезінде қазақтан шығып, басшы қызметтер атқарған тұлғалардың есімдері жақсы таныс емес. Біз халқына адал қызмет етіп, өмірден озған қазақтың қайраткер ұлдары: Ж. Тәшенев, Н. Оңдасынов туралы журналымыздың өткен сандарында баяндап кеткен едік. Сол кезде оқырмандарымыздың арасынан: "бірінші кезекте Жұмабай Шаяхметовтен бастауларыңыз керек еді" деген орынды сындарды естігенімізді жасырмаймыз. Оның басты себептерінің бірі ретінде Жұмабай Шаяхметов туралы зерттеп жүргендердің қатары аз екендігімен ақталу дұрыс емес шығар. Бірақ та сол кезеңнің біз білмейтін ащы шындығын анықтап, әр түрлі пікірлерді таразылап берер жан таба алмағанымыз өтірік емес. Бірақ кім қалай ойласа да кезінде халқына қызмет етіп, кейін бір себептерге байланысты есімі көзкөргендерінің ғана есінде қала бастаған қайраткер тұлға туралы ұмытар болсақ, өз тарихымызға қиянат жасаумен бірдей болар еді.

ТІЛ ЖУРНАЛЫ • # 1 | 2011

Қазақстан тәуелсіздігі жарияланғаннан бергі 20 жылға жуық уақыт ішінде еліміздің өткен ақтаңдақ беттерін қалпына келтіру, ұмыт қалған тарихи тұлғалардың есімін халқына қайтарып, лайықты баға беру бағытында едәуір жұмыстар атқарылды. Бұл Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың қоғам тұтастығын, халық бірлігін нығайтуға бағытталған саясатына, бүгінгі ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға септігін тигізер шара. Осындай тарихи тұлғалардың бірі, есімі кеңес дәуірінде айтылмай, айтыла қалса тек сыни тұрғыда ғана аталып келген Ж. Шаяхметов болатын.

Жұмабай Шаяхметов Қазақстан тарихында өз орыны бар, республика экономикасы мен мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосқан мемлекет қайраткері. Оның ұзақ жылдар Қазақстанның жоғарғы басқару жүйесінде қызмет етіп, сегіз жыл республиканың бірінші басшысы қызметін атқарғаны мәлім. Жұмекеңнің өмір жолы мен басшылық қызмет атқарған жылдары И. Сталиннің Кеңес Одағы мемлекетін басқарған кезеңімен тұстас келді. Сондықтан да оның тоталитарлық жүйе кезеңінде өсіп қалыптасқан, сол жүйе аясында қызмет еткен аса көрнекті қайраткер екені даусыз. Кезінде И. Сталин Шаяхметовке: «Шығыстың қыраны» деп жоғары баға берген.

Кеңес Одағы мемлекетінде әртүрлі бетбұрыс кезеңдердегі өзгерістерге байланысты бұрынғы басшы мемлекет қайраткерлеріне деген көзқарастың да әртүрлі болғандығына, үнемі құбылып отырғандығына назар аударған жөн. Сондықтан 1950 - 1960 жж. әуелі И. Сталин кезіндегі одақтық және республикалық деңгейдегі басшыларға, сонан кейін Н. Хрущев кезіндегі басшы қызметкерлерге деген ресми партия және мемлекет органдарының көзқарасы осыған дәлел. Себебі И. Сталин дүниеден өткен 1953 жылғы наурыздан кейінгі мезгілде СОКП пен КСРО-ның ең жоғарғы басқару аппаратындағы талас-тартыс алдымен Лаврентий Берияны билік жүйесінен тайдырып, мүлдем жойып жіберуге алып келген еді Соңынан Н. Хрущев өзіне тірек болған Г. Маленков, В. Молотов, Л. Каганович сияқты жақтастарын да биліктен аластатты. Осының алдында СОКП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н. Хрущев позициясын нығайтып алған соң, одақтас республикалар басшыларын өзгертіп, орталықтан жіберілген жаңа адамдармен алмастырды.

