Сафарлидің жан қаласы

Алия 2009 M08 25
1994
4
0
0

Өлім мен сатқындық жоқ әлемнің бөлігі туралы жырлашы...Жырлашы, біз осы жырдың сөзін бұрында жазғанбыз... М. Полянеттің «Босфор» өлеңінен үзінді Сыншылар Эльчин Сафарлиді «Памуктың жас аналогы» деп...

Өлім мен сатқындық жоқ әлемнің бөлігі туралы жырлашы...

Жырлашы, біз осы жырдың сөзін бұрында жазғанбыз...

М. Полянеттің «Босфор» өлеңінен үзінді

 

Сыншылар Эльчин Сафарлиді «Памуктың жас аналогы» деп атайды, бірақ меніңше, бұл негізсіз. Мүмкін, екеуі де Түркия туралы жазып, Стамбулды суреттегендіктен де шығар, алайда, Памуктың Стамбулы бір бөлек, Сафарлидікі бір бөлек. Сафарлидің жан қаласы бақыт іздеуге, армандардың орындалуына арналған мекен, бірақ осыған әр адам жете бермейді. Стамбулға бақыт іздеп келгендер көп, тапқандар аз. Автордың айтуынша, бұл лоторея секілді.

«Босфордың тәтті тұзы» атты кітабы авторлық редакцияда 2007 жылы басылып шықты. Негізгі сюжеті жоқ шығармада адамдардың тағдырлары, сезімдері мен олардың Түркияға деген көзқарастары суреттеледі. Кітаптың бас кейіпкері астрологияға сеніп қана қоймай, әр кейіпкердің мінезін жұлдызымен салыстыруды ұмытпайды. Ер адамның осы қызығушылығы мені таң қалдырды, сонымен қатар, бұл суқұйғыш пен шаянның қаншалықты айырмашылығы барына мән бермейтін оқырмандарды шаршатып жібереді, әрі ислам дініне жат.

Автор түріктердің діліне де назар аударады, олардың қаншалықты Европаға жақын болғысы келетініне қарамастан, діндарлық пен ұлтшылдық оларға жат емес екенін айтып өтеді. Мұсылман отбасыларындағы демократияның шынайы еместігі жайында тағы айтады. Бас кейіпкер достарының арасында намаз оқитындар да, христиандар да, Аллаға сеніп, дінге сенбейтіндер де жеткілікті, мамандықтары да әр түрлі: мұғалім, суретші, журналист, биші, жезөкше, тағысын тағы.

Түріктердің өмірін суреттей келе, Сафарли оларға мынадай бір анықтама береді: «Түріктер нашар театрдың тамаша әртістері. Олардың сыртқы мәдениеті керемет. Ішкісі - ноль». Әрине, өте субъективті пікір, әрі жүз пайыз шындыққа жанасады деп айтуға болмайды, бірақ осыған бір жақты қарамау керек.

Жан қаласына арналған әр бетте шығыстың иісі аңқып тұрған қызық метафоралар көп. Әр ұсақ-түйекке қайта-қайта көңіл аударып, махаббатқа теңеу іздейтін автор сезімдерді бірінші орынға қояды. Жалпы, кітапта сентиментализм басым. Теңеулер туралы нақты айтатын болсам, шығармада табиғат пен адамның үндесуі ерекше суреттеледі.

«...Түнгі Стамбулдың патшайымы - ай. Ол әр жерде әр түрлі. Мәскеуде сәл ызалы, Тбилисиде кішкентай, ақшыл, жымиған секілді, Бакуде алыстан таң қалдыратын, Тайландта тым мазасыз. Стамбулда тынышталған...»

Шығармада мистикаға да орын бар, мүмкін, автор осылайша кітапты ертегіге ұқсатуға тырысады. Сонымен қатар, аспаздық тақырыбына бөлек тоқталып, кітапта шығыс тағамдарын дайындау әдістерін түр-түрімен сипаттайды.

Қорытындылайтын болсам, қантты аямай салып қойған Сафарлидің «тағамы» тым тәтті болып шықса да, дәм татып көруге тұрарлық.

И.К. Айвазовский. Босфордағы айлы түн.  1894 ж.

 

Оцените пост

-9

Комментарии

0
Шынымен де, әр кейіпкердің жұлдызын да қоса айтқаны таң қалдырады. Қателеспесем, бас редактор Шинай ханымның (жұлдызы скорпион) сөзімен мен де келісем. Алла жүрегіңде болу керек. Шынымды айтсам, намаз оқитын адамдармен кезіккенде қымсынамын. Хиджаб кимейтін қыздарға деген көзқарасына қарсымын. Олардың ойынша қалған әйелдердің барлығы имансыз, жеңілтек, жезөкше, т.с.с. Басымнан аяғыма дейін ала көздерімен қараған кезде кірерге тесік таппай қалам. Кітаптағы Умит Аксу ақынның сөздері ұнады, тіпті қойын дәптеріме де жазып алыппын. „Біздің махаббатымыз ешбір дақсыз, ешбір күмәнсіз болу керек еді...кешір, мен сондаймын„. Неге екенін білмеймін, ұнайды. Шығарма шым-шытырыққа толы. Үзіп-үзіп оқитындықтан, кей жерлерін қайталап оқитынмын. Сабаққа алып кетіп, үзілістерде оқитынмын. Тәтті тағамдар жайлы айтылатын жерлерінде тоқтата салатынмын бірақ. :)
-5
Иә, кітаптағы ислам, ділге байланысты айтылғандардың бәрі біздің елімізге де жат емес. Батыстың жетістіктеріне ұмтылып, ұлттық құндылықтарды ұмытпау деген сияқты.

Ал хиджабсыз жүрген қыздарға ала көзбен қарау деген әрине дұрыс емес, адамның имандылығы онымен өлшенбейді.
0
Кітап қанша беттен тұрады? Қазір кітаптардың бетін сұрайтын болыппын.
0
285 беттен тұрады :)
Показать комментарии