---
title: "Жылу энергетикасы жүйесіне қатысты алғаш рет..."
description: "Бүгін Мәжіліс «Жылу энергетикасы туралы» заңды ілеспе түзетуілерімен екінші оқылымда қабылдады. Бұл сала бойынша жеке заң Қазақстанда алғаш рет әзірленіп отыр. Заң жобасында жылу энергетикасы саласын заңнамалық тұрғыдан және мемлекеттік реттеу..."
author: "orazali"
published: "2024-05-29T06:53:37+00:00"
modified: "2024-05-29T06:54:22+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/zhylu-energetikasy-zh-yesine-tikeley-atysty-al-ash-ret-zirlengen-za-abyldandy-1005094"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/zhylu-energetikasy-zh-yesine-tikeley-atysty-al-ash-ret-zirlengen-za-abyldandy-1005094/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Жылу энергетикасы жүйесіне қатысты алғаш рет...

> Бүгін Мәжіліс «Жылу энергетикасы туралы» заңды ілеспе түзетуілерімен екінші оқылымда қабылдады. Бұл сала бойынша жеке заң Қазақстанда алғаш рет әзірленіп отыр. Заң жобасында жылу энергетикасы саласын заңнамалық тұрғыдан және мемлекеттік реттеу...

*Бүгін Мәжіліс «Жылу энергетикасы туралы» заңды ілеспе түзетуілерімен екінші оқылымда қабылдады. Бұл сала бойынша жеке заң Қазақстанда алғаш рет әзірленіп отыр.* ![undefined](https://storage.yvision.kz/images/user/577776/40ebe417963bb65ffaf5523e76c0a4.jpg) Заң жобасында жылу энергетикасы саласын заңнамалық тұрғыдан және мемлекеттік реттеу қағидаттары белгіленеді. Олардың бірі – жоспарлы және бағдарламалық құжаттар негізінде жылу энергетикасының озық әрі орнықты дамуын қамтамасыз ету. Сондай-ақ заң жобасында Үкіметтің, уәкілетті органның, мемлекеттік және жергілікті атқарушы және өкілді органдардың жылу энергетикасы саласындағы құзыреті, жылумен жабдықтау субъектілері мен жылу энергиясын тұтынушылардың құқықтары мен міндеттері бекітіледі. **Екінші оқылымға дайындау барысында депутаттар жылу энергетикасы саласындағы мемлекеттік энергетикалық бақылауды күшейтуге бағытталған түзетулер енгізді.** Бұл үшін қашықтықтан бақылау, жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер, тергеп-тексерулер енгізу ұсынылды. Сондай-ақ депутаттар бақылау органдары мен бақылау субъектісі (объектісі) лауазымды адамдарының құқықтары мен міндеттерін нақтылады. Сонымен қатар жылумен жабдықтау субъектiлерiне жылу өндiрушi және жылу тасымалдайтын субъектiнiң мүлкiнiң меншiк иелерiн, сондай-ақ өзге де мүдделi тұлғаларды жөндеу, реконструкциялау, жаңғырту немесе ауыстыру қажеттiгi туралы уақтылы хабардар ету мiндетi жүктелген. Бұдан бөлек депутаттар уәкілетті орган бекітетін тәртіппен күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлікті растау үшін жылу өндіруші және жылу тасымалдаушы субъектілердің әзірлік паспортын алу жөніндегі міндетін бекітуге бағытталған түзетулер енгізді.

**Сондай-ақ энергиямен жабдықтаушы ұйымдар электр энергиясы нарығы құрылымынан шығарылады.** Энергиямен жабдықтау саласындағы өнімсіз делдалдарды болғызбау мақсатымен энергиямен жабдықтаушы ұйымдарды электр энергиясы нарығының құрылымынан шығару және олардың функцияларын өңірлік электр желілік компанияларға беру ұсынылды. Реттелетін бағаларға қайта оралу энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың тариф белгілеуінің ашықтығын қамтамасыз етуге, электр энергетикасы нарығындағы алыпсатарлықты жоюға, сараланған тарифтерден жоспарлы түрде бас тартуға және әлеуметтік шиеленіске жол бермеуге мүмкіндік береді. Жүктеменің ең жоғары сағаттарында электр қуаты тапшылығы мәселесін шешу үшін базалық қуатты салуға арналған тендерлік рәсімді өткізу тәртібін жетілдіруге бағытталған ұсыныстар қабылданды. Бұл мемлекеттің электр энергетикасы нарығының инвестициялық тартымдылығын жеткілікті түрде қамтамасыз ететін болады. Сондай-ақ әлеуетті инвесторларды іріктеу бойынша тендерлерді өткізу рәсімдерін жетілдіруге, жасыл энергетиканы дамытудың гибридті топтық тетігін енгізуге бағытталған және басқа да түзетулер енгізілді.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/zhylu-energetikasy-zh-yesine-tikeley-atysty-al-ash-ret-zirlengen-za-abyldandy-1005094](https://yvision.kz/kk/post/zhylu-energetikasy-zh-yesine-tikeley-atysty-al-ash-ret-zirlengen-za-abyldandy-1005094)