---
title: "Жылқының пірі - Жылқышы ата"
description: "«Киелі орындар географиясы» аясында 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап Жылқышы ата кесенесі жергілік..."
author: "seidaly"
published: "2019-01-19T10:48:01+00:00"
modified: "2019-01-22T12:00:42+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/zhyl-yny-piri-zhyl-yshy-ata-824092"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/zhyl-yny-piri-zhyl-yshy-ata-824092/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Жылқының пірі - Жылқышы ата

> «Киелі орындар географиясы» аясында 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап Жылқышы ата кесенесі жергілік...

«Киелі орындар географиясы» аясында 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап Жылқышы ата кесенесі жергілікті (Түркістан облысы бойынша) киелі орындар тізіміне еніпті. Осыған байланысты айтар бірер ауыз сөзіміз болсын, Жылқышы ата тақырыбы тереңіне қәлімізше сүңгіп көрсек.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/ea4c05b5fbc328b0cc12eec2e7d0a7.jpg)

Жылқышы ата кесенесі

Елбасы "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласында жылқыны қолға үйреткен қазақ даласы екенін баса айтты. Ал сол жылқының халық ауыз әдебиетінде аталатын пірі кім еді? Жылқышы ата кесенесінің "Киелі орындар" тізіміне ендірілетіндей бір жөні осы болса керек.

Қазақ фольклорында жылқының пірі – Қамбар ата деп аталады. Сонымен қатар, жылқының пірі ретінде Қамбар атамен қатарласа Жылқышы ата деген атау қосарлана, қабаттаса аталып жатады (Сілтеме: https://e-history.kz/kz/contents/view/2694) . Мұның себебін қазақ фольклорын зерттеуші А.Диваев Орта Азияға сапары кезінде жазған еңбегінде Жылқышы ата мен Қамбар ата атаулары қазақ ауыз әдебиетінде бір-бірін алмастыра беретін тұлғалық атаулар деп көрсетеді. Демек, Жылқышы ата мен Қамбар ата – синоним сөздер есебінде болса керек.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/9e587d9f2a03aa3b711b972fe401bd.jpg)

Шет Қаржан өзені

Жылқышы ата кесенесі – Қазығұрт ауданындағы Қаржан ауылынан 1 шақырымдай оңтүстік бағытта орын тепкен. Қаржансу өзеніне оң жағынан келіп құятын Шынар өзенінің құйылысында орналасқан. Кесене 90-шы жылдардың соңында жергілікті тұрғындар бастамасымен салынған.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/0700e4813edd7da782b634783c6a62.jpg)

Жылқышы ата тоғайы

Бұған дейінгі «Алтынтөбе атауы қайдан шыққан» мақаламызда бала күнімізде Алтынтөбенің Каракемер деп аталатын сулы өлкесінде кетпен шауып, егін еккенімізді айта өткенбіз. Сол Қаракемердегі егісімізден ұзақ емес, 600-700 м. шамасында, Қаржансудың оң жақ жағалауында Жылқышы ата кесенесі болатын. Ол кезде әкеміздің көзі тірі кез. Әкеміздің аузынан Жылқышы ата туралы аңыздарды тыңдап отыратынбыз. Сол аңыздардың желісіне және халық ауыз әдебиетіндегі Қамбар ата кейіпкерімен салыстыра отыра әңгімелесек...

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/c7d15b6a72586b08143642de134594.jpg)

Жылқы басына ұқсаған тас. Осы таста көне жазулар бар деседі.

Есте жоқ ерте заманда Қаржантаудың сілемдерін Жылқышы ата деген кісі мекен етіпті деседі. Шын аты Ақберді болғанымен, жергілікті жұрт атын тікелей атамай, «Жылқышы ата» деп атап кетіпті. Шұрқыраған жылқысы тау аңғарларында үйір-үйір болып жайылады екен. Жылқының барша ауру-сырқауын жақсы білген әулие кісі болыпты деседі. Күндердің күнінде Жылқышы ата қайтыс болып, Шынар өзенінің жоғарғы ағысы, тау қойнауының біріне жерленіпті. Мола басына жылқының басына ұқсаған үлкен тас қойылып, сол тасқа көне жазумен дұғалар жазылған екен. Сол тас тек жылқының ғана емес, жылқы баққан көшпелі жұрттың құрметтейтін қадірлі тасы болыпты. Жылқыға күні қараған ауылдар ауру шалған жылқысын сол тасты үш айналдырса, құлан таза сауығып кететін қасиеті бар екен. «Аттай ойнап шыға келді» деген тіркес сол тасқа қатысты аталса керек. Арада біршама уақыт өткенде қатты нөсер жауын жауып, тау өзендерінде тасқын жүріп, тау қойнауындағы әлгі Жылқышы атаның тасын тасқын су суырып, төмен ағызыпты. Тасқын басылғасын жылқышы жұрт тасқын жұлған тасты іздеп Шынар өзені бойымен төмен түседі. Шынар өзенінің Қаржансуға құяр тұсында, жағада жата өскен доланаға тіреле тоқтаған тасты көреді. Содан бастап, «Жылқышы атаның киесі тоқтаған жер» деп осы жерді киелі санап кетіпті. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының соңында жергілікті тұрғындар қаражатымен әлгі тас өзен арнасынан жоғары шығарылып, жанына кесене тұрғызылады. Біз әңгіме етіп отырған кесене осы.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/ac99a2ac60156dcc5d7743eb3302bb.jpg)