Жамбыл Жабаев пен Жұмабай Шаяхметов республикалық ақындар айтысында, 1943 жыл - ТІЛ ЖУРНАЛЫ • # 1 | 2011

1954 ж. ақпанда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметінен босатылып, Оңтүстік Қазақстан облысына бірінші хатшы болып жіберілген Ж. Шаяхметов көп ұзамай дансаулығына байланысты зейнеткерлікке шығады. Оның есімі Н. Хрущев кезінде айтылмай, еңбегі елеусіз қалды. Н. Хрущев орнынан тайдырылғаннан соң да Ж. Шаяхметовтың есімі республика тарихында бірыңғай сыни сипатта, оның өзінде де тың және__ тыңайған жерлерді игеру қарсаңында Қазақстан экономикасының, оның ішінде әсіресе, ауыл шаруашылығының артта қалуына байланысты ғана аталып келді Бұл кеңестік идеологияның тұжырымы еді. Шын мәнінде республика халық шаруашылығының өркендеуіндегі қиындықтарға тек Ж. Шаяхметов қана кінәлі емес екендігі, ол қиындықтардың сол кездегі кеңестік жүйенің дамуындағы, бастауы 1920 - 1930 жж. күштеп ұжымдастыру кезінде ауыл шаруашылығында қалыптасқан тәртіпке, ең бастысы Ұлы Отан соғысы кезіндегі орасан шығындарға, сол кездегі халықаралық жағдайға да байланысты орын алғандығы ескерілмеді.

1980 жж. соңында демократиялық үрдістер күшейіп, КСРО мемлекетінің іргесі шайқала бастағанда қалыптасқан елдегі қоғамдық-саяси ахуал кеңестік жүйе тұсындағы бұрын айтуға, зерттеуге тыйым салынған оқиғаларға, саяси науқандар мен кемшіліктерге назар аударып, баспасөз бетінде бірінен-бірі асып түсетін өткір материалдардың жарық көруіне жол ашты. Бұл заңды құбылыс еді. Тәуелсіздік қарсаңындағы бұл процес қоғамдық пікірдің қалыптасуына, егемендік идеологиясының күшеюіне жол салғаны белгілі. Ал осындай қаурыт кезеңде кеңестік жүйенің басқару аппаратында қызмет еткен көптеген белгілі қайраткерлерге байланысты қатаң сын айтылғаны да заңды. Себебі әлі жабық жатқан бұрынғы құпия құжаттарға қолы жетпеген авторлардың публицистикалық сарынмен артық-кем пікір айтуын түсінуге болады. Сонан бері де көп уақыт өтті. Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің нығайып, өркендеуі барысында қолға алынған шаралардың бірі XX ғ. өткен тарихымыздың «ақтаңдақтарын» жойып, халқымыздың шынайы тарихын қалпына келтіру жұмыстары еді. Әрине, бұл ұшан- теңіз салада барлық бұрынғы айтылмай келген оқиғалардың, адамдарға байланысты бұлыңғыр жәйттердің қыр-сыры толық ашылды деп айта алмаймыз. Бұл жұмыс жалғаса бермек. Дегенмен қазіргі белгілі деректер негізінде және сол оқиғалардың тікелей куәсі болған адамдардың пікірін ескере отырып, байыпты талдау жасауға мүмкіндік бар екендігін мойындау керек. 1980 - жж. соңы — 1990 - жж. бас кезіндегі албырт эмоцияның қыжылы басылып, сабасына түскен соң, тарихшы, жалпы қоғамтанушы ғалымдар 1920 - 1950 жж. оқиғаларына объективті талдау жасай бастағаны мәлім. Олардың назарынан Ж. Шаяхметов те тыс қалған жоқ.

2002 ж. күзде Жұмабай Шаяхметовтың туғанына 100 жыл толуына орай Алматы қаласында сол кездегі Мәдениет және ақпарат министрлігі, Республикалық ардагерлер кеңесі, Алматы қаласы әкімдігі, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты үлкен ғылыми конференция өткізген еді. Сол алқалы жиында Ж. Шаяхметовті көзі көрген, соның қолдауымен үлкен лауазымды қызметтерге дейін көтерілген елімізге белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің айтқан естеліктері оның қандай тұлға болғанын бір сәт елестеткендей еді.

Ж. Шаяхметов кім еді?

