Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
13:39, 19 мая 2011

Барлық мадақ пен мақтау тек Аллаһқа ғана!

Әлемді жаратқан, Алла,

Әкемді жаратқан, Алла,

Адамды жаратқан, Алла,

Анамды жаратқан, Алла,

Саған мадақ болсын, мадақ!

Ей, Аллаһ!

Сен жатырға салған жалғыз дән,

Қара жер бетінде қоғадай қаулаған.

Аз ғана ғұмыры ақшаға сатылып,

асқазан алдаған,

Қосаяқ құлыңның қылығы

Әлгі… қара шыбындардан аумаған.

Көзімнен көгілдір жапырақ бүрлетіп,

Жыладым…

Жалаңаш көшелер жанымды кірлетіп,

Қара жер үстінде күп-күрең тіршілік,

Адамзат адасып барады

Барады тағы да

Екі аяқ үстіне жемтігін сүйретіп.

Бөксе мен бөтелке түбінде

Жыныққан дүбірге,

Шырмалып бұл пәни

Көшсе де көрпелік ілімге

Табиғат сөйлейді,

жап-жасыл, тұп-тұнық

Құдайдың тілінде.

Сол тілді түйсінер жүректі шаң басып,

Неге мен құлаттым еңсемді?

Тағдырым тамшының өлшемі,

Жоқ едім, бар етіп,

Құрсақта жүздіріп,

құрлықта тұрғызған, Раббым,

Сол үшін сүйемін мен сені.

Жоқ едім басында,

Алланың бұйрығы мөрленіп,

Маңдайдың тұсына.

Ғаламның көгінен жұлдыздай сорғалап,

Сөз болып ояндым қаламның ұшында.

Бес күнім берілген адамдық пішінде,

Алтыншы уақытты көремін түсімде,

Сол түсті іздедім шарқ ұрып жалғаннан,

Сөйтсем ол жүр екен арғы әлем ішінде.

Құсни ғаламның құс жетпес шегінде,

Қауышып қаралы өлімге,

Адами қауызың аспанға бүр атар,

Алтыншы уақыттың демінде.

Біз сөйтіп,

ертең бе, бүгін бе?

Табыттың бұлдырап түбінде,

Көгілдір әлемге көш түзеп,

Сөйлейміз мүбәрәк

Бір ғана Құдайдың тілінде.

Ықылас ОЖАЙҰЛЫ

Намыс.кз сайтынан алынған. Барлық мадақтар мен мақтауларға тек Аллах ғана лайықты.

0
3339
0