---
title: "Журналист әл Фараби университеті студенттерді қинап..."
description: "ЖАСТАРҒА АҚША БЕРМЕЙ-АҚ ҚОЯЙЫҚ, ҚАЛТАСЫНДАҒЫ АҚШАҒА ТҮСПЕЙ-АҚ ҚОЙСАҚ ҚАЙТЕДІ?... Жансейіт аға, Жәке, ҚазҰУ-де сіз де оқыдыңыз, біз де оқыдық. Ол кезде ҚазМУ (КазГУ) еді.. Қазір Ұлттық статус алған. Алайда, неге ұлттық қасиеттен жұрдай болған? Қазақ..."
author: "jan.123"
published: "2024-03-05T07:46:19+00:00"
modified: "2024-03-05T07:46:19+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/zhurnalist-l-farabi-universiteti-studentterdi-inap-zhat-anyn-m-limdedi-1001891"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/zhurnalist-l-farabi-universiteti-studentterdi-inap-zhat-anyn-m-limdedi-1001891/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Журналист әл Фараби университеті студенттерді қинап...

> ЖАСТАРҒА АҚША БЕРМЕЙ-АҚ ҚОЯЙЫҚ, ҚАЛТАСЫНДАҒЫ АҚШАҒА ТҮСПЕЙ-АҚ ҚОЙСАҚ ҚАЙТЕДІ?... Жансейіт аға, Жәке, ҚазҰУ-де сіз де оқыдыңыз, біз де оқыдық. Ол кезде ҚазМУ (КазГУ) еді.. Қазір Ұлттық статус алған. Алайда, неге ұлттық қасиеттен жұрдай болған? Қазақ...

![Журналист әл Фараби университеті студенттерді қинап...](https://storage.yvision.kz/images/user/577780/ca259d8bbcf55a7cba4893f93dc627.jpg)

ЖАСТАРҒА АҚША БЕРМЕЙ-АҚ ҚОЯЙЫҚ, ҚАЛТАСЫНДАҒЫ АҚШАҒА ТҮСПЕЙ-АҚ ҚОЙСАҚ ҚАЙТЕДІ?...

Жансейіт аға, Жәке, ҚазҰУ-де сіз де оқыдыңыз, біз де оқыдық. Ол кезде ҚазМУ (КазГУ) еді.. Қазір Ұлттық статус алған. Алайда, неге ұлттық қасиеттен жұрдай болған?

Қазақ деген ұлт қашан әлі жетілмеген өренді өз қалтасынан ақша шығаратын жерге жұмсап еді?

Қазақ деген ұлт қашан жетім баланың қалтасын қағып еді?

Ал, біздің нақ білуіміз бойынша ҚазҰУ кемі 8-9 жылдан бері студенттерді "газетке университет туралы жарнама мақала беріңдер" деп мәжбүрлеп келеді. Ал, жарнама ақша тұрады. Оны басқалар білмесе де Ұлттық университеттің мүйіздері қарағайдай профессорлары мен доценттері, декандары мен ксафедра меңгерушілері, басқа да қызметкерлері жақсы білуі керек! Бізге жылда ҚазҰУ-дің студенттері өздері оқитын университеті, факультеті, кафедрасы туралы имидждік мақалаларын, тіпті таза жарнамалық дүниелерін әкеледі де тұрады. "Шырағым-ау, мына дүниеңді жариялатпай-ақ қойсаң қалай болады, бұл үлкен ақша тұрады ғой" десең, "ағай, жариялап беріңізші, мұны істемесем оқудан шығарып жібереді" деп жыламсырайды. Амал жоқ, олардың өздері титықтап отырған ата-аналарының қалтасына түсуге мәжбүр боламыз. Тегін шығарып бере салуға бізді де тексеретіндер аз емес. "Ата-анаң бар ма?" дейміз. Бар болса, бар дейді, жоқ болса жоқ дейді. Не екеуінің біреуі жоқ болып шығады. Ал, сіздер осы әлі жетілмеген жастардың, жетімдердің есебінен өз жарнамаларыңызды жасайсыздар. Ұят емес пе?

Қазір ғана алдымнан біреуі кетті. Шешесін ертіп келіпті. Әкесі жоқ екен. Шешесі өте жұпыны көрінді. "Еш болмаса 50 пайыз жеңілдік жасайсыздар ма?" дейді Құдайдың момыны.

Бұл жолы да жағдайларын ескере отырып, тегін шығарып беретін болдық. Бірақ қашанғы? Сіздер өздеріңіз Алматыда отырып, елде сіңірі шығып жүргендердің ұл-қыздарын тағы қанша уақыт қинайсыздар?

Бірден айтайық, студенттердің аты-жөндері құпия ұсталады. Себебі, оларды тағы да тағдыр тәлкегіне тастағымыз келмейді. Сіздер студенттердің емес, оларды жұмсап отырған мұғалімдердің аты-жөнін анықтаңыздар! Қалай анықтайсыздар, ол сіздердің шаруаларыңыз. Және ол мұғалімдерді заң орындарына өздеріңіз беріңіздер!

Құрметті Жансейіт Қансейітұлы!

Әділін айтайық, бұл былық университетке сіз ректор болып келмей тұрып-ақ бар еді. Ал, мұны жоюды осы университеттің түлегі әрі басшысы ретінде өзіңіз қолға алсаңыз, көптің алғысына бөленер едіңіз. Қызметкерлеріңіз Құдайдан безген біреулер болмаса, еш болмаса жетімдерді, жартылай жетімдерді қинамасын да. Бұл мәселенің адамгершілік жағы, ал, заңдық жағының салмағы бұдан да ауыр болатынын әлгі мүйізі қарағайдай кісілерге ескертіп қою керек шығар...

Журналист Абай Балажанның жазбасы.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/zhurnalist-l-farabi-universiteti-studentterdi-inap-zhat-anyn-m-limdedi-1001891](https://yvision.kz/kk/post/zhurnalist-l-farabi-universiteti-studentterdi-inap-zhat-anyn-m-limdedi-1001891)