Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 772 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
03:40, 25 февраля 2011

Пах-пах, қандай ғажап иіс

Немесе мәтіндердің мәні неге қашты?

Даусын құбылтқанның бәрі әншіге айналған заманда, әлгі әнсымағына екіжолды ұйқастырып өлең жаза салу бұйым болмай қалған. Біздің эстрада да  Шәмшінің шеберлігімен Мұқағалидың мықтылығын бір бойына тоғыстырған,«дара таланттар» пайда бола бастады.

Әншіге ән табу керек, сол әнімен жан бағу керек болса, ақынға да нан табу керек. Ол да пенде. Ақынның нәсібі де, кәсібі де өлең. Тиісінше әннің әрін кіргізіп, атағын арттыратын да өлең. Сол өлеңнің бүгінгі халі қалай?

Қазақ эстрадасы күн сайын түрленіп,жалт-жұлт еткен ағымның жетегінде жүр. Әндер мен сөздерді таңдап,талғап, қарап отыратын комиссияның бар екеніне күмән бар.«Кеңес заманындағыдай көркемдік кеңес болу керек еді ғой» деп көсемсиін десем, үйдегілердің айтуынша тәуелсіздік алғаннан кейін туылыппын. Алайда Қызыл империя дәуірінің дәмін татқандардың сөзіне сенсек, әлгіндей көркемдік кеңес, Сталинизм қатал тәртібінің әділ түрдегі нұсқасын көрсетіпті-мыс. Талай әннің бағын ашып, талай әннің «жағын қарыстырғанға» ұқсайды әлгі жарықтық.

Халық әні «нақ-наққа» еліктеді ме, әлде тақпақ жаттаған балалық шағы есіне түсті ме,«Пах-пахты да» хитқа балайтын пенделер бар екен.Сөзін қай «ұлы ақынның» жазғанын қайдам, әнді қанша тыңдасақта Ақын мен Айқынның иіс пен сүйістен тұратын арманының түп негізін ұғына алмадық. Сенбесеңіз,оқып көріңіз:

«Пах-пах қандай ғажап иіс,

Шат-шат қиялыма ілес,

Қандайыстық жүрегіңмен сүйіс,

Созылған кірпігіңнен күй ұш»

Бұл «әйгілі» Айқынның ән мәтіні. Ал «Шайн» тобының не үшін «бір шанс» сұрап жүргенін де жүз қайтара тыңдап түсіне алмадық. Кіл «қыртқан» сөздермен басыңызды ауыртпай, басталуын ғана ұсынайық.

Сен тағдырыңа,маған да өкпелеме,

Сен таңнұрына балашы сезім күнді.

...

Бір шанс бер,бір шанс бер,

Жаным маған бір шанс бер

Бәрі де бір саған арналады

Арман әнім.

Ұзаққа шаппай ақ, осы 5-6 сөйлемнен бірдеңе ұғына алдыңыз ба?Тіпті,айтып тұрған әншілердің де, түсініп орындағанына күмән көп.

Тиісінше ақындарымыз да тапсырыстың құрығына түсіп кеткендей әсер қалдырады. Айталық, әнші студиядағы ән жазылатын күнді айтып,ән мәтінін сол күнге дейін бітіруді тапсырады. Мәтіннің ақшасы үшін, ақын да тезірек жазып бітіруді ойластырады. Мүмкін ол ақын, шебер де шығар,алайда, шығармашылық адамы, оның ішінде ақын,шабытын шалағайлыққа ұрындырмауы тиіс еді ғой деп толғанасың кейде. Ал белгілі компазитор әрі ақын Жарылқасын Дәулет бұл оймен онша-мұнша келісе бермейді екен. Неліктен деп сауал тастағанымызда, ағамыз мысалға Нұрғиса Тілендиев пен Мұқағали Мақатаевты келтірді. Екеуі бір ай ішінде кезек-кезек саз бен сөзін дүниеге әкеліп,халықтың қазынасын байытқанын білеміз. Бұл да тапсырыс. Бірақ Мұқағалидың өлеңінен шалағайлықтың иісі де шықпайды. Демек, бар мәселе ақынның таланттылығына келіп тіреледі.