Егер оның ресми өмірбаянына үңілер болсақ, балалық және жастық шағы 1917 ж. революция мен азамат соғысы жылдарының, кеңес өкіметі мен большевиктер партиясының қарапайым халыққа, бұрынғы Ресей империясындағы аз ұлттарға теңдік әпереміз деген ұрандары аясында өткені мәлім. Ол 1902 ж. 30 тамызда Омбы уезіне қарасты Черлак ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. Көршілес және аралас қоныстанған орыс тұрғындарының арасында өскен, 6 кластық орыс-қазақ училищесінде білім алған Жұмабай жаңа мемлекеттің білімді жас кадрларға зәру кезінде қызметке араласты. Ол сол жүйеге, сол ұрандарға кәміл сенді, өзі сол саясатты іске асыруға бар күш- қайратын жұмсады. Жалшылықтан ауыл мұғалімі, болыстық атқару комитетінің хатшысы болып__ қызмет жолын бастаған ол 1930 ж. дейін жергілікті басқару органдарында тәжірибе жинақтап, өзінің жұмысты тыңғылықты орындаушылығымен, ұйымдастыру қабілетімен көзге түсті. Бұл сол кездегі сауаты бар, оған қоса табиғи таланты бар көптеген қазақ жастарының өмір жолына тән ортақ ұқсастық еді.

1923 - 1925 жж. Шалқар қаласында уездік милиция қызметкері болған ол әртүрлі мекемелерде қызмет етіп, Ақтөбеде губерниялық атқару комитетінің әкімшілік бөліміне меңгеруші болып тағайындалды. 1926 - 1928 жж. Петропавлда сол кездегі шаруалардың жаппай қоғамдық ұйымы «Қосшы» одағында нұсқаушы болған Жұмабай кезінде милиция қызметкері, губерниялық әкімшілік бөлімінің меңгерушісі болғандығы ескеріліп, Ішкі істер халық комиссариатына қызметке жіберіліп, оның бұл саладағы негізгі қызметі Солтүстік-Қазақстан облысында өтті. Оның бұл кездегі қызметі туралы бүгінде әртүрлі пікір бар екендігі мәлім. Алайда сол кездегі Ішкі істер халық комиссариатының құрамында милиция, яғни ішкі тәртіпті қорғау органы мен қауіпсіздік қызметінің жүйесі қатарлас бір шаңырақтың астында бірге болғанын айту керек. Бірақ бұл екі мекеменің қызметі де әртүрлі болатын.

1931 - 1933 жылдары ол Мәскеу қаласында сондағы М. Ломоносов атындағы университеттің Н. Нариманов атындағы шығыс тілдері институтында оқиды. Алайда, оқуын аяқтатпай республика басшылығы оны Қазақстанға қайта шақыртып, бұрынғы қызметіне жібереді. Ж. Шаяхметовтың ішкі істер органдарында қызмет атқарған кезі еліміздің басына түскен азапты зұлмат жылдармен тұстас келген еді. Ашаршылық нәубеті, 1937 - 1938 жж. жаппай саяси-қуғын сүргін зобалаңы тұсындағы науқандар сол кездегі Ішкі істер халық комиссариатының жүйесінде қызмет еткен адамдардың қай- қайсысын болса да айналып өтпегені даусыз. Жүйе оларды осы науқандардың қатал орындаушысы етті.

Ж. Шаяхметов Ішкі істер халық комиссариатының Солтүстік Қазақстан облыстық басқармасында бөлім бастығы қызметін атқарды. Архив құжаттары баяндауынша ол да сол өңірдегі саяси сенімсіз атанған, халық жаулары деп айыпталған адамдардың ісін жүргізуге қатынасады.

