Қазақ қыздары жапондарды жеңді

Ардабек Солдатбай 2011 M01 31
689
1
0
0

Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында финалға бергісіз кездесу аяқталды. Қыздар арасындағы шайбалы хоккейден Азия ойындарының екі дүркін чемпионы Қазақстан құрамасы сары құрлықтағы басты...

Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында финалға бергісіз кездесу аяқталды. Қыздар арасындағы шайбалы хоккейден Азия ойындарының екі дүркін чемпионы Қазақстан құрамасы сары құрлықтағы басты қарсыластары Жапонияны жеңіп, жанкүйерлерін бір желпінтіп тастады.

Алғашқы екі кезеңде бір-бірден қақпасына шайба дарытқан Алексей Мальцев шәкірттері үшінші кезеңде де жарытып ес жия алған жоқ. Тек ойын аяқталар тұста Лариса Свиридова есепті бір шайбаға дейін қысқартқан болатын. Тартыстың көкесі осыдан соң басталды! Онсыз да ұтылып жатқан айдын иелерінің бір ойыншысын төреші екі минутқа айыптағаннан кейін, жеңіс жапондарда кетті деп күрсіне бастадық. Ойынның аяқталуына санаулы минуттар қалған болатын. Алайда, алдыңғы екі матчта 5 гол соққан сұрмерген қыз Зарина Тоқтиева жапондардың бір адамға артық екенін еш елеместен, есепті теңестіріп кетті! Кездесудің негізгі уақыты тең аяқталып, бес минуттық овертаймда ойыншылар голмен қуантпады. Заринаның керемет голынан кейін рухтана түскен біздің қыздар қосымша уақытта басымдыққа ие болған, алайда матч тағдыры буллит сериясы бойынша шешілді. Алғысты жиырма жасар қақпашымыз Дарья Обыденнова мен шабуылшы Зарина Тоқтиеваға жаудырсақ артық емес. Дарья жапон қыздарының гол соғуына мүмкіндік бермей, қақпаны аман алып қалды, ал Қазақстан сапынан буллитте бағы жанған тағы да сол Зарина! Ертең қыздарымыз демалады, ал Жапонияны Қытай қыздарымен кездесу күтіп тұр.

Қазақстан – Жапония

3-2

Голдар: Свиридова 52, Тоқтиева 55 - Конда 19, Аоки 24

Оцените пост

0

Комментарии

0
Ойын өте күшті болды! 3 кезеңге дейін бәрі біз қаламыз деді, алайда біздің қыздар оңайдан емес екендігін көрсетті! Жарайсыңдар, қыздар! ;DDD
Показать комментарии
Дальше