Шынар өзенінің Шет Қаржанға құяр тұсы. Осы жерден Қаржансу болып ағады

Және бір аңызда мынадай оқиғаны баян етеді. ХХ ғасырдың басында қайшылыдан шыққан бір бай көктемнің күндерінде өзеннің бергі бетінде өріс қалмай, мыңғырған малын тасқындаған Қаржансудың арғы бетіне өткізіп жаймақ болады да, көпір салуды ойлайды. Содан қазіргі Жылқышы ата кесенесі тұрған кесене маңындағы тоғайдан қарағаш кеспек болып балтасын ала, жалшыларын ертіп барады. Өзеннің бергі бетінде жалшыларын қалдырады да, өзі арғы бетке өтеді. Арада сүт пісірім уақыт өткенде әлгі бай түсі сұп-сұр болып қайта оралыпты да, жалшыларына қарап, "Қайттық!" дейді де, алды-артына қарамай бұрылып кете берді дейді. Кейіннен не болғанын сұрағанда, «Жылқышы ата деген кісімен жолықтым. Тоғайынан ағаш шабуға рұқсат етпеді. Қисық, қураған ағашын да бермеді. Өзінің түсі қап-қара, қатты кісі екен» депті. «Өзінен бірнеше ғасыр алдыңғы заманда өткен кісімен жолығып, сұқбаттасқанынан қарағанда, әлгі бай да қасиетті кісі болғаны да» деседі халық аңызға сеніп.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/1353013ec72c837169429c6cfd334c.jpg)

Қаржансудың арғы бетінде қарағаш, бергі бетінде таутал өседі

Енді аңыз астарына үңілетін болсақ, жоғарыда аталған аңыздарда су культі ұғымы маңызды орында тұр. Осыған қарағанда Жылқышы ата аңызы исламға дейінгі аңыздар қатарына жатқызылса керек. Аңызда тасқындаған су Жылқышы атаның символдық тасын ағызып кетеді. Бұл, Қорқыт ата туралы

«Қорқыт ата туғанда

Қараспанды су алған,

Қара жерді күл алған.

Ол туарда ел қорқып,

Туған соң әбден қуанған!»-деп келетін жыр желісін елестеді.

Жалпы, фольклористикада Қамбар ата мен Қорқытты қатар салыстыру – қалыпты көрініс. Мәселен, «Қамбар» атауының мағынасын исламға дейінгі түркілік ұғымдағы қасиетті саналған «қам», «ғам» - «бақсы», «шаман» және «бар» - «бөрі» сөздерінен іздеп жатады (сілтеме: https://aikyn.kz/2019/01/12/77321.html) . «Қамшы» сөзінің өзі тек жылқышының құралы ғана емес, бақсылыққа қатысты аталатыны сөз түбірінен білініп тұр емес пе? Тіпті, С.Хасан секілді халық ауыз әдебиетін зерттеушілер «Қамбар» атауынан Хауамарга сақтарының ізін іздеп кетеді.

