«Исматулла билiкке таласудан аулақ»

bauyrnur 2011 M05 11
1137
0
2
0

Қазақстан Республикасының президентi Н.Ә.Назарбаевқа Президент Нұрсұлтан Назарбаев: — Тиiстi органдарға тапсырма беремiн, зiкiршiлер дегеннiң не екенiн зерттеу керек. Өтiрiк айтып, Абай, Шәкәрiм...

«Исматулла билiкке таласудан аулақ»Қазақстан Республикасының президентi Н.Ә.Назарбаевқа

Президент Нұрсұлтан Назарбаев:
— Тиiстi органдарға тапсырма беремiн, зiкiршiлер дегеннiң не екенiн зерттеу керек. Өтiрiк айтып, Абай, Шәкәрiм деп... Жұмыстарының барлығы бiртүрлi. Бiздiң кейбiр кiсiлер бұлардың iсiнiң дұрыс екенiн қолдайды. Сондықтан бұл мәселенi түбегейлi зерттейiк. Не екенiн, қайдан екенiн бiлейiк алдымен.
Имамдармен кездесуiнде айтқаны. 19 сәуiр, 2005 жыл.

Бiздiң қо­ғам үшiн дiн­нiң саясатқа араласқаны қауiптi. Дiндар­лар­дың билiкке ұмтылғаны қа­терлi. “Дiн мемлекеттен дербес, дiн мемлекет iсiне араласпайды” деп тасқа қашап жазғанымызбен, дүбара дiндер­дiң мемлекет iсiне араласа бастағанына бiраз бол­ған. Ешқашан “бас жақ­қа барыспайтын” “Ха­бар” арнасының 20-21 сәуiр күндерi “Ақи­қат” деп аталатын деректi фильмдi көрсетуi соның дәлелi. Мәселе “Ақиқаттың” кiм туралы, не жайлы екенiнде емес, әлде­бiр топтың мемлекеттiк телеарнаны “жусатып-өргiзуге” қауқары жет­ке­нiнде. Өзара “соғыста” мемлекеттiк тетiк­тердi пайдалана бастағанында.
Ендi Исматулла Әбдi­ғаппар жөнiнде. Бұл адам­ға қатысты абың-күбiң әңгiме көп қоғамда. Бiр жақ оны “Иасауи, Абай, Шәкә­рiмнiң iлiмiн жал­ғас­­тырушы” дейдi. Ендi бiр тарап оны “лаңкес, сектант, алаяқ” етiп көрсет­кiсi келедi. Қай тараптың сөзi жөн екенiн тек қо­ғамдық талқыға салып қана анықтамақ керек.
Редакциямызға пре­зи­дентке жазылған хат келiп түстi. Хатқа елге белгiлi тұлғалар қол қойған. Жариялауды жөн көрдiк. Бiр тараптың сөзiн сөз деу үшiн емес — ақиқатқа тезiрек жету үшiн, кiмнiң кiм екенiн анықтау үшiн. Егер қарсы тарап дәлел­дi уәжiн ұсынса, оны да жария­лау­ға әзiрмiз. Тал­қыға салдық, таразыға өзiң тарт, құрметтi оқырман!