1937 ж. желтоқсанда ВЧК-ОГПУ-НКВД органдарының құрылғанына 20 жыл толуы кеңінен атап өтілді. Москвадағы КСРО үкіметі мен ВКП (б) басшылары қатынасқан салтанатты мәжілісте үкімет пен партия басшылығы атынан баяндама жасаған А. Микоян «біздің қоғамдағы әрбір адам ішкі істер халқоматының мүшесі («наркомвнуделец»)» деп бұл мерекенің саяси мәнін көтермелегені мәлім. Шын мәнінде оның осы сөзі сол кездегі қоғамдағы саяси ахуалдың сипатын білдіретін еді. Ж. Шаяхметов сол мерейтойы кезінде осы органда атқарған қызметі үшін бір топ қазақстандық чекистер қатарында орденімен марапатталды. Бірақ бұл Ж. Шаяхметовтың 1937 - 1938 жж. жаппай саяси қуғын-сүргінге тікелей кінәлі, ол өз қолымен адамдарды жазалауды ұйымдастырған деген сөз емес. Ол оның қылмысқа қарсы күрес, жалпы тәртіп сақтау органдарындағы қызметінің жемісі деп қарау керек.

Алайда НКВД-ның жергілікті жерлердегі қатардағы қызметкерлері сияқты сол науқандарды іске асыруда Ж. Шаяхметовтың де моральдық жауапкершілігі бар екенін мойындау қажет. Ол 1936 ж. НКВД Солтүстік Қазақстан облыстық басқармасы бастығының орынбасары, ал 1938 ж. маусым айында Алматы облыстық басқармасына орынбасар болып тағайындалады. Бір айдан соң, 1938 ж. шілде айында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне үшінші хатшы болып сайланды. 1939 ж. 26 шілдеде екінші хатшы болып сайланды.

Қазақстандағы басшы қызметкерлерді, интеллигенция өкілдерін жаппай репрессиялау науқаны 30 - жылдары. Москваның тікелей нұсқауымен жүргізілді. Бұл жерде тағы бір назар аударатын нәрсе НКВД органдарының осыны ұйымдастырып, тікелей іске асырған жауапты қызметкерлерінің бірқатары 1939 - 1940 жж., қалғандары 1957 - 1959 жж. жазаға ұшыраған болатын. Мысалы 1930 жылдары. ОГПУ-дің республикадағы өкілі болған В. Даниловский, орынбасары П. Альшанский, 1937 - 1938 жж. Қазақстан ішкі істер халкомдары болған Л. Залин, Ф. Реденс, орынбасары П. Володзько және басқалары 1939 - 1940 жж. өздері атылып кетсе, 1937 ж. қатардағы тергеушіден 1958 ж. республика Қауіпсіздік қомитеті төрағасының орынбасары қызметіне дейін өскен А. Катков саяси қуғын-сүргін жылдарындағы қылмысы үшін партиядан шығарылып, жауапқа тартылды. 1950 жж. соңында мұндай күн 1937 - 1938 жж. оқиғаларға кінәлі басқа да НКВД қызметкерлерінің басына түскенін айту қажет. Москвада атақты «КонтрреволюциялықАлашор -  да ісін», Т. Рысқұлов және басқаларының ісін жүргізген НКВД шығыс бөлімінің бастығы Н. Нейман, Қазақстандағы жазалау оқиғаларына тікелей қатысы бар Саенко, Павлов, Каруцкий, Берман және басқаларының да 1939 - 1940, 1958 - 1959 жж. жауапқа тартылғанын бүгінде көпшілік біле бермейді. Сол сияқты С. Сейфуллин және басқаларының істерін жүргізген В. және Вл. Ивановтар (фамилиялас) да қатаң жауапқа тартылған еді. Егер Ж. Шаяхметовтың жеке басында 1930 жж. қасіретіне байланысты жауапкершілік болса, Н. Хрущев оны да аямаған болар еді. Бұл даусыз ақиқат.

Ұлы Отан соғысы басталған кезде Ж. Шаяхметов республика партия ұйымының екінші хатшысы, 1946 жылдан 1954 ж. ақпанға дейін бірінші хатшысы қызметтерін атқарды. Бұл оның қоғам және мемлекет қайраткері ретінде жемісті қызмет атқарған, республика экономикасы мен мәдениетін дамытуға сіңірген еңбегінің көзге түскен кезеңі еді. Ж. Шаяхметовтың ұйымдастырушылық қызметі әсіресе, Ұлы Отан соғысы жылдарында ерекше байқалды.