Қырғыз әнін сөзбен сұлулаған Р.Зайытовтың қабілетін жоққа шығару шығармашылық соқырлық болуы мүмкін. Бірақ Б.Қорған орындаған әлгі әннің(«Шоқ қыздар») мәтіні «бір қарын майды,бір құмалақ шірітедінің» керін келтіргендей: «Жанары оттай жанып,Жүрегімді шоқтай қарып,Сұлуларды көргенімде,Жаным тағат таппай қалып,Нананей,Ал бикештер оттай болып,Қол тигізбес шоқтай болып жанады.»

Ринат әсерге қатты берілді ме,әлде әншінің талабы сондай болды ма, әйтеуір өлеңнің бас-аяғынан бар байқағанымыз - тек ұйқасқа құрылған дүние секілденді. Мына өлең жолдары,сіздің құлағыңызға таныс шығар:

«Сүрінген құлагер ем,Жылаған жаным қоса. Алдыңда тұра берем,Не керек бәрін жаса.Жанымды қашқан жігер,Түйіп ап орамалға,Тереңге тастап жібер,Соңғы рет қарап ал да». Бұл - белгілі сазгер -ақын Жарылқасын Дәулеттің әні мен сөзіне жазылған, Еркін Нұржанов орындайтын «Кеш мені». Терең астарлы, әр адамға ой тастайтын шығарма екендігіне дау жоқ. Бірақ, бес саусақтың бірдей емес екендігін ескерер болсақ, өзге ән мәтіндеріне түсіністікпен қарауға болатын шығар.

Өзі сазын, өзі сөзін жазып, сахнада да өзі орындайтын «универсал» әншілердің шоғырын С.Жолбарыс бастап тұр. «Жанының жыл сөзіне» тоймайтын секіргіш әнші, сірә, артық ақшасын ақынға бергеннен гөрі, Абайдан қалған асқақ өнердің нобайын жасап ала салам деп ойласа керек.

Бұл жеңіл мәселе емес. Бүтіндей бір халықтың рухани түйткілі. Сондықтан сауалдарымызды мақаламыздың бас кейіпкерлеріне төтесінен қойған едік. Айқынның айтуынша,бүгінгі жастар әдеби сөздерді түсінбейді, олардың басын аса мағыналы сөздермен ауыртудың қажеті жоқ екен. Айтпақшы, «менің әнімді үлкен кісілердің тыңдамайтынын бұрыннан білемін,әндерім жастар мен орта буынға арналған»дейді Айқын. Әншілер бұлай өз әндерін белгілі бір аудиторияға арнайтын болса, көрерменнің талғамының өсе қоймайтындығы да анық. Солғын сөздерден құралған әнін, «сүбелі туындыға» балап отырған Айқынның айтпағы - осындай әндер жастардың әнұранына айналуы тиіс екен.

«Айқынның деңгейі сол. Әркім өз биігінен қарайды. Әдеби мағыналы сөзі бар әндерді де сүйіп тыңдайтын жастар бар.Бәрі талғамға байланысты.Одан да Азамат, мен талғамсыздарға арналған әншімін деп айтсын» деп шамданды Роза Әлқожа. Әннің мәтініне жоғары талғаммен қарайтын әнші Роза, бүгінгі әншілердің ақын,сазгер,әншілік қасиетті «тоғыстырып» жүргендеріне де наразылығын білдірді. Расында, шамасы келсе Ақансері болсын дейміз бізде.Бірақ,ондай өнер қолынан келмейтін болса, әннің болашақ бағын ойлау керек.

Сөзінің сапасы сұйық әндер қатарына Айқыннан өзге Асан Пердешовты, «Меломен» тобының «О махаббат» әнін, «Шайн» тобының «бір шанс берін» жатқыза аламыз. «О махаббат- қосу-алу,Шығарып сап,Тосып алу. О махаббат күйіп-жану,Бір көргеннен сүйіп қалу» деп толғанады, махаббатқа «біраз анықтама»беріп тастаған «Меломен» тобы. Махаббатты қосу-алумен өлшейтін математикалық амал емес ғой. Әрі «тосып алу»-белгілі бір өңірге ғана тән диалект сөз. Бұл жерін күтіп алу,мүмкін құрылымына сәйкес басқаша сөйлеммен сұлулауға болаты еді. Бүгінде мұндай мәтіндер кез-келген эфирден емін-еркін өтіп,халықтың ортасында,жастардың аузында жүр. Көпке топырқа шашпаспыз, дегенмен кей жастардың ауыздары да осы әндерге қарай қисаяатындай. Иә, жас сананы бір текті, жеңіл әндермен улай берсек, амалсыз тәуелділікке түсері - дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Мәтіні жеңіл әндердің көптеп дүниеге келуіне не себеп сонда? Себеп - Жарылқасын ағамыздың айтуынша, «кешегі Кеңес заманындағы орташа ақындардың немесе орташадан төмен ақындардың, әннің сөзі құлаққа жата салатын жеңіл болуы қажет деп шығарып алған қағидасы» екен.