Енді бір деректе Қамбар атауын су тасқынымен етене сипаттап жатады. Мәселен, С.Қоңдыбай «Қазақ фольклорында Қамбар атаның мифтік болмысы су стихиясымен («Көл иесі Қамбар-ау, Шөл иесі Қамбар-ау, қарағыма көз сал-ау»), музыкамен, музыкалық аспапты ойлап табумен (түрікмен мысалы), жылқы малымен байланысты, жылқы (“су жылқылары”, “суын бие”, “суын айғыр”) мен музыканың су стихиясымен ұштастырылатындығына (қазақтың Қорқыт атасы, түрікпеннің Ашықайдыны, осетиннің Сырдоны, т.б.) қарап, Қамбар ата - мифтік сипатының тек жылқышыларға қамқорлық жасаумен шектеліп қалмайтындығын аңғаруға болады» дейді (сілтеме: https://el.kz/kz/news/archive/%D2%9B%D0%B0%D0%BC%D0%B1%D0%B0%D1%80-%D0%B0%D1%82%D0%B0) . Айтпақшы, алысқа бармай-ақ, «су жылқылары» туралы аңызды осы Қазығұрт ауданының Мақпалкөл көліне қатысты бір аңызда аталып қалатыны да бар.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/90cf9bfb47dc35caefe1d66e3ff84a.jpg)

Қаржансу өзенінің аңғары

Су культі тек «Жылқышы ата аңызында» ғана емес, қазіргі кесенесі орналасқан аумақта да көрініс тапқан. Кесененің жанында шипалы Шынар бұлағы, Көз ата суы деп аталатын суға қатысты атаулар да исламға дейінгі заманның дүниетанымын елестетіп тұрғандай.

Қазіргі Қазығұрт өңіріндегі топонимдер мен гидронимдерде Қаңлы руларына (мүмкін, сонау Кангюй заманынан шығар) қатысты этноним белгілерін көптеп кездестіруге болады. Мәселен, өңір аңыздарын зерттеуші Қ.Ергебековтің Қырыққыз, Ақбура аңыздарында қаңлы руына қатысты деректер аталса («Қырыққыз туралы аңыздар», «Ақбура әулие» кітаптары), Ақпарақ өзені атауында қаңлы руының аты сақталған. Бұл қатарға тарихшы Н.Сәдірбекұлының пікірін ескеріп, қаңлының Жылқышы руын да қосуға болар? Өйткені, арыға бармай-ақ, ХҮІІ ғасырда Есім ханнан жеңілген Тұрсын хан басқарған қатағандармен бірге қаңлы, шанышқылы рулары да осы жерлерден үдере көшкенін еске түсірсек те жеткілікті болар. Сондай-ақ, Ежелгі Қытай деректеріндегі «Қаңлыдан келді бір тұлпар» деп аталатын жыр да бүгінгі күнге жетіп отыр емес пе? Ерте заманғы қаңлы және жылқы тақырыбын арнайы зерттеу нысаны етіп, мақала жазуға болады.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/e820d6e78b73578c994e2bbde2ba2a.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/2e4f35b4d366247ca8598bdbca28ef.jpg)

Қаржан сақ қорғандары (б.з.д. ҮІІ-ІІІ ғ.ғ. ескерткіші)

Қазіргі Жылқышы ата кесенесін маңында орналасқан жоғарыда айтылған Шынар шипалы бұлағы, Көз ата суынан өзге ортағасырлық Төрткүлтөбе қоныс орны (ҮІІІ-Х ғ.ғ. ескерткіші, «Свод памятников истории и культуры Казахстан», Алматы, 1994ж.), құрамына 10 оба-қорған кіретін Қаржан сақ қорғандары (б.з.д. ҮІІ-ІІІ ғ.ғ. ескерткіші, сілтеме: https://www.facebook.com/search/top/?q=%D0%A1%D0%B5%D0%B9%D0%B4%D0%B0%D0%BB%D1%8B%20%D0%94%D2%AF%D0%B9%D1%81%D0%B5%D0%B1%D0%B0%D0%B9%D2%B1%D0%BB%D1%8B%2C%20%D2%9B%D0%B0%D1%80%D0%B6%D0%B0%D0%BD%20%D1%81%D0%B0%D2%9B%20%D2%9B%D0%BE%D1%80%D2%93%D0%B0%D0%BD%D0%B4%D0%B0%D1%80%D1%8B&epa=SEARCH_BOX) тарихи ескерткіштермен қосып, кешен (комплекс) етіп қорғауға алса, арнайы туристік маршрут ретінде насихаттауға болады.

Біздің мақсат – Жылқышы ата мен Қамбар ата тереңіне жету емес, оған шамамыз да жетпес, жай ғана ой салу. Біз ойымызда жүрген деректерді жүйеледік. Ары қарай терең індете зерттеу – тарихшы мамандардың үлесінде.

Сейдалы Дүйсебайұлы

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/zhyl-yny-piri-zhyl-yshy-ata-824092](https://yvision.kz/kk/post/zhyl-yny-piri-zhyl-yshy-ata-824092)