---
title: "Жібек Жолы бойындағы мүдделер шеруі"
description: "Дәл қазіргі сәтте қатарына Қазақстан, Ресей, Беларусь, Армения және Қырғызстанды мүше қылып, аймақта..."
author: "qazaq_bala"
published: "2015-06-11T16:50:07+00:00"
modified: "2015-06-11T16:50:36+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/zhibek-zholy-boyynda-y-m-ddeler-sherui-508729"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/zhibek-zholy-boyynda-y-m-ddeler-sherui-508729/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Жібек Жолы бойындағы мүдделер шеруі

> Дәл қазіргі сәтте қатарына Қазақстан, Ресей, Беларусь, Армения және Қырғызстанды мүше қылып, аймақта...

**Дәл қазіргі сәтте қатарына Қазақстан, Ресей, Беларусь, Армения және Қырғызстанды мүше қылып, аймақтағы ең қуатты одақтардың біріне айналудан үміт қылып отырған Еуразиялық экономикалық Одақ туралы сөз жазылып, айтылып жүрген жоқ. Ал енді осы ұйымға Қытай Халық Республикасының «Жібек жолының экономикалық белдеуі» атты жобасының қандай қатысы болуы мүмкін? Бұл екеуінің арасында шоғырландырушы фактор қаншалықты басым?**

**

![Жібек Жолы бойындағы мүдделер шеруі](https://storage.yvision.kz/images/user/qazaq_bala/UekQZrwMfl3dQIXcd2bgzGZSYZ92Y9.jpg)

**

Еуразиялық экономикалық комиссия Қытай Халық Республикасымен арада сауда-экономикалық ынтымақтастық орнату жөнінде келіссөздер бастайтыны туралы хабарлағаны белгілі. Үстіміздегі жылдың 8 мамырында ЕЭК-нің сауда министрі Андрей Слепнев пен КХР-дің коммерция министрі Гао Хучэн келіссөздердің басы туралы декларацияға қол қойды. Келіссөздер 2015 жылдың шілде-тамыз айларында Пекинде басталады деп пайымдалған.

Бұйырған күні бекітілер деп отырған келісім шеңберінде Еуразиялық экономикалық одақ қызмет көрсету, өнеркәсіп пен көлік салаларына, инфрақұрылымға қаражат тартып, инвестиция әкелуден үмітті. Бұдан Қазақстан қандай пайда көреді, қай тұстан алғанда біздің елге тиімді? Бұл жайында отандық сарапшыларымыз былай деп пікір білдірген екен.

**Мейрам Қажыкен, Қоғамды зерттеу институтының директоры:**

- Бірден айта кету керек, бұл арада Қытай шоғырландырушы құрылым жасауға ынтығып отырған жоқ, яғни оларды мемлекетүстілік құрылымдар да, геосаясат та қызықтырмайды. Аспан асты елінің бар талпынысы – транспорттық бағыттардың мүмкіндігін бірлесіп жүзеге асыру дегенге саяды. Қытайдың түсінігінде – келісім аясындағы әрбір ел өз стратегиялық мақсатына сай, жолдың өзіне тиесілі бөлігін өз бетімен салып, ондағы инфрақұрылымды дамытуы тиіс. Яғни, мәселе жаңа Жібек жолы туралы, бірақ бұл жол бойындағы елдердің бәрінде бірдей қажетті ауқымда ақша бар ма? Азия инфрақұрылымдық инвестиция банкін құрудағы мүдденің бір ұшы да осыған келіп тірелсе керек. Әйтсе де, ежелгі Жібек жолын қайта салып, жандандыру экономикалық тұрғыда өте тиімді. Сондықтан да бұл жоба аясында әрбір ел асықпай ойланып, өз ұлттық экономикасын дамыту мүмкіндігіне көңіл бөлгені дұрыс.

Келіссөздер барысында Қазақстан «Жібек жолының экономикалық белдеуіне» еліміздің оңтүстік аймақтарын енгізуді ескергені жөн. Халық тығыз орналасқан бұл аймақтардағы жұмыс күші айтарлықтай арзан, ал мұндағы климаттық жағдай өңдеу саласы үшін біршама қолайлы. Оның сыртында оңтүстік облыстар арқылы газ құбырлары өтетінін де ұмытпайық, яғни көмірсутегілерді пайдалану мүмкіндігі жоқ емес деген сөз.

