---
title: "Жоғарғы Сотта кезекті жалпы отырыс өтті"
description: "Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәмидің басшылығымен кезекті жалпы отырыс өтті. Жалпы отырыстың жұмыс..."
author: "SUD_RK"
published: "2016-07-08T02:47:17+00:00"
modified: "2016-07-08T02:47:17+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/zho-ar-y-sotta-kezekti-zhalpy-otyrys-tti-701310"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/zho-ar-y-sotta-kezekti-zhalpy-otyrys-tti-701310/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Жоғарғы Сотта кезекті жалпы отырыс өтті

> Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәмидің басшылығымен кезекті жалпы отырыс өтті. Жалпы отырыстың жұмыс...

Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәмидің басшылығымен кезекті жалпы отырыс өтті. Жалпы отырыстың жұмысына Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары мен судьялары, ғылыми-консультативтік кеңестің мүшелері, Конституциялық Кеңестің, Бас прокуратураның, Әділет министрлігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюроның өкілдері қатысты. Жалпы отырыста «Мәмілелердің жарамсыздығын және олардың жарамсыздығының салдарын соттардың қолдануының кейбір мәселелері туралы», «Соттардың қылмыстық істерді келісімдік іс жүргізуде қарау практикасы туралы» және «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кейбір нормативтік қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» нормативтік қаулылар жобалары күн тәртібіне талқылауға шығарылды. «Мәмілелердің жарамсыздығын және олардың жарамсыздығының салдарын соттардың қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулының жобасы туралы айта келе, Жоғарғы Сот судьясы Дүйсен Тұмабеков бұл жоба, ең алдымен, қолданыстағы заңнамадағы бірізділіктің жоқтығынан туындайтын түйткілді мәселелерді жоюға, сондай-ақ сот төрелігінің әділдігі қағидатын сақтай отырып, процеске қатысушылардың барлығын сотта қорғауды қамтамасыз етуге бағытталғандығын атап өтті. Мәмілені жарамсыз деп тану және олардың салдарын қолдану туралы істерді қарау барысында соттар тараптардың өз талаптары мен қарсылықтарын негіздеу ретінде ұсынған дәлелдемелерді бағалауда, сондай-ақ материалдық құқық нормаларын қолдану барысында қиындықтарға ұшырасуда. «Соттардың қылмыстық істерді келісімдік іс жүргізуде қарау практикасы туралы» нормативтік қаулының жобасын таныстырған Жоғарғы Сот судьясы Әбдрашид Жүкенов 2015 жылдан бастап жаңа Қылмыстық процестік кодекстің қолданысқа енуімен нормативтік қаулыны қабылдаудың уақыты келгендігін әрі аса қажет болып табылатындығын атап өтті. Бұрын қолданыста болған сотқа дейінгі жедел тергеп-тексерудің жетілуіне орай қылмыстық процеске кінәні мойындау туралы мәміле түріндегі процестік келісім деп аталатын жеке институт енгізілді. Нормативтік қаулы кінәні мойындау туралы процестік келісім жасауға жүгінетін субъектілерге түсіндірме береді, келісім жасаудың механизмдерін бекітеді. Жобада келісімдік іс жүргізу бойынша Қылмыстық кодекстің 67-бабын қолдануға жол бермеу қажеттігі түсіндіріледі және тараптардың татуласуына байланысты Қылмыстық кодекстің 68-бабын қолданудың тәртібі регламенттелген, келісімдік іс жүргізу арқылы қылмыстық іс бойынша азаматтық талап-арыз бен өзге де өндіріп алуға рұқсат беру және оны қамтамасыз ету механизмдері, келісімдік іс жүргізу қорытындысы бойынша шығарылған сот үкімін қарау мен оған шағым түсіру қағидасы және апелляциялық сатыдағы сот отырысында кінәні мойындау туралы келісім жасаудың ерекшеліктері түсіндіріледі. Жалған кәсіпкерлік туралы нормативтік қаулыға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігін Жоғарғы Сот судьясы Өмірсерік Қожабаев жазадан құтыла алмаушылық қағидасының орындалмауы салдарынан жалған кәсіпкерліктің әлі де болса белең алып отырғандығымен, сондай-ақ олардың жосықсыз контрагенттерінің мемлекетке ондаған миллиард теңге көлемінде шығын келтіріп, олардың өтелмей жатқандығымен байланыстырды. Жалған кәсіпорынға қатысты үкім олардың мүліктік жауаптылығын алдын ала шешіп қоюына байланысты жалған кәсіпорындармен жарамды мәмілелер жасасқан контрагенттер өздерінің адалдықтарын дәлелдей алмауда. 2004 жылы Жоғарғы Соттың «Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстарды жіктеудің кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысы қабылданған уақыттан бастап, қоғамдық қатынастардың дамуымен экономикалық қылмыстар туралы қылмыстық заңнаманың нормалары бірнеше рет өзгеріске ұшырады. Осы санаттағы қылмыстардың жіктелу белгілерін түсіндірудің кейбір өзгерістері жобада Қылмыстық кодекстің тиісті баптарының диспозициялары мен өзге де заңдардың сілтемелік нормаларының өзгеруімен байланысты. Жобада қылмыстың бір түрін екіншісінен ажыратудың қағидасы неғұрлым нақты белгіленген, заңсыз кәсіпкерлік қызмет пен қылмыстық жолмен алынған ақша мен (немесе) өзге де мүліктерді заңдастырудың (ізін жасырудың) белгілері өзектіленген. Жалпы отырысқа қатысушылар нормативтік қаулылардың жобаларын талқылап, жалпы алғанда, нормативтік қаулыларды қабылдауға бірауыздан дауыс берді. [http://sud.gov.kz/kaz/news/zhogargy-sotta-kezekti-zhalpy-otyrys-otti-0](http://sud.gov.kz/kaz/news/zhogargy-sotta-kezekti-zhalpy-otyrys-otti-0)