Құрметтi Нұрсұлтан Әбiшұлы!
Биылғы жылдың 20-21 сәуiрiнде, Сiздiң шетелдiк сапарыңыз кезiнде “Хабар” телеарнасы өзiнiң апталық бағдарламасынан кенеттен ауытқып, Қожа Ахмет Исауи негiзiн салған сопылық мектептiң iзбасары Исматулла Әбдiғаппар жөнiнде толықтай жалған ақпараттар мен бұрмаланған деректерге негiзделген фильм көрсеттi. Таққан айыбы – Исматулла ақсақал “зiкiрдi пайдалану” арқылы азаматтарды өзiне бағындырып, саяси мақсаттарға, бәлкiм, билiкке таласуға ұмтылыпты-мыс.
Шындығында, Исматулла ақсақал – Иасауи, Абай, Шәкәрiм, Бекет ата өсиеттерiне сәйкес, мемлекет басшысын Жаратушының жердегi көлеңкесi деп есептейтiн, елдiк ұғымын ту етiп ұстаушы бабалар дәстүрiнiң, яғни сопылықтың бiрегей өкiлi. “Басқа-басқа, қазақтың маңдайына бiткен патшасын сыйлау, Алла тағаладан оның амандығын тiлеу – қай қаракөздiң болмасын парызы және мiндетi” дегенiн өз құлағымызбен ол кiсiнiң аузынан талай естiдiк. Ал зiкiр ғибадаты болса, бабаларымыз ғасырлар бойы қолданып келген, ең алдымен, рухты адамдық болмысты көркейтетiн, барынша жетiлдiретiн, жүрек пен арды тазартатын қуатты құрал, оның саясатқа ешқандай қатысы жоқ!
Сондықтан да Сiздiң биылғы жылдың 11 наурызында Түркiстан қаласында зиялы қауым өкiлдерiмен кездесу сәтiнде “бiздiң халқымыздың рухани өзегi Қожа Ахмет Иасауи iлiмi болып табылады” деген сөзiңiз мерейiмiздi өсiрiп, көңiлiмiздi қуанышқа бөледi. Өз кезегiмiзде, Исматулла Әбдiғаппардың ұлт бiрлiгi, елдiк жөнiндегi Сiздiң көзқарасыңыз бен ұстанымдарыңызды жүзеге асыруға жан-тәнiмен еңбек сiңiрген, экстремизм мен терроризмге қарсы ымырасыздықпен күрескен ақсақал екендiгiн қай жерде, қай жиында болмасын мәлiмдеуге әзiрмiз.
“Хабар” сияқты алпа­уыт телеарналарды пайдалану арқылы, қалың көпшiлiк алдында Исматулла ақсақалдың беделiне нұқсан келтiру әрекетi жат дiни ағымдардың өкiлдерiне ғана пайдалы, өйткенi олардың өрттей қаумалап, тамырлап кетуiне күнi бүгiнге дейiн И.Әбдiғаппардың басты және нәтижелi кедергi болғаны көпшiлiкке мәлiм.
Қазiргi кезде осы фильмнiң шығу мәнi, саяси астары, оның тапсырушылары жөнiнде түрлi-түрлi әңгiмелер қаулап кеттi. Бiз өз тарапымыздан, тапсырыс берушiлер ретiнде аты аталып, түсi түстелген саясиланған дiни күштер, олардың басшы тұлғалары туралы бiрқатар БАҚ беттерiне жарияланған ақпараттар шындыққа сая ма деп қауiптенемiз. Қазақстан мұсылмандар дiни басқармасы да шетелдiк ықпалдың, әсiресе, “ваххабшылдық” кейпiндегi, бiздiң жұмсартылып “салафим” деп аталатын атышулы арабтық ықпалдың күшеюiне алаңдаушылық бiлдiрiп, жақында жарияланған арнайы пәтуасында дәл осы идеологиядан сақтандырды.
Осыған орай, фильмдi түсiру жөнiнде бастама көтергендердi және оны қасақана көрсеткендердi мемлекетке, қазаққа қарсы қаскөй күш ретiнде батыл атауға болады деп түйдiк. Өйткенi олардың iс-қимылы – Сiздiң елдiкке, бiрлiкке шақырған саясатыңызға қайшы әрекет, қазақтың түп-тамырына шабылмақ балта. Айдың-күннiң аманында жұртты шатастырып, бүкiл ел болып сайлаған президенттi алдаудан тайынбаған олардың болашақта зұлымдық пиғылдарын iске асыру үшiн ешкiмдi де аямасы, ештеңеден де тайынбасы белгiлi.
Фильмге тапсырыс берушiлер 9 ай бойы қамауда отырған Исматулла ақсақал мен оның шәкiртi, профессор Саят Ибраев сияқты бiрнеше ат төбелiндей азаматтардаң бүтiн халықтың, елбасы жауының бейнесiн қолдан қасақана жасай отырып, қоғамда алаңдаушылық тудыруды, саяси жағдайды ушықтырып, сол арқылы өздерiне керектi жағдай қалыптастыруды көздеген, осылайша, жұрт назарын өздерiнен алыстату мақсатын дiттеген деп түсiнемiз.
