Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
05:44, 09 января 2011

Жастарға қай модель тиімдірек?

«Жастар өзінің болашағы бар болуымен бақытты» -  Н. Гоголь. солай ма екен?...

Blog post image90-шы жылдары Қазақстан тәуелсіз ел болып, мемлекеттік құрылымды түгелдей реформалай бастағанда жастар саясатын да қайта қарау қажет болды. Себебі, ол мемлекеттің таңдаған даму жолының ерекшелігіне тікелей байланысты. Кеңес Одағы кезінде социалистік бағытта болсақ, одан кейінгі кезең басқаша болғандықтан, социалистік қоғамның тегін жоғарғы білім, жұмыспен қамтамасыз ету, тұрғын үймен қамту, яғни, жалпы айтқанда, тең бастапқы мүмкіндіктер кешегімен бірге кетті. Кеңес Одағы таратылғаннан кейін басталған терең дағдарыс негізінде дәстүрлі түрде тұлғаны әлеуметтендіретін көптеген әлеуметтік институттар жабылды, ал барларының көбінің функциясы әлсіреді. Енді оның бәріне тоқтала бермей, елдегі бүгінгі жастар саясатын сырт көзбен қарап, оны жастар саясатының басқа да модельдерімен салыстырып көрсек.

Теоретикалық түрде кез келген мемлекеттің жастарға деген негізгі мақсаты - жас азаматтардың қоғамда өз орнын  табуына мейілінше жағдай жасау. Себебі әрбір жас жастық шағында толыққанды саналы тұлға ретінде жеке өмірге жол бастау үшін білім алуы, кәсіптік тұрғыдан мамандануы, өз құқықтары мен міндеттерін өз бойына сіңіруі, сондай-ақ азаматтық және моральдық тәлім-тәрбие алуы тиіс.

Осы орайда жастар саясаты үлгісін зерделеуде классикалық капитализмдегі Ұлыбритания мен былайша аталатын «скандинав социализмінің» өкілі Швеция үлгілерін саралап көрейік.

Аталған екі мемлекетте де жастар саясаты мемлекет пен азаматтық қоғамның серіктестігі арқылы бірлесіп жасауына негізделген. Ұлыбритания мен Швецияда, сондай-ақ Қазақстанда да мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруда басты рөл жергілікті ұйымдардың еншісіне берілген.

Ұлыбританияда білім алу және оны одан әрі арттыруды күшейтетін іс-шаралар қолданылады. Мысалы, мұнда кәсіптік дайындықтан өту үшін оңтайлы кредиттер жүйесі қарастырылған. Оларда білім кредиттерінің пайыздық ставкасы 2-3% көлемінде болса, Қазақстанда ол 9-30% шамасында.

Швецияда мемлекеттік оқу орындарында орта және жоғарғы білім тегін болса, Ұлыбритания мен Қазақстанда ақылы негізде. Бұған қоса Швецияда  тұрғын үй мен оқу әдебиеттеріне берілетін стипендиядан басқа қосымша несие алуға болады. Бұл несиелер студент оқуын бітіріп, жұмысқа тұрғаннан кейін жалақысының 4% көлемінде сол қарызды қайтаруға аударылып тұрады. Ал Қазақстанда қарыз алушының жұмысқа  тұруы, не тұрмауына тәуелсіз анықталған уақытта (көбіне 10 жыл ішінде) қайтарылуы тиіс.

Ұлыбританияда жұмыссыздықпен күрес «Жас азаматтарға жаңа бағыт» атты бағдарлама төңірегінде жүзеге асырылады. Бұл бағдарламаның негізінде британдықтар үкімет пен бизнес қауымдастығы арасындағы серіктестік негізінде жас азаматтарды өзінің кәсіби мамандығы бойынша жұмысқа орналастыруға тырысады. Швецияда жұмысқа орналасу және кәсіптік қайта даярлау мәселесі жергілікті еңбек нарығының ерекшеліктері мен бизнестің кадрлық тапсырыстары ескеріліп, жергілікті деңгейде шешіледі. Айта кеткен жөн, Швецияның әлеуметтік бағдарламалары әлем бойынша ең кең және әсерлі болғандықтан бұл мемлекеттің халқы жыл сайынғы зерттеулерде әлемдегі ең бақытты 5 мемлекетке кіреді.

Азаматтық тәрбиелеу тек өз құқықтарын қорғау ғана емес, сондай-ақ тұтастай әлеуметтік-саяси белсенділігін арттыру (Ұлыбританияда 2002 жылдан бері мектептік білімдік бағдарламалардың бір бөлігі ретінде азаматтарды тәрбиелеу курстары жолға қойылған) еуропа елдерінің жастар саясатындағы басты бағыттардың бірі болып табылады.

Үш елдің жастар саясатындағы негізгі ұқсастықтар:

Біріншіден, үш елде де жастар істері және саясаты бойынша арнайы министрлік жоқ, сондықтан сала бойынша іс-шаралар түрліше министрліктер, ведомстволар және қоғамдық ұйымдар арқылы жүзеге асырылады.

Екіншіден, білімнің сапасы мен жетімділігі дұрыс әлеуметтендірілудің маңызды факторы ретінде орта мектепті бітіргеннен кейін жоғарғы білім беру теориялық тұрғыда үш мемлекеттің де жастар саясатының басты бағыттарының бірі болып табылады.