![Жоғарғы Сотта кезекті жалпы отырыс өтті](https://storage.yvision.kz/images/user/sud_rk/S6V5ZypMuR4A3MmzN44uolYT87OtR5.jpg)

![Жоғарғы Сотта кезекті жалпы отырыс өтті](https://storage.yvision.kz/images/user/sud_rk/P597jD98D4PjJt12Y9Ndbh3Pxxbc95.jpg)

![Жоғарғы Сотта кезекті жалпы отырыс өтті](https://storage.yvision.kz/images/user/sud_rk/5N3GFKUNSnmg97JEeHmh84z5ZBknh8.jpg)

![Жоғарғы Сотта кезекті жалпы отырыс өтті](https://storage.yvision.kz/images/user/sud_rk/tZcDH557Mt29DOfAKsSH2NEoDTZoLo.jpg)

![Жоғарғы Сотта кезекті жалпы отырыс өтті](https://storage.yvision.kz/images/user/sud_rk/LmeZ96uP5mSP6PiRjn46BUpY33zlBZ.jpg)

![Жоғарғы Сотта кезекті жалпы отырыс өтті](https://storage.yvision.kz/images/user/sud_rk/4swBGwgrP0PdUu5Wri456ZBA2u0CAx.jpg)

![Жоғарғы Сотта кезекті жалпы отырыс өтті](https://storage.yvision.kz/images/user/sud_rk/4kKyg90vjo3u336YIOy4ifZGpR6brW.jpg)

![Жоғарғы Сотта кезекті жалпы отырыс өтті](https://storage.yvision.kz/images/user/sud_rk/xV9edz1R2ByOg6FW4l2W75ekolHCUn.jpg)

![Жоғарғы Сотта кезекті жалпы отырыс өтті](https://storage.yvision.kz/images/user/sud_rk/Jmn3h0Vm55C2ZCJXka7aW0Cih2jQBk.jpg)

![Жоғарғы Сотта кезекті жалпы отырыс өтті](https://storage.yvision.kz/images/user/sud_rk/9qMkt37Pf661AEbK46Yn4fDbiF4i0h.jpg)

![Жоғарғы Сотта кезекті жалпы отырыс өтті](https://storage.yvision.kz/images/user/sud_rk/jMFHrAHYZWa0a0ZWvvm87uENGWK3UC.jpg)

![Жоғарғы Сотта кезекті жалпы отырыс өтті](https://storage.yvision.kz/images/user/sud_rk/l8PZW8hhjxE1UjjSFmq2t7AqC003AQ.jpg)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/zho-ar-y-sotta-kezekti-zhalpy-otyrys-tti-701310](https://yvision.kz/kk/post/zho-ar-y-sotta-kezekti-zhalpy-otyrys-tti-701310)