Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
02:24, 31 мая 2011

Райымбек

   Райымбек Түкеұлы (1705-1785) - жоңғар басқыншыларына қарсы шайқастарда атамекенін жаудан азат еткен батыр әрі әулие, қолбасшы. Батыр қазіргі Алматы облысында туған. Ұлы жүз Албан ішіндегі Алжан руының Сырымбет тармағынан. Атасы Хангелді батыр 18-ші ғасырдың 1-ші жартысында жоңғарларға қарсы күресте аты шығып, 1733 жылы Төле, Қодар билер, Сатай, Бөлек батырлармен бірге Ұлы жүз қазақтары атынан орыс патшайымы Анна Иоановнаға елші жіберген. Райымбек 17 жасында жоңғар басқыншыларына қарсы күресте ерлік көрсетіп, батыр атанған. Қалмақтың Бадам, Қорын, Ағанас, Секер, т.б. хан, ноян батырларын жекпе-жекте жеңіп, Қаратау өңірі мен Жетісуды жаудан азат етуге басшылық жасағандардың бірі болған. Торайғыр және Сөгеті таулары аралығындағы «Ойрантөбе» деген жерде өткен шайқаста ерекше көзге түскен. Бадам өзені туралы естігендер көп. Бірақ, соның Райымбек батырдан жеңілген қалмақ нояны Бадам-бахадүрдің есімімен байланыстырылатынын көп адам біле бермейді. Райымбек батыр 1729 жылы Аңырақайдағы шайқаста Наурызбай, Өтеген, Қабанбай, Бөгенбай сынды қазақ ерлерімен үзеңгі түйістіре отырып, Сары Мыңжаның әскерін талқандаған. Ал, Итембес өзенінің бойында Шона Доба жасағы жер жастанған. 1758 жылы Райымбек батыр Наурызбай, Бөлек, Өтеген, Малай батырлармен тізе қоса отырып, Жоңғар империясының соңғы күшін қазіргі Сүмбе шекарасынан асыра қуып, Жетісу жерінен ығыстырып, Текестің Құйғаны мен Іленің басталар тұсынан әрі қарай Жұлдыз ойпатына дейін ығыстырып тастаған ерлігі жұртқа аян. 1733 жылы Бөлек батырмен бірге жоңғарға елші болып барған. Райымбектің ерекше еңбегін оның есімі албан тайпасының ұранына айналғанын да білуге болады. Көзі тірісінде «көріпкел», «әулие» атанған. Ол Алматы алқабында Шілік, Жалаңаш өңірінде тоған қаздырып, су шығартып, егін ектірген. Алматы облысында Райымбек есімімен аталатын жер-су аттары көп кездеседі. Торайғыр тауындағы Айырлы асуының маңында «Райымбек бастауы» бар. Алматы облысының Нарынқол, Кеген аудандары бірігіп, қазірде Райымбек атымен аталады, онда батырға ескерткіш орнатылған. Батырдың бейіті Алматы қаласындағы оның есімімен аталатын үлкен даңғылдың бойында. Ел ауызындағы аңыз әңгіме бойынша Райымбек батыр дүниеден озар алдында ұрпақтарына «денемді ақ түйеге артып басын бос жіберіңдер. Ол қай жерге барып шөксе сол жерге жерлеңдер» деген өсиет айтса керек. Сол ақ түйе шөккен жердегі батыр есімімен аталатын зираттың басына зәулім кесене тұрғызылып, ақ түйенің мүсіні орнатылған. Қасиетті орын саналатын осы кесене тұрғызылған жерге адамдар келіп тәу етіп тұрады. 1990 жылы «Райымбек» тарихи-этнографиялық қоғамы құрылды. 2005 жылы Қазақстанда батыр бабаның 300 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өтілді. ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда қазақ жерінде тосынан тап беріп, Ақтабан-шұбырынды, Алқакөл сұлама қасіретін төндірген жоңғар шапқыншыларына қарсы ақ білектің күшімен, ақ найзанының ұшымен тойтарыс берген Райымбек батырдың қаһармандық даңқы тәуелсіздік алғаннан кейін арта түсті.

0
1585
0