Ақ Азиада басталды!!

Ардабек Солдатбай 2011 M01 30
743
0
0
0

Алаш жұрты асыға күткен Ақ Азиада басталды! Кеше Қазақстан тарихындағы тұңғыш ірі дода қысқы ойындардың тұсауы кесіліп, «Астана Арена» стадионына жиналған отыз мың жан мен көк жәшіктің арғы...

Fire%20Asiada.jpgАлаш жұрты асыға күткен Ақ Азиада басталды! Кеше Қазақстан тарихындағы тұңғыш ірі дода қысқы ойындардың тұсауы кесіліп, «Астана Арена» стадионына жиналған отыз мың жан мен көк жәшіктің арғы бетіндегі миллиондаған  жанкүйер  Азия ойындарының ашылу салтанатына куә болды.

«Астана Аренадан» ашылу салтанатын тамашалауға келген азаматтарды Азиаданың атрибуттары толтырылған қоржын күтіп тұрды. Қоржынның ішіндегі ақ жамылғылар мен мойыншалғыларды тағу арқылы әрбір қазақстандық салтанатты шараға өз үлесін қосты деуге негіз бар. Сағат 19:45-те басталған тарихи сәт ел жадынан жақын күндері өшпейді деп уәде береміз. Себебі, мұндай ірі шоу Қазақстанда бұрын-соңды болған емес. Игорь Крутой басшылық еткен ашылу салтанатында 700-ге жуық  адам өнер көрсетіп, 40 камера аталмыш мерекені нысанаға алды. Кештің құрметті қонақтарының қатарында Халықаралық Олимпиада Кеңесінің төрағасы Жак Рогге, Азия Олимпиада Кеңесінің төрағасы Ахмад Аль Сабах, Қырғызстан президенті Роза Отынбаевалар мен өзге де лауазымды тұлғалар бар.

_DSC0088.jpg

Еліміздің көк байрағын аспандатумен басталған айтулы шарада қазақтың тарихы мен мәдениеті, дәстүрі мен ғұрыптарына төрден орын берілер ме деген ойдан ада болмағанымыз рас. Қанша дегенмен, еліміз көпұлтты мемлекет, ресми тіл салтанат құрып тұрған кез, оның үстіне ашылу салтанатын ұйымдасыру ресейлік маманға сеніп тапсырылған. Алайда, әлгі ойымыздың қате болғанына қуандық. Ашылу салтанаты   мемлекетті құраушы ұлт қазақ халқының көне тарихын, аса танымал данышпандарын, дәстүрі мен ділін  ұлықтаған мереке болды.  Құс қанаты талатын ұлан байтақ жердің иесі Қазақ екенін  танытқан тамаша қойылымдарға қол соқты көрермен. Алып стадионды қақ жарған қасиетті домбыра  үнінен  Қазақ рухтанған күн болды. Құрлық қана емес, әлемнің біраз  елі көз тіккен аламан бәйгеде кімнің аты озса да,  жарысты қабылдаушы Алаш жұрты туралы түсініктің кеңейгені керек  еді. Сол үдеден асқанымызды олжа көріп шықтық стадионнан.

Flag%20Kazakhstan.jpg

Азиадаға қатысушы елдердің шеруі де сәтті шықты. Қазақстанның көк байрағы  хоккейші Талғат Жайлауовқа тапсырылыпты.  Әйгілі спортшылар Әлия Юсупова, Людмила Прокашева, Владимир Смирновтар сары құрлық ойындарына ортақ туды көтерген соң, спортшылар мен  төрешілер өкілі ант қабылдады. Еліміздің әр облысына қонақ болған Азиада алауын қазақтың біртуар ұлдары Әбілсейіт Айханов, Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыханов, Ермахан Ыбырайымов, Бақтияр Артаев, Жәнібек Қанығұловтар жақты. Қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен Азия Олимпиада Кеңесінің төрағасы Ахмад Аль Сабахтың құттықтауынан  кейін іле Елбасы сөз алып, Азия ойындарының ашылғанын қуанышпен хабарлады.

Usenbaeva.jpg

P.S Азия ойындарының ашылу салтанаты абыроймен өткені қуаныш әрине. Алайда, кемшін тұстар да кездеспей қойған жоқ. Бұл туралы егжей-тегжейлі баяндауды кейінге қалдырайық, бірақ Крутой «крутойлығын» жасады. Ескендір Хасанғалиевтың халық таңдаған әні ашылу салтанатынан сырт қалып, Игорьдің «Жұлдызым» әнін Роза Рымбаева мен Батырхан Шүкенов орындап шықты. Крутойдың әні таңдалғанын білсек, миллион тігіп, бәйге өткізудің қажеті қанша еді?!

"Маса-ақпарат"

Оцените пост

0
Дальше