Халық шаруашылығын майдан талаптарына сай қайта құру, республикадағы әскери-мобилизациялық жұмыстардың ойдағыдай ұйым-дастырылуы, майдан төңірегіндегі аудандардан тылға көшірілген кәсіпорындарды, бейбіт халықты орналастыру, соғыс кезіндегі білім мен мәдениет мәселелері, халықтың отанды қорғау бағытындағы патриоттық қозғалысын ұйымдастыру сияқты аса маңызды мәселелерге Ж. Шаяхметов өзінің қызмет саласы бойынша басшылық еткені мәлім. Соғыс жылдары Қазақстан территориясыңда құрылған 50 - ден астам әскери құрамалардың құрылуына, олардың ішінде үш ұлттық атты әскер дивизиясы мен екі ұлттық атқыштар бригадасының жасақталуына республика партия ұйымы қамқорлық жасағаны, олармен майданға барғаннан кейін де тұрақты байланыс жасалып тұрғаны құжаттардан белгілі. Осының бәріне Ж. Шаяхметов тікелей басшылық етті.

Соғыс жылдары, әсіресе оның алғашқы біржарым жылы ішінде, Қазақстаннан майданға жарамды деген барлық ер азаматтардың түгелге жуық алынғаны белгілі. Соғыс кезінде әскери сапқа тұрған, еңбек армиясы қатарына әскери комиссариаттар арқылы алынғандардың жалпы саны 1 млн. 310 мың адам болса, соның тікелей әскерге жіберілгені 800 мың. Ал осы 800 мың адамның 600 мыңнан астамы Қазақ КСР әскери комиссариатының қүжаттары бойынша 1941 - 1942 жж. майданға кетті. Олардың көпшілігі 1941 ж. Москва, Ленинград, Тула және басқа жерлердегі, 1942 ж. Харьков, сол жылғы жаз бен күзде Сталинград шайқастарында опат болды. Олардың ішінде қазақ ұлтының өкілдері де көп болатын. Осының салдарынан 1943 жылы жоспар бойынша әскерге шақырылатын адамдар қатары сарқылуға жақын болатын. Ал 1931 - 1933 жж. ашаршылықтан азайып қалған қазақ ұлты үшін бұл демографиялық апаттың тағы бір қатері еді. Бұл мәселе Жұмабай Шаяхметовті селқос қалдырмаса керек. Кезекті іс сапарымен Кремльде И. Сталиннің қабылдауында болған кезде бұл мәселе күн тәртібіне қойылып, осының нәтижесінде 1944 ж. әскерге шақырылған қазақ жастарының бір легі майданнан босатылып, Теміртаудағы қара металлургия заводының құрылысына, басқа да өнеркәсіп орындарына жұмысқа жіберілді.

Ж. Шаяхметовтың соғыс жылдары елдің ғылымы мен мәдениетінің жағдайына ерекше назар аударғаны белгілі. КСРО Ғылым Академиясының Қазақстандық филиалы 1946 жылы 1 маусымда Қазақ КСР Ғылым Академиясы болып құрылды. 1944 ж. Алматыда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты ашылды. Қызылордада қыздар педучилищесі ашылды. Сөйтіп алыстағы қазақ аудандарынан келген қазақ қыздарына мемлекет қамқорлығымен соғыстан қансыраған қиын-қыстау кезеңде білім алуға осылай қамқорлық жасалды. Ж. Шаяхметовтың араласуымен сол кездері Қарағанды тау-кен институты, Алматыда Қазақ физкультура институты, республикалық балалар мен жасөспірімдер театры ашылды. Бұл туралы соғыс кезінде эвакуациямен Алматыға көшіп келген Москва театрының (ТЮЗ) бас режиссері, КСРО халық артисі Наталья Сацтың естеліктерінде жақсы жазылған.

Соғыс кезінде ресми және жергілікті өкімет органдарының шешімімен мыңдаған адамдар еңбек армиясына жіберілгені белгілі. Оларға барған жерлерінде қамқорлық жасауға, тұрмыс жағдайын қадағалау ісіне алғашқы кезде жеткілікті назар аударылмады. Әсіресе үйреншікті ортадан ажыраған, орыс тілін білмейтін ұлт өкілдерінің Оралдың (Нижний Тагил, Свердловск, Магнитогорск т. б.), Горькийдің, Кузбастың өнеркәсіп орындарындағы тұрмысы қиын болғаны мәлім. Ж. Шаяхметов осы мәселе бойынша арнайы шешім қабылдатып, республика мекемелері өз азаматтарын қамқорлыққа алғаны, олар үшін қазақ тіліндегі газеттер, кітаптар жіберіліп, мәдени қызмет ұйымдастырылғаны құжаттардан белгілі.