(Жарылқасын Дәулет, ақын-сазгер: Халық әндерін тыңдаймыз ғой.Мынаадй бір тіркес бар: Сырғаңды қайық қылып өткіз мені.Қандай керемет теңеу. Қазіргі жеңілтектердей «келші,жете алмай тұрмын,этажыңа шығайыншы» демейді.)

Жеңіл мәтін десе, тағы есімізге түсетін басты кейіпкер - Асан Пердешов. Теледидардан көрініп, «Жұлдыздар отбасына» жиі шықпаса да, өзі айтқандай ұялы телефон атты бас көмекшісінің көмегімен танымал болған әнші. «Апа,оның көздері қап-қара тұнық,Ашуланып ұрыссам да тұрады ол күліп.Апа,үйге сол қызда келін қылайық,Таңертеңмен сәлем салып,тұрсын иіліп». Асан мырза мұндай «аса мағыналы» сөздермен, өз стильімді табамын деп ойлайды екен. «Үйге келін әкелсем,агентте отырмаймын» деп ант-су ішкен Асанның әні әдемі болғанымен, мәтініне көңіл толмайды. Кезекті сұрағымызды әншіге қойғанымызда,былай деп жауап қатты: «Бұрын әніме, қызығушылықпен өзім сөз жаза салып, өзіме ұнаса айта беретінмін.Бірақ,соңғы кездері ойлана келе,ірі ақындармен жұмыс істеуге көштім.Бұрынғы жіберген қателерімді түзейтін боламын» деп уәде берді Пердешов. Расында, түзеуі керек. Болмаса «О жасаған Құдай,атың Құлпынай» деп жыр құрастыра беретін жігітімізге бағытталатын,сын садағының жебелері мұнымен тоқтай қоймас.

Белгілі ақын Аманхан Әлім, әнге сөз жазбайтындардың қатарынан. Бір сазгер ағамыз, өлеңнің жобасын беріп,буын санын көрсетіп әнге сөз жаз деп бір жыл әуре етіпті ақын ағамызды. Алайда түк өндіре алмаған. «Егер кәсіпқойлыққа салатын болсам,белден басып жаза салуға болатын еді.Бірақ,ол жүректен шыққан туынды болмайды» дейді Аманхан аға.

«Қоңыр» тобының продюсері Сержан Молдасанұлының сөзіне сүйенсек, бүгінгі әншілер бірінші орынға әнді, екіншіге өзін,үшіншіге сол әннің өңделуін қояды да, мәтін мәселесін төртіншіге ысырады.

«Екеуміз келеміз қол ұстасып,Мөлдір қара көздерің жұмылған,Екеуміз қалғанда бақталасып,Самал жел келіп сені бір қағад». Айналдырған төрт қатардың ішінде, көзге бадырайып көрініп қанша қате жүр десеңші. Басқа,басқа емес бұл әнді орындайтын аз да болса, «авторитет» жинап қалған «До-Мажор» тобы. «Тасада өскен гүл», «Қайдасың», «Бақ құсым»  сынды жөні түзу, жүрекке жететін әндерді айтып жүрген аталмыш топтың бұл қай сасқаны деп таңғалдық. Екеуі көшеде қол ұстасып келе жатады,бірақ қыздың «мөлдір,қара көздері» жұмулы екен. Бір-бірімен жау адамдар ғана бақталасады,ал бұл екеуі ғашықтар емес пе? Жарайды,екеуі ұрысты(«бақталастықты» солай деп түсінуге тырысайық)делік,сонда қызды, самал жел келіп, бір қағатын құдіретке ие болып шықты. Қаншама қарама-қайшылық өріп жүргенін байқаған боларсыз.

Кім көрінгеннің қолжаулығы болып,қорлана беретін қазақтың сөзі қадірсіз емес. Абайдың ұрпақтары, баба аманатына үлкен жауапкершілікпен қарағаны жөн болар еді.

Абай АЙМАҒАМБЕТОВ.
"Маса ақпарат"

0
1545
0