---
title: "Жылдам оқудың кемшіліктері мен артықшылықтары қандай?"
description: "Қазіргі таңда жылдам оқу жеке пән секілді қалыптасып келе жатыр десек артық етпейді. Бұл дәйекке бүг..."
author: "ShalkarovaAidana"
published: "2021-04-17T06:43:12+00:00"
modified: "2021-04-17T06:43:12+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/zhyldam-o-udy-kemshilikteri-men-arty-shyly-tary-anday-931296"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/zhyldam-o-udy-kemshilikteri-men-arty-shyly-tary-anday-931296/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Жылдам оқудың кемшіліктері мен артықшылықтары қандай?

> Қазіргі таңда жылдам оқу жеке пән секілді қалыптасып келе жатыр десек артық етпейді. Бұл дәйекке бүг...

Қазіргі таңда жылдам оқу жеке пән секілді қалыптасып келе жатыр десек артық етпейді. Бұл дәйекке бүгінгі жасөспірімдердің, тіпті орта буын өкілдерінің жылдам оқуға деген қызығушылықтары мен ұмтылыстары дәлел бола алады. Тіпті жылдам оқуды меңгеру үшін 400-500 мыңға жуық ақшаларын жұмсайтын зерек жандар да бар. Осындай қазақ-орыс тіліндегі жылдам оқу курстарына қатысып, бүгінде алған білімін өзгелерге үйретіп жүрген оқытушылардың бірі – Кәусария Сағадатқызы. Ол өз тәжірибесіне сүйене отырып, жылдам оқудың жақсы, жаман тұстарын атап өтті. Оның айтуынша, жылдам оқи білу адам үшін артық емес, бұл саланы адам таланттарының бірі деп қарасақ та болады. Ол жылдам оқи білудің артықшылығы- есте сақтау қабілетінің жақсарып, ми қызметінің қалыпты болуына әсер ететіндігінде деп түсіндірді. Сонымен қоса, Кәусария жылдам оқудың бірқатар кемшіліктерін де атап өтті. Егер адам жылдам оқуға дағдыланса, баяу бейнематериалды, фильмдерді көруге шыдамы жетпейтін жағдайға дейін жетеді және де миы тым тез жұмыс жасап, шыдамсыздыққа бой алдырады. Сондықтан жылдам оқудың адам денсаулығына тигізетін зиян тұстары бар екенін естен шығармаған абзал.

Қазіргі уақытта Кәусария 1 сағатта 1 кітап оқиды және ол бұл көрсеткішті жеткілікті деп есептейді. Себебі, адам миының тез жұмыс жасауы оның тез шаршап қалуына ықпал етеді. Алайда, оның оқушылары арасында 3 минутта 1 кітапты оқып бітіретін жандар аз емес.

Кәусария жылдам оқу курсына қатысу кезінде жас ерекшеліктеріне мән беру керек екендігін алға тартты. Себебі, кейбір ата-аналар балаларының зеректігі мен алғырлығын дамыту үшін 10 жастан бастап осы секілді курсқа еріксіз қатыстыратын жайттар да кездескен. 10 жас жылдам оқу қабілетін меңгеру үшін тым ерте кезең болып саналса, 14 жастан бастап жылдам оқу курстарына қатысу қалыпты болып есептеледі.

Кітапты сүйіп оқитын жандарға Кәусария бірнеше пайдалы кеңестерін ұсынды.

Біріншіден, кітапты оқымас бұрын ол жайында мағлұматтармен таныс болу керек.

Екіншіден, түсінігіңіз нашар болса да кітапты жылдам оқуға талпынған жөн. Қарандашты жүргізіп отырып, 10 минут бойы тез оқуды үйреніңіз. Осылайша миыңыз жылдамдыққа ілесе бастайды.

Жылдам оқу жүйесіне заманның қазіргі талабы деп қарауға болмайды. Себебі, шектен тыс дайындық адам миына кері әсерін беруі ғажап емес. Алайда, есте сақтау қабілетіңіз нашарлап, оқуға деген ынта-жігеріңіз жоғала бастаса, жылдам оқу қабілетін меңгеруге кеңес береміз.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/zhyldam-o-udy-kemshilikteri-men-arty-shyly-tary-anday-931296](https://yvision.kz/kk/post/zhyldam-o-udy-kemshilikteri-men-arty-shyly-tary-anday-931296)