Соғыстан кейінгі жылдары республиканың бірінші басшысы ретінде Ж. Шаяхметов халық шаруашылығының қалпына келуіне, бейбіт жағдайда өнеркәсіп пен транспорттың, ауыл шаруашылығының дамуына ерекше назар аударды. Эвакуациямен келген, 1943 ж. қайта бұрынғы жеріне көшкен завод, фабрикалардың негізінде республикада машина жасау өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп қалыптасты. Мойынты-Шу темір жолының, басқа да жол тораптарының іске қосылуы, кәсіпорындардың жұмысын жақсарту күн тәртібіндегі аса маңызды мәселе болатын. 1946 ж. жойқын қуаңшылықтың салдарынан ауыл шаруашылығы күйзеліске ұшырап, елдегі азық-түлік мәселесінің шиеленісуі де жағдайды қиындатып жіберген еді. Соғыс жылдары майданға аянбай көмек берген ауыл халқының жағдайы ерекше назар аударуды қажет етті. Оларға материалдық жағдай жасаумен қатар моральдық қолдау да қажет еді. Осының бір көрінісі 1947 - 1949 жж. ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің лек- легімен КСРО ордендерімен және медальдарымен марапатталуын айтуға болады. Жүздеген ауыл шаруашылығының озаттары, олардың ішінде қарапайым малшылар мен диқаншылар бар, Социалист Еңбек Ері атанып, Алтын Жұлдызға ие болды.

Кеңестік жүйе мен коммунистік идеологияның қай кезде болмасын ғылым, білім, мәдениет саласын өзінің қырағы бақылауында ұстағаны құпия емес. Соғыстан кейінгі жылдары Қазақстанда__ да осындай науқан қайта көтерілгені белгілі. Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық қозғалысы, жалпы қазақ халқының рухани мұрасы төңірегіндегі дау «космополитизм мен ұлтшылдыққа» қарсы кезекті саяси қуғын-сүргінге ұласты. Бірақ 1937 - 1938 жылдардағыдай жаппай сипат алмай, Е. Бекмаханов, Б. Сүлейменов сияқты атақты ғалымдардың, жекелеген адамдардың ұзақ мерзімге сотталуына, X.Жұмалиев, А.Жұбанов, Ә. Марғұландардың қызметтен кетуіне мәжбүр етті. Бұған Қаныш Сәтпаев пен Мұхтар Әуезовтің сол кездегі тағдыры куә. Е. Бекмахановтың «ХХ ғасырдың 20 - 40 жылдарындағы Қазақстан» кітабына байланысты «Правда» газетінде 1950 ж. 26 желтоқсанда шыққан атышулы мақала жарияланбас бұрын газеттің редакциялық алқасында төрт рет талқыланғаны, бөлім меңгерушісінің орынбасары В. Озеровтің Алматыға арнайы екі рет келгені БК (б) П Орталық Комитетінің құжаттарынан белгілі. Сол кездегі БК (б) П Орталық Комитетінің хатшысы М. Сусловқа жолдамасында газет редакторы Л. Ильичев Ж.Шаяхметов пен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы I. Омаровтың бұл мақаланың басылуына үзілді-кесілді қарсы екендіктерін, Ж. Шая- хметов Кенесарыны қазақ халқының ұлт- азаттық қозғалысының жетекшісі деп танитынын мәлімдегенін айтады. Тек осындай қысымнан кейін ғана Ж. Шаяхметов мақала жарияланған күнде де, оның барынша жұмсартылуын өтінеді.

Ж. Шаяхметов сол кезде НКВД ұсынысымен К. Сәтпаевтың үстінен қылмыстық іс қозғауға рұхсат ету мәселесі қаралған бюро мәжілісінде оны қорғап қалғанын, мұндай жағдайда тек қызметтен босатумен шектелудің өзі жететінін дәлелдеп, ұлы ғалымның тағдырына араша түскенін құжаттар айқын дәлелдейді. «БК (б) П Орталық Комитетінің ерекше папкасында» аса құпия түрде сақталған бұл құжаттан «құпия» белгісін алып тастау жөніндегі комиссия құрамында осы жолдар авторы да болған.

