Пайдасы мол тың саланың көкжиектері
Өңірдегі туристік инфрақұрылымның нашар дамуы мен қызмет көрсету ұйымдарының бүгінгі талаптарға емес қызметі салдарынан бұл сала кенже қалды. Жуықта ғана облыстағы туризм саласын 2010-2012 жылдары кластерлік дамытудың жобасы қабылданды. Баянауылдағы ұлттық паркте орналасқан табиғи әлеуеттерді пайдаланып, аталмыш ауданды туристік орталыққа айналдыруды көздеген бұл жоба өміршең саналуда. Облыс әкімі бағдарламаның іске асуына айрықша назар аударып отыр. Межеленген мақсат орындалса, аудан жазғы демалыс уақытында тәулігіне 12 мың туристке дейін өткізе алу қабілетіне ие болмақшы. Өңірлік бренд болып қалыптасатын Баянауылда туризм дамыса, жергілікті экономика өсiп-өркендеп, әлеуметтiк ахуалдың жақсаруына ықпал етедi.
Табиғатты қайтсек қорғап қаламыз?
Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі 1985 жылы құрылған. Оның жалпы аумағы жетпіс мың гектарға жуықтайды. Аудан орталығы орналасқан тұста елу мың гектар жер паркке тиесілі. Қалғаны Күркелі, Қаратомар, Жаяу Мұса ауылдарындағы бөлімшелер.