Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
10:43, 23 июля 2009

Иоганн Гутенберг жаңалығының тарихи тағылымы

Баспа кітап дүниеге келгеннен бергі уақытта адамзат қарыштап алға басты. Бір елдің табысы екінші елге баспа кітап арқылы тезірек жететін болды. Кітап көпшіліктің игілігіне айналды, әлеуметтік маңызы артты, бұдан былай ат төбеліндей азшылықтың игілігі болудан қалды.

XV ғасырдың тамаша перзенті, неміс өнертапқышы Иоганн Гутенбергтің (1400-1468) ерлігін, оның адамзат өркениеті алдындағы еңбегін толық түсініп алу үшін алдымен полиграфиялық өндіріс процесінің мән-жайына қанығып алуымыз керек.

Шығыңқы баспа формасын жасауға алғашында ағаш формасы жұмсалды. Гутенберг қағаз материалдың ерекшелігіне қарай ыңғайлап, жетілдіріп, баспа станогын жасады. Май сығу, шарап жасау ісінде қолданылатын станоктардың тиімді жерлері пайдаланылды. Гутенбергтің негізгі табысы бұл емес. Ол терім формасының мәтінді жаңғыртып көбейту тәсілін ойлап тапты. Осы тәсіл арқасында, біріншіден, баспа формасын жасау жұмысы жеңілдеді. Бұл форма алдын-ала терілген элементтерден - литералардан түзілетін болды. Литера материалдың бір ғана баспа формасын жасауға ғана емес, түрлі-түрлі басқа да формалар жасауға ыңғайланған. Екіншіден, терім кезінде жіберілетін қатені түзету жолын оңайлатты. Үшіншіден, терім жазу ісін бір қалыпқа түсіріп, түпнұсқаны айнытпай жеткізуге мүмкіндік берді.

Blog post image

Бас кезінде Гутенберг шрифтілерді ағаштан жасап көрген. Кейін металдың беріктігін ескере отырып, оларды металдан жасайды. Металдарды әр түрлі қасиеттеріне қарай пайдаланған. Бір металл қатты, екіншісі жұмсақ. Алдымен болаттан басында шығыңқы бедері бар модель пуансон жасайды. Бұдан соң темір пуансонды жұмсақ, көнбіс металл - мысқа таңбасы түсетіндей етіп үстінен басады. Сөйтіп матрица жасалады. Матрица таңба түскен соң ойық болып шығады. Сол ойыққа оңай балқитын қорғасын мен қалайының құймасын әкеліп құяды. Литера осылай жасалған. Басында айнадағыша көрінетін теріс әрпі бар таяқша-литераны кассаның тиісті ұяшығына орналастыру қажет. Содан соң сөзді теру қажет. Теріп болған соң баспа станогынан таңба алуға болады.

Жоғарыда аталған тәсілді одан әрі дамытуға мүмкіндігі, тәжірибелі жұмысшылары мен жетілдірілген құралдарының жоқтығына қарамастан Иоганн Гутенберг 5 шрифт түрін құйып шығарған, Элий Донаттың латын тілінің грамматикасын, 36 және 42 жолдан тұратын Библияны басып шығарған.

Blog post image

Гутенберг басып шығарған Библияның алғашқы беті

Гутенберг өз еңбегінің мәнісін жақсы түсінді. Баспа кітап қоғамдық өмірдің бар қан тамырларына нәр болып құйыла бастады. Кітап - қоғамдық дамудағы адамзат мәдениетінің ұлы жаңалығы, баспа кітаптың көпшіліктің игілігіне айналуына себепші тұлғалардың бірі Гутенберг десек, әсте қателеспес едік деп ойлаймын.

0
2599
0