Бірақ қалай болса да Ж. Шаяхметовке бұл оңай түскен жоқ. Сол кездегі Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, бүгінде көрнекті экономист- ғалым, профессор Т. Әбдірәзақовтың орыс тілінде шыққан мақаласында бұл жағы дәл айтылған: «По мнению многих людей, хорошо знавших его, Шаяхметов был принципиальным, честным человеком, масштабным государственным деятелем. Оставаясь на позициях интернационализма, он стремился отстаивать национальные интересы родного народа. Сила лидера союзной республики тогда заключалась в умении приспосабливаться к политике Москвы, не ущемляя местные интересы. Шаяхметов был слишком честен, чтобы постоянно лавировать и приспосабливаться. В этом проявилась его слабость.

Он сыграл большую роль в воспитании и формиравании элитных кадров Казахстана. Но не смог защитить научных работников, обвиненных в национализме и привлеченных к судебной ответственности в начале 50 - х годов».

Жұмабай Шаяхметов жұбайы Майнұр Ғалиқызымен - ТІЛ ЖУРНАЛЫ • # 1 | 2011 Ж. Шаяхметов қызмет еткен жылдары республикада ұлттық басшы қызметкерлердің үлкен тобы өсіп шыққаны мәлім. Д. Қонаев, Ж. Тәшенов, Ф. Кәрібжанов, М. Бутин, С. Жанбаев, Е. Тайбеков, Т. Тәжібаев, X. Арыстанбеков, С. Дәуленов сияқты сан-алуан көрнекті мемлекет қайраткерлерінің, шаруашылық басшыларының қызметі осының айғағы. Бұлардың ізін ала А. Асқаров, Б. Әшімов, Ж. Балапанов, С. Кенжебаев, Т. Әбдіразақов, Ә. Шәріпов, С. Тәнекеев және басқа да жүздеген талантты да білікті басшылар өз тарапында Қазақстанның ілгері даму ісін онан әрі жалғастырды.

Н. Хрущевтің кезінде 1954 ж. басында Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеру мәселесіне байланысты Ж. Шаяхметовтың қарсылығы оның бұл науқанның кейінгі нәтижелері мен зардаптарының қандай боларын болжай білгендігінің көрінісі деп топшылауға болады. Себебі Қазақстанның мал шаруашылығын өркендетуге байланысты қабылданған шаралардың іске асырылмай жатып, көпшілік егістік және жайылым жерлердің жыртылып, елдің сырттан қоныстанушылар мекеніне айналуының нәтижелерін кейінгі уақыт айқын көрсетті.

Ж. Шаяхметовтың сол кездегі КСРО республикалары ішінде одақ көлеміндегі аса беделді басшылардың бірі болғаны белгілі. 1952 ж. СОКП XIX съезінің президиумында И. Сталинның Ж. Шаяхметовты өзінің қасына шақырып, мәжіліс кезінде, екеуі жеке отырып, Қазақстанның экономикасы мен мәдениеті туралы ұзақ әңмелесуі де көп нәрсені аңғартса керек. Бұл сурет 1952 ж. күзде республикалық журналдардың мұқабасына шыққаны мәлім. Ал оның қызметтен алынуы туралы Н. Хрущев өз естеліктерінде былай депті:

«Я уже был наслышан о необъятных просторах Казахстана и о его очень небольших площадях, находившихся в сельскохозяйственном обороте. Я начал с расспросов секретаря Центрального комитета Казахстана товарища Шаяхметова. В ЦК он пришел из органов внутренних дел, из милиционеров. Сам казах, он безусловно, хорошо знал свой родной край. Я допытывался: какое количество земель находится в распашке и какие площади для нее пригодны, но не распахиваются, какие урожаи получают, каковы возможности тех земель, которые могут быть распаханы? Из беседы с ним я понял, что со мной он говорил неискренне. Он занижал возможности и доказывал, что земель пригод- ных к распашке очень мало или совсем__ нет, что все уже распахано и нет больших перспектив, что какие - то площади распахать можно, но это не столько, сколько нужно. Земель - то много, но они не пригодны для распашки. Они пригодны только для выпасов, поэтому мы развиваем овцеводство.

