---
title: "«Жиһаз өндірісі» мамандығы бойынша өндірістік оқыту шебері және оның хоббиі."
description: "«Жиһаз өндірісі» мамандығы бойынша өндірістік оқыту шебері және оның хоббиіБүгінгі кейіпкеріміз Дәул..."
author: "MON_RK"
published: "2017-05-15T12:21:18+00:00"
modified: "2017-05-26T03:31:24+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/zhi-az-ndirisi-mamandy-y-boyynsha-ndiristik-o-ytu-sheberi-zh-ne-ony-hobbii-766806"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/zhi-az-ndirisi-mamandy-y-boyynsha-ndiristik-o-ytu-sheberi-zh-ne-ony-hobbii-766806/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# «Жиһаз өндірісі» мамандығы бойынша өндірістік оқыту шебері және оның хоббиі.

> «Жиһаз өндірісі» мамандығы бойынша өндірістік оқыту шебері және оның хоббиіБүгінгі кейіпкеріміз Дәул...

***«Жиһаз өндірісі» мамандығы бойынша өндірістік оқыту шебері және оның хоббиі***Бүгінгі кейіпкеріміз Дәулет Тазабекұлы – Қазақстан Республикасы жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі мамандарын дайындау, қайта дайындау, біліктілігін арттыру және сертификаттау салалық кластерінде өндірістік оқыту шебері. Мұнда орнатылған сандық бағдарламамен басқарылатын заманауи құрал-жабдықтардың арқасында колледж студенттері кейін өндірісте қызмет еткенде қажет болатын қабілеттерді меңгеріп шығады. Бос уақытында Дәулет Тазабекұлы волейбол ойнайды, сонымен қатар колледждегі негізгі жұмысынан тыс үйінде тапсырыспен жиһаз жасайды.«ҚазМУ-де эколог мамандығы бойынша білім алып, 3-4 жыл осы мамандығым бойынша ҚазМШИ-де (Қазақ минералды шикізат институты) жұмыс істедім, – деп бастады әңгімесін педагог. – Бұл жұмыстың ұнамағаны, күн сайын компьютердің алдында отыру керек. Ал мен қимыл-қозғалысты, еңбекті жақсы көретін адаммын, бала күнімнен ағаш өңдеп, ағаштан бұйымдар жасайтынмын. 7-8 сыныпта оқып жүргенімде ағаштан жасалған аттың ерін жөндедім. Бауырым екеуміз ағаштан көтергіші бар кран, басқа да толып жатқан ойыншықтар жасайтынбыз, тіпті, бірде экскаватор да жасағанбыз. Мектебіміздегі еңбек пәнінің мұғалімі мені үнемі көрмелерге алып баратын. Мұғаліміміз ағаш жонатын станокпен жұмыс істеуді де үйретті, балалармен бірге ағаштан шахмат фигураларын ойып жасағанбыз. Ағашқа және өз қолыңмен жасалатын бұйымдарға деген махаббатымды оятқан да сол еңбек пәнінің мұғалімі шығар».«15 жылдан бері колледжде шебер болып жұмыс істеймін, 4 топты түлеттім, қазір ағаш және жиһаз өндірісі шеберлерінің бесінші буынын оқытып жатырмын. Оқытқан студенттерімнің арасында өз компаниясын ашқандары да бар, олар қазір студенттерімді практикаға қабылдайды.3-курста тәжірибеге оқу мерзімінің 7,5 айы берілген. Бұл уақытта балалар толыққанды жұмысшы болып шығады (бірінші курста негізін оқиды, екінші курста тәжірибеден өтеді, кейде өз беттерімен ақша да табады). Сондықтан компаниялар оларды қуана-қуана алады.Студенттеріме барлығын үйретемін: сызба мен пішу картасынан бастап, дайын жиһазды құрастыруға дейін. Ережеге сәйкес, алдымен ағаштың құрылымынан бастаймыз, сосын кесеміз, ағашты бойлай және көлденеңнен бұрғылауды үйренеміз, тиектер мен поршеньді меңгереміз. Осыдан кейін ғана басқа материалдарға көшеміз, мысалы, ламинацияланған ағаш тақтайшалар мен МДФ сынды материалдар, фанерлердің құрамын біліп, олармен жұмыс істеудің ерекшелігін үйренеміз. Балалар жиһаз фурнитурасын да білуі керек, мысалы, шкаф-купелерге арналған рельстер, тұтқалар. Шеберханада аспалы дүниелер мен тұтқалардың қалай жасалатынын көрсетемін, бағымызға қарай колледжде кез келген процесті көрнекі түрде көрсетуге мүмкіндік бар. Дегенмен, нарықтағы жаңа бұйымдарға да назар аударып отырған жөн. Мәселен, қазір ас үйге арналған шкафтардың есігі пультпен ашылатыны бар. Балаларға осындай жаңалықтарды үнемі біле жүруді, жаңалықтан қалмауды тапсырамын.