---
title: "Жыл басынан бері мүлік пен ақша қаражатын жария ету 2,8 трлн теңгені құрады - Сұлтанов"
description: "Жыл басынан бері мүлік пен ақша қаражатын жария ету 2,8 трлн теңгені, соның ішінде ақшалай 2 трлн те..."
author: "Anuarbek_Ainash"
published: "2016-10-25T05:26:00+00:00"
modified: "2016-10-30T12:06:18+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/zhyl-basynan-beri-m-lik-pen-a-sha-arazhatyn-zhariya-etu-2-8-trln-te-geni-rady-s-ltanov-721631"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/zhyl-basynan-beri-m-lik-pen-a-sha-arazhatyn-zhariya-etu-2-8-trln-te-geni-rady-s-ltanov-721631/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Жыл басынан бері мүлік пен ақша қаражатын жария ету 2,8 трлн теңгені құрады - Сұлтанов

> Жыл басынан бері мүлік пен ақша қаражатын жария ету 2,8 трлн теңгені, соның ішінде ақшалай 2 трлн те...

Жыл басынан бері мүлік пен ақша қаражатын жария ету 2,8 трлн теңгені, соның ішінде ақшалай 2 трлн теңгені құраған, деп хабарлады ҚР қаржы министрі Бахыт Сұлтанов «2016 жылғы 9 ай ішінде мемлекеттік бюджетті атқару қорытындылары туралы» мәселесі бойынша ҚР Үкіметінің отырысында.

«Мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заңның нормалары бәсекелестікті дамыту үшін жағдайлар жасады. Қазір бір конкурсқа орта есеппен 5 қатысушыдан келеді. 9 ай ішінде 20 мың тапсырыс беруші және 90 мыңнан астам өнім беруші тіркелген. Осы жылы мемлекеттік аудит басымдығы адал өнім берушілерді қорғау болып табылады. 2016 жылғы 9 ай ішінде 375 млрд теңге сомасына дұрыс жарияланбаған мемлекеттік сатып алу анықталған – олардың барлығы түзетілген және тең қолжетімділік қамтамасыз етілген», - деді Б. Сұлтанов.

Сонымен бірге, министр жекешелендіру мен жария ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы хабарлады.

«Ағымдағы жылы 7,6 млрд теңге сомасына 86 объект жекешелендірілген, осылайша, іске асырудың жалпы саны 86 млрд теңге сомасына 333 объектіге жеткен. Ведомстволық бағынышты ұйымдарды түгендеу бойынша жұмыс жүргізілуде. Нәтижесінде, жекешелендірілетін кәсіпорындар тізімі кеңейтіледі. Жария ету бойынша акция аяқталып келеді және үшінші тоқсанның өзінде ғана ақшаның орташа айлық сомасы 40 есе өскен. Ағымдағы жылғы 24 қазанда барлығы 2,8 трлн теңге жария етілген, соның ішінде ақшалай 2 трлн теңге. Бюджетті атқару барысында қабылданған барлық шаралар экономиканың өсуіне қолдау берді», - деп хабарлады Б. Сұлтанов.

«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылғы 9 ай ішінде жылдық көлемнің 70%-ға жуығы пайдаланылған. «Нұрлы жол» бюджет бөлігінің қаражатын игеру динамикасы жақсы. Әкімшілер Астана халықаралық әуежайы, Жезқазған – Бейнеу теміржол желісі және Алматы – Шу теміржол учаскесі, Құрық портындағы паром кешені, ҰИМТ АЭА инфрақұрылымы сияқты ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға арналған қаражатты толық көлемде аударған. Осы жобалар болашақта мультипликативті әсер береді», - деді Б. Сұлтанов.

Ведомство басшысы атап өткендей, тұрғын үй құрылысына және ТКШ, білім беру инфрақұрылымын дамытуға бағытталған қаражат та өңірлерге уақтылы аударылған.

«Жергілікті органдар 161,6 млрд теңгені немесе алынған қаражаттың 97,1%-ын игерген. 3,7 млрд теңге игерілмеген. Жалпы, игеру оңтайлы кесте бойынша орын алуда, қалған қаражат жыл соңына дейін тең бөлінді», - деп қосты Б. Сұлтанов.

Ақпарат көзі: [strategy2050.kz](https://strategy2050.kz/)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/zhyl-basynan-beri-m-lik-pen-a-sha-arazhatyn-zhariya-etu-2-8-trln-te-geni-rady-s-ltanov-721631](https://yvision.kz/kk/post/zhyl-basynan-beri-m-lik-pen-a-sha-arazhatyn-zhariya-etu-2-8-trln-te-geni-rady-s-ltanov-721631)