Потом я поговорил с секретарями обкомов партии Казахстана. Они тоже қазахи, но лучше знали свои возможности. К сожалению, не помню их фамилий, интересные люди, более знающие, чем товарищ Шаяхметов. Они говорили более искренне и с большим знанием дела докладывали о возможности освоения целинных земель.

Эти площади мы изыскали с помощью секретарей обкомов, а секретарь ЦК Шаяхметов продолжал отстаивать меньшую цифру. Я потом анализировал его позицию. Безусловно, он знал о возможностях Казахстана. Почему же секретари обкомов заняли другую позицию и показали большие возможности освоения целинных земель, чем Шаяхметов? Тогда у меня сложилось впечатление, что здесь имелись и политические мотивы. Обмениваясь мнением в своем кругу, мы сделали вывод, что Шаяхметов был несколько заражен националистической бациллой. Он понимал, что если увеличить площади под зерно, то обрабатывать эту землю казахи сами не смогут. Казахского населения в то время насчитывалось около полутора миллионов. В Казахстане жило много людей других национальностей, главным образом украинцы и русские. Он правильно понимал, да никто этого и не скрывал, что придется призвать на помощь добровольцев, желающих поехать на освоение целинных земель. Мы были уверены, что их найдется нужное количества Он этого не хотел, так как понимал, что тогда снизится удельный вес коренного населения в Казахстане. Он неправильно понимал национальный вопрос и не хотел этого. Секретари обкомов смотрели на этот вопрос с более правильных позиций как коммунисты и не отделяли интересы казахского народа от интересов всего советского народа. Поэтому они искренне открывали все возможности и показывали цифры значительно превосходившие названные Шаяхметовым.

Когда мы начали осваивать целинные земли, то пришлось товарища Шаяхметова заменить».

Ж. Шаяхметовтың қызметтен алынып, онан кейінгі кезде елеусіз қалуының себептері де осыдан. 1957 ж. Ж. Шаяхметов Москвада ауруханада емделіп жатқанда, өзі де Н. Хрущевтың қаһарына ілігіп, Польшаға елші болып кеткен, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бұрынғы бірінші хатшысы Пантелеймон Пономаренко оны ауруханаға іздеп келіп, өзінің 1954 ж. Пленумда Ж. Шаяхметовты орынсыз сынағаны, ғылым мен мәдениет қайраткерлерін қорғамады деп айыптағаны үшін кешірім сұрауы да көп нәрсені аңғартады. Пономаренко өзін республика КГБ-сының бастығы мен ККП ОҚ-ның бөлім меңгерушісі Новиковтың шатастырғанын мәлімдейді.

Қалай болғанда да, Жұмабай Шаяхметов өз заманының тұлғасы. Оның тағдырына 1930 - шы жылдардағы зобалаң, 1941 - 1945 жж. жойқын соғыс, онан кейінгі ел еңсесін енді ғана көтеріп келе жатқан кездегі күрделі де қиын кезеңде қызмет етіп, республиканың бірінші басшылығында болу үлесі тиді. Ж. Шаяхметов туралы өзінің мақаласында академик М. Қ. Қозыбаев айтқандай: «Жоқ біз тарихтағы тұлғаларға өте мұқият қарағанымыз абзал. Көзі тірісінде мақтамай, көзі тайған соң даттамай, тарихи тұлғаларды бір түсті бояумен мәнерлемей, азаматтығын айтып, кемшілігін көрсетіп, болашаққа тағлым боларлықтай саяси портретін жасауымыз керек». Сондықтан оның қызмет еткен жылдарында Қазақстанның қол жеткізген табыстары да, қиын-қыстау күндері де барша халқымыздың тарихынан өз орынын алады. Жұмабай Шаяхметов те сол күрделі заманның қайсар қайраткері ретінде халық жадында мәңгі сақталады.

 

ТІЛ ЖУРНАЛЫ • # 1 | 2011

Оцените пост

2