Әрине, бұл арада Ресейдің өз көздегені бар, олардың мүддесі солтүстік бағытта. Ал Қазақстанның бұл бағытта, яғни солтүстік көршімізге шикізат жеткізуге арналған транспорттық инфрақұрылымы жеткілікті. Біз үшін жолдың едәуір бөлігі Қазақстан арқылы өткені тиімді, бұл бізге жүк логистикасы мен транспорт қызметін дамытуға жол ашады. Ескеретін жайт – осынау жаһандық деңгейдегі көліктік логистика бизнесіне ең алдымен, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін көптеп қатыстыруға барынша көңіл бөлу керек. Бұл өте маңызды. Ал ірі бизнестің қатысуын мейлінше азайтуды ойластырған жөн. Қалай дегенмен, ірі бизнес әдетте монополиялық жағдайға ие болуға құштар, ойын тәртібін өзі орнатып, нарық ұсынысынан артық көлемде пайда тапқысы келеді. Ал орта бизнес болса бәсекелестік орта қалыптастырып, жаңа жұмыс орындарын ашып береді. Оның сыртында, шағын бизнеспен бірлесе отырып, орта бизнес экономикалық белдеудің қазақстандық бөлігінде маңызды рөл ойнайтын болады деген де үміт бар.

Өз кезегінде Қытай да барлық мүмкіндіктерді жібермеуге тырысып, әр түрлі бағыттарды қарастырары анық. Айталық, Қазақстан арқылы да, Ауғанстан мен Пәкістан арқылы да дегендей. Аспан асты елі жол бағыттары арасында бәсеке қалыптастыруға тырысады деп ойлаймын.

**Досым Сәтпаев, Тәуекелдерді бағалау тобының директоры:**

- Қытаймен салыстырғанда Еуразиялық экономикалық одақ әлі де пісіп-жетіле қоймаған аймақтық құрылым. Аспан асты елі тек өз ұлттық мүддесін көздейтін экономикалық жобаларды ұсынуға құмар. Ал ЕЭО болса әзірше коммуналдық пәтерде тұрып жатқан көршілер сияқты.

Байқауымызша, Қытай ЕЭО-дан гөрі Одақ құрамындағы әр елмен бөлек-бөлек қатынас орнатуға мүдделі секілді. Бұл, әсіресе, Қазақстанның мысалында көрініс тауып отыр. Естеріңізде болса таяуда Қытай бізге «Жібек жолының экономикалық белдеуі» мен «Нұрлы жол» бағдарламаларын біріктіру жөнінде ұсыныс жасады, өйткені бұл екеуі бір-біріне қатты ұқсас.

Негізі, біздің «Нұрлы жолдағы» басты мәселе де транспорттық инфрақұрылым мен логистикалық орталықтарды дамыту жөнінде. Бұл бағдарлама біздің елімізге экономиканың қосалқы салаларын құрып, қалыптастыруға ықпал етуі тиіс. Сол себепті де Қытай, егер бұл бағдарламалар бір-біріне сәйкес келіп жатса, неге біріктірмеске деп тапса керек. Айтқандай-ақ, қазір Қазақстан «Нұрлы жолды» жүзеге асыруға өз қаражатын жұмсап отыр, ал Қытаймен ынтымақтасса, Азия инфрақұрылымдық инвестиция банкінің қаражатына үміт арта алады. Бұл банкті Қытай құрғанын ұмытпайық.

Ең бастысы, бұл жобада Қазақстан өз ұлттық мүддесін қатаң ұстана білуі тиіс. Тәжірибеге сүйенсек, Қытай кімге болса да қаражат ұсынғанда, біріншіден, шыққан ақша Қытай экономикасына қайта оралуы тиіс деген есеппен және, екіншіден, өз құрылыс компаниялары мен өз жұмыс күшін, өз құрал-жабдықтарын алып келу деген ұстаныммен ғана береді.

Сондықтан да біз, егер Қазақстан аумағында қандай да бір жаңа логистикалық инфрақұрылым салынатын болса, ол, ең алдымен, жергілікті экономикаға жұмыс істеп, ел ішінде жаңа жұмыс орындары мен жаңа кәсіпорындар ашылуы тиіс деген есепке мойынсұну керекпіз. Сол сияқты, егер Қытаймен ынтымақтастықты ЕЭО арқылы қарастырар болсақ, онда бұл арада Ресей де қарап қалмайтынын ұмытпайық. Яғни, солтүстік көршіміз, айталық транзиттің бір бөлігін өздеріне қарай ыңғайлап, бізбен бәсекеге түсіп бағады деген сөз. Ресей қазірдің өзінде Қытай бағытында өз газ құбырын тықпалап, газ саласында бізбен бәсекелес. Ал Қытай Орталық Азия арқылы да тұрба құбырын салып жатқаны белгілі...

[And.kz](http://and.kz/site/article/1568)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/zhibek-zholy-boyynda-y-m-ddeler-sherui-508729](https://yvision.kz/kk/post/zhibek-zholy-boyynda-y-m-ddeler-sherui-508729)