Шеберханамызда өзіміздің колледж және басқа да оқу орындары үшін тапсырыспен жиһаз жасаймыз. Жиһаз жасайтын жабдықтармен жұмыс істеудің өзіндік талаптары бар екенін атап өткен жөн. Мысалы, ағаш кесетін болсақ, шебер ретінде негізгі жұмысты мен істеуім керек, ал студенттер тек қана көмектесуі керек. Бұл міндетті талап. Техникалық қауіпсіздік ережесін сақтай отырып жұмыс істесе, қазіргі заманауи станоктарда жараланып қалу қаупі өте төмен (барлығы автоматтандырылған, станок маңындағы белгіленген аумаққа қарай қадам бассаң, сенсор мұны сезеді де, машина тоқтап қалады), соған қарамастан, талап болғаннан кейін оны орындау керек», – дейді Дәулет Тазабекұлы.Шебер бізге шеберхананың жабдықтары мен оған не кіретінін көрсетті. Құрастыру цехы, студенттер құрастырған бүкіл жиһаз осы жерде тұр. Республика бойынша үш-ақ колледжде бар форматты кесу станогы және итальяндық SHM фирмасының сандық бағдарламамен басқарылатын үлкен өңдеу орталығы. Соңғысы өте қымбат құрылғы болғандықтан, кез келген компанияның қолы жете бермейді. «Алты жыл бұрын бұл орталық шамамен 75 мың доллар тұратын. Мұнда тігінен және көлденеңінен бұрғылауға болады, кесінділер жасауға болады. Мен барлық көрсеткішін жазамын, машина өзі кеседі. Орталық жұмыс істеп тұрған кезде жанына жақын барсаң, инфрақызыл сәуле мұны көрсетеді де, машина өздігінен тоқтап қалады. Осыған ұқсас тағы бір орталығымыз бар, оның көлемі кішілеу», – дейді шебер.Шеберханада жұмырлайтын станок та бар, өндіріс линиясы толық жабдықталған, материалдарды кесу, өңдеу сынды тұтас циклді жүзеге асыруға болады. Ағаш шеберханасында ағашпен жұмыс істейтін станоктар қойылған: рейсмустық, фрезерлік, сүргілеуші және доғал кесетін станоктар.«Кесу мен өңдеу – ең негізгі жұмыс және өте маңызды. Корпусты жиһаз жасап үйренген студенттер кейін жұмсақ жиһаз жасауды да тез меңгереді. 6-7 жыл бұрын біраз баланы жұмсақ жиһаз жасайтын компанияға жұмысқа тұрғызған едім. Сол балалардың бірі әлгі жерде қалып, жұмсақ жиһаз жасауды үйреніп алды, қазір үйінде тапсырыспен диван, креслолар жасайды. Үнемі ақпараттарды іздеп, қызықты нәрселерді тауып алуға, неғұрлым көп білуге тырысамын. Жуырда интернеттен жиһаздың жиегін қалай тегістейтінін көрдім. Мұндайды үйде істеу қиын, өйткені материалды қыздыру керек. Бірақ, жасау керек болды, бір әріптесімнен сұрап едім, материалды шаш кептіретін фенмен қыздыруды ұсынды. Жасап көріп едім, бәрі дұрыс болды. Ең бастысы, үнемі жаңа дүниені білу, өзіңді жетілдіріп отыру», – деп құпиясымен бөлісті Дәулет Тазабекұлы.Мамандығын шексіз жақсы көретін шебер бала күнінен волейбол ойнайды екен. «Сабақтан кейін мектепте қалып, волейбол ойнайтынмын. Әскерде де жалғастырдым. Мұнда да әріптестермен үнемі жиналып тұрамыз. Әр сейсенбі мен бейсенбіде колледжде денсаулық күні. Кешкі 5-те спорт залына жиналамыз (бүкіл оқытушылар, шеберлер, ал директор негізгі ұйымдастырушымыз). Колледждер арасындағы қалалық жарыстарға қатысамыз, үнемі жүлделі орын аламыз. Мысалы, 2016 жылдың қазан айында Алматы қаласының 1000 жылдығына орай 14 колледждің арасында жарыс болып, біз 3-орын алдық, – дейді оқытушы. – Көктем шыққалы спорттың барлық түрінен жарыстарға дайындық басталды. Үстел теннисі, футбол, дартс, кір көтеру және басқа да спорт түрлерінен дайындаламыз».Алматы құрылыс-техника колледжінде шеберханаларды заманауи жарақтандыруға ғана емес, сыртқа ақылы тәжірибеге баруға да, сыныптан тыс жұмысқа да теңдей көңіл бөлінетіні қуантады. Дәулет Тазабекұлы мен оның студенттеріне оқуда табыс, спортта жетістік тілейміз.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/7w13A85AT0cUuuJCX44idZE4TG6w5t.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/8dy849HXX4aduf8C8fgTu4uwQGlRDQ.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/JYmL4SqdNr0Xj6Y7Sa6Kn73YviWk4c.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/8A5sSG9xTaI3VZbY7uuD19bGSjRcgF.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/HK34TAXl5X0y87GE82WQydFjflSPOk.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/IEbkT7uu347X5QK8ej39mpNsvO5p8F.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/wrBkpbi0HCTlxdUaE98g33vF4a6g3t.jpg)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/zhi-az-ndirisi-mamandy-y-boyynsha-ndiristik-o-ytu-sheberi-zh-ne-ony-hobbii-766806](https://yvision.kz/kk/post/zhi-az-ndirisi-mamandy-y-boyynsha-ndiristik-o-ytu-sheberi-zh-ne-ony-hobbii-766806)