Үш мемлекеттің жастар саясатындағы негізгі айырмашылықтары:

Ұлыбританияда жастар саясатын жүзеге асыру бойынша іс-шаралар Білім министрлігінің Жастармен жұмыс бойынша басқармасы мен Балалар және жастар істері бойынша комитетінің құзырына жатады. Ал Швецияда бұл Мәдениет министрлігінің құзырында. Британдық парламенттік құрылымдарда жастар мәселесі бойынша комиссиялар жоқ, ал Швецияда жергілікті деңгейде Мемлекеттік жастар кеңесі және басқа да тәуелсіз жастар кеңестері жұмыс істейді. Ал Қазақстанда бұл сала Білім және ғылым министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар арқылы жүзеге асырылады. Бірақ Қазақстандағы мемлекеттік жүйенің әлсіздігіне байланысты бұл құрылымдар өзара толыққанды серіктесіп істесе алмай келеді. Мысалға, «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңға сәйкес студенттер 50%-ға жеңілдетілген жолақы билетіне құқылы және ол жергілікті атқарушы органдар арқылы жүзеге асырылады делінген. Алайда, тәжірибеде бұл бап Қазақстанның 4 қаласында ғана жұмыс істейді. Қалғандарында әр түрлі негізсіз себептермен ол жүзеге асырылмайды. Бұл мәселені студент кезімізде көтергенде бірқатар пікір қақтығыстары болған. Сол кездегі Астана қаласы әкімінің орынбасары, бүгінгі мәжіліс депутаты Т.Мұхаметжанов мырза бұған қатысты «Астана студенттеріне жеңілдетілген жолақы билеті керек емес, олардың жеке автокөліктері бар» деген еді. Біз оған әрбір университеттің жанында тұрған автокөлікті сонда оқитын студенттердің санына бөліп көрейік 1% шыға ма деп едік. Француз жазушысы С.Франсуаза кезінде былай деген болатын: «Жастар туралы қандай да бір мақала, не кітап оқыр алдында оның авторының жасын білген жөн»...

Жалпы, теориялық тұрғыда алғанда, Британ және Қазақстан жастар саясаты – жас азаматтарды ұжымшылдықтан гөрі индивидуализмге тәрбиелеп және анықталған мөлшерде ғана әлеуметтік қолдау көрсетіп, мемлекеттің мойнына аса жүк артпауға негізделген. Бұл тарапта жастар саясаты көбіне дамыған азаматтық қоғамға негізделуі тиіс. Билік пен азаматтық қоғамның өзара ықпалдасуы арқылы жастарға қатысты түрліше бағдарламалар жасалады және де сол бағдарламаларды жүзеге асыруға тікелей жастардың өзін қатыстырады. Бірақ Қазақстанда әзірше бұл тек теориялық негізде болып, практикада толыққанды жүзеге асырылмайды. Себебі, бұндай модельді енгізу үшін жалпы бағдарламаның жүрегі болатын азаматтық қоғам дамымаған. Қазақстанда азаматтық қоғамды дамытуға атқарушы биліктің өзі дайын емес. Оның дамуына заң жүзінде де практика жүзінде де тосқауылдар қойылады.  Сол себептен кешегі социалистік құрылым негізіндегі жастар саясатынан бас тартқан билік «жасаймыз» деген классикалық капиталистік модельді де енгізе алмай отыр. Бірақ сол капиталистік құрылымдағы жастар саясаты социалистік жастар саясатынан әсерсіз және социалистікте әділдік басым екенін заман мойындап отыр.

Қысқаша түрде ғана салыстырып кетсем:

Социалистік қоғамда (Кеңес Одағы мысал ретінде)

Қалыптасушы капиталистік қоғамда (Қазақстан мысал ретінде)

1

Орта және жоғарғы білім 100% тегін.

Орта білім тегін, жоғарғы білім ақылы. Мемлекет жастардың 20%-ын ғана мемлекеттік грантпен қамтамасыз етеді. Орта білімнің өзінде бюджеттен бөлінген қаржы түпкілікті мақсатына жетпей оқушылардан ақша жиналады (мысалға, жыл сайынғы мектептің жөнделуіне құрылыс заттары, кейбір оқулықтарға және т.б.).

2

Жастар жұмыспен қамтамасыз етіледі. Тіпті жұмыс істемеген азаматтарды мемлекет жауапқа тартады.

Жастардың 45-50%-ы жұмыссыз жүр. Соның салдарынан әлеуметтік азғындық (арақ-шарапқа салыну, нашақор болу, қылмыс жасау, жастайынан жанұя құрмай балалы болу, баланы алдыртып тастау және т.б.) жайлаған.

3

Тұрғын үй мәселесі арнайы мемлекеттік бағдарлама арқылы шешілген.

Тұрғын үй мәселесі бүгінгі қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі болып, жастардың басым бөлігі үйсіз-күйсіз босқындап жүр. Осының салдарынан жастарымыз үйленуден бас тартып, демографиялық мәселе өткірлеп, болашаққа «халықтың қартаюы» («старение населения») дайын болып отыр. Ал баспанасы жоқтығына шыдай алмаған жас жанұялар арасында түсініспеушілік туындап, ажырасу-айырылысу саны артуда.

Неміс драматургы Фр. Геббель «Жастық әлем содан басталғандай сезінеді, ал қарттық әлем өзімен бірге бітетіндей сезінеді» деген болатын. Сол секілді бүгінгі билік басындағы «қарттар» мемлекетті жаңа ұрпаққа табыстап, оны дамытуға тәрбиелеуі тиіс.

 

http://platon.kz/articles/626-jastarga.html

0
1044
0