Құқықтық тұрғыдан алсақ, Исматулла Әбдiғаппардың бар айыбы – кәдуiлгi медицина мен қаптаған күресушi органдар емдей алмаған жүздеген нашақор мен маскүнемдi сауықтырғандығында. Нақты айтқанда, қолында Денсаулық сақтау министрлiгiнiң лицензиясы болмағанында. Ал бiздiң ойымызша, Исматулла ақсақалдың бұл қызметiне лицензия талап етудiң еш қисыны жоқ, өйткенi сөз болып отырған рухани сауықтырудың әдеттегi медицинаға қатысы шамалы. Мұндағы сауығу Иасауи бабамыздың “Диуани хикметiнде” айтылғандай, адамды тек рухани тұрғыдан нығайтатын зiкiр салу, яки Жарат­қан Алланың атын еске алу арқылы жүзеге асқан. Жай-жапсары ақылға қонымсыз “қылмыстық iс” түрлi себептермен уақытылы сауыға алмаған осындай категориядағы шыншылдығы күмәндi бiрдi-екiлi адамның жазған арыздарына негiзделген. Оны фильмнiң өзiнен-ақ көруге болады. Ал iс барысын қадағалап отырғандар болса әлi сот процесi басталмай жатып, яғни тиiстi заңдарымызды өрескел бұзып, қажеттi қоғамдық пiкiр туғызу үшiн осындай өтiрiкке барып отыр.
Өткен жылдың қазан айынан берi бiз Исматулла Әбдiғаппарды негiзсiз қуғындау мен айыптауларға назар аударуыңызды сұрап, Сiзге бiрнеше рет хат жолдадық.
Осы мәселелерге орай Өзiңiздiң қабылдауыңызды сұрап, арнайы өтiнiш те жолдадық. Ондағымыз – осының бәрiн дабырлатпай Өзiңiзге айтсақ, алып-қосусыз жеткiзсек деген үмiт. Бiрақ ұшты-күйлi хабар жоқ, әсте хаттарымызды Сiзге жеткiзбейтiн болса керек. Тiптi бара-бара дүйiм жұрттың алдында масқаралап, жала жабуға көшкен соң ерiксiз осы хатты жазуға бел будық.
Ата салтымен “Дат” деп отырмыз.
Бiздi ұлтымыздың тағдыры, болашағы қатты алаңдатады. Елдiң ынтымағы мен өркендеуiнiң бiрден-бiр кепiлi Өзiңiзден осы бассыздықты тыйып, тиiстi шара қолдануыңызды сұраймыз.
Назарыңызға “Хабарға” жолданған сотқа дейiнгi талап-арыздың көшiрмесiн қоса жiберiп отырмыз.
Құрметпен, Шерхан Мұртаза, халық жазушысы, Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi; Мекемтас Мырзахметұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Абайтану ғылыми-зерттеу орталығының директоры; Дидахмет Әшiмхан, жазушы, ҚР-ына еңбек сiңiрген қайраткер, баспагер; Аманхан Әлiмұлы, ақын, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың иегерi; Есенғали Раушан, ақын, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты, халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының иегерi; Тұрсын Жұртбай, филология ғылымдарының докторы, профессор, жазушы, халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының, I.Жансүгiров атындағы сыйлықтың иегерi; Әселхан Қалыбаева, халық ақыны, “Парасат” орденiнiң иегерi; Светқали Нұржан, ақын, “Дарын” мемлекеттiк сыйлығының, “Ерен еңбегi үшiн” медалiнiң иегерi; Тасқара Қаратайұлы, халық емшiсi; Ертай Айғалиұлы “Қазақстан ZAMAN” халықаралық газетiнiң бас редакторы; Абай Балажан, Қазақстан журналистер одағы сыйлығының лауреаты, “Орда-KZ” газетiнiң бас редакторы; Болат Қорғанбеков, филология ғылымдарының кандидаты, иасауитанушы; Едiл Жаңбыршин, Маң­ғыстау облыстық маслихатының депутаты, техника ғылымдарының докторы, профессор, эколог-ғалым; Оңайбек Абдилов, полиция полковнигi, IIМ зейнеткерi, техника ғылымдарының докторы, ҚР Заң ғылымдары академиясының академигi, Б.Сыртанов атындағы сыйлықтың лауреаты, және басқалар.
(Хатқа барлығы 28 адам қол қойған).

Оцените пост

2