---
title: "Жезді музейі"
description: "Өткендегі сапарымыз барысында Ұлытау облысының Жезді кентінде Қазанбаева Зейпін Зікірқызы басқаратын..."
author: "Fvfylsr"
published: "2023-05-24T12:04:17+00:00"
modified: "2023-05-24T12:04:57+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/zhezdi-muzeyi-989046"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/zhezdi-muzeyi-989046/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Жезді музейі

> Өткендегі сапарымыз барысында Ұлытау облысының Жезді кентінде Қазанбаева Зейпін Зікірқызы басқаратын...

Өткендегі сапарымыз барысында Ұлытау облысының Жезді кентінде Қазанбаева Зейпін Зікірқызы басқаратын Мәкен Төрегелдин атындағы Жезді кентіндегі тау-кен және балқыту ісі тарихы музейіне жол түскен еді.

Кент болса да мұндай керемет музей бар деп ойламаппын, әрине, музей туралы оқығанмын және естіген едім, дегенмен расында мұндай бірегей музей Қазақстан аумағында жоқ десек артық айтқандық емес.

Жезді кентіндегі тау-кен және балқыту ісі тарихы музейі Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің 21.12.1988 жылғы № 285-р Жарлығы бойынша ұйымдастырылады. Музей қоры 1986-1988 жылдары жергілікті өлкетанушы М.Төрегелдиннің бастамасымен Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің ғылыми-зерттеу бөлімі болып ашылған кезеңінен жинақтала бастаған.

Экспозиция тұжырымдамасы жалпы тарихи дәуірлер шеңберінде халқымыздың ата кәсібінің бірі саналатын – металл қорыту ісінің пайда болып, бүгінгі замандарға дейінгі даму сабақтастығын көрсетуге негізделген. Музейдің 20 мыңнан астам экспонат қоры осы тақырыпқа сәйкес жүйеленіп, 7 негізгі экспозициялық залдар мен ашық аспан астындағы алаңдарда көрмеленеді. Жезқазған аймағындағы ең ежелгі металлургиялық қоныстар қазіргі мыс алыптарының технологиясымен салыстырмалы түрде көрсетіледі.

Музей экспозициясының басты құндылығы – ашық аспан астындағы көрме алаңдары. Негізгі жәдігерлер – ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басында өлкедегі тау-кен, мыс, қорғасын, көмір өндірістерінде қолданылған шетелдік техникалар мен жабдықтардың толық нұсқалары мен фрагменттері, өлкеге келген алғашқы отарба жүк вагондарымен, алғашқы серіктестіктерде жұмыс істеген ауыл шаруашылығы техникалары, Байқоңыр айлағынан ұшырылған ғарыш кемесінің бөлшегі. Сол сияқты Жезқазған, Балқаш, Жәйрем, Саяқ, Қоңырат, Ақтас, Жезді кеніштерінен жеткізілген үлкен көлемді, құрамы сапалы тау жыныстарының табиғи үлгілері. Музейдің ашық аспан астындағы көрмелері арқылы түйе арбадан – ғарыш кемесіне дейінгі, ежелгі тас ошақ, көрік пештен – қазіргі мыс қорыту зауытына дейінгі мыңжылдықтар тарихымен танысып шығуға мүмкіндік бар.

Жезді кентіндегі музей жалпы аумағы 4 га табиғат ландшафтын құрайтын біртұтас тарихи-мәдени кешен. Ашық аспан астындағы көрме алаңдарының аумағы 3 га-дан астам, экспозициялық залдар көлемі 916 ш.м құрайды. Мұражайда 2 ғылыми зерттеу – Көпшілік экскурссия және көрме-экспозиция, қор сақтау бөлімдері жұмыс істейді.

Қысқаша айтқанда, мен көріп жүрген музейлерден өзгешелігі бірінші, жеке адамның бастамашылығымен жұмыс істей бастаса, екінші, жоғарыда айтқандай ашық аспан астындағы алаңдарынан өзге, ғимарат ішінде де жәдігерлерді көруге болады. Және, бастысы, визуализация жасалған. Маған әсіресе ұнағаны қазақ этнографиясына қатысты дүниелер. Музейді аралау барысында мынадай ойға келдім.

Бірінші, қазақ даласының, оның ішінде Ұлытау өңірінің Алаштың басын қосқан қасиетті мекен ғана емес, металлургия орталығы ретінде рөлі зор. Ал, кезіндегі, ата-бабаларымыздың сайын қазақ даласында жылқыны қолға үйреткен соң, темір, мыс сияқты металлдарды пайдалануы ол тіпті басқа тақырып. Және, мен үшін ана тіліміздегі металлургияға қатысты атаулардың құндылығы, оған да мән беру керек деп санаймын.

Осы ретте, Ұлытау мен Торғай жерінің сабақтастығына тағы бір көз жеткіздім, біз қалай дегенмен бір өзеннің суын ішіп отырған елдерміз, яғни, Жыланшық, Торғай өзендері Ұлытау жерінде бастау алады. Тағы бір ден қойғаным, кезіндегі Қайдауыл болысы аумағындағы мұраларымыз. Мәселен, Амангелді Имановтың 150 жылдығы құрметіне ұйымдастырылған экспедиция 1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісінің орын алған жерлерінің бір бөлігінде ғана болды. Соның өзінде көп мағұлмат алдық. Мысалы, дәл осы музейде (Жездідегі музейде) 1916 жылғы көтерілісшілердің тұтынған заттары, қару-жарақтары сақталған. Әсіресе, Амангелді Үдербайұлының тұтынған табағы, анасының, туыстарының, сарбаздарының өз қолымен ұстанған заттарын көру басқаша бір әсер береді. Және, мысалы, кейде 1916 жылы Амангелді, Кейкі, Әбдіғапарлар 50 мың әскерді қалай басқарды, ұйымдастырды, қаруландырды, ол мүмкін емес деген сұрақтар қояды. Ал, өз көзіңмен көрген соң басқаша баға бересің, әрине, Ұлытаудың металлдарынан сарбаздарға қару-жарақ, мысалы, шиті мылтық, семсер соғылған. Айтқандай, Дулығалы мешітінде көтерілісшілер өліспей беріспеуге пәтуаласса, дәл соның түбінде Бектепберген ұстаның ұстаханасы тұр. Тарихына мән берген жұрт, оның бәрін сол қалпы сақтап, ашық аспан астындағы музей жасап қояр еді?! Амангелдінің туған ауылының жұрты, Кейкінің Жалаулыдағы өлтірілген жері сияқты орындарды көру тарихымыздың әлі де табанымыздың астында жатқанын көрсетеді! Бұдан де көп жазғым келген, дегенмен, осымен сапар бойынша әңгімені аяқтап, суреттерді ұсынамын!

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/7d6513288e8a13216d59f994f31e10.jpg)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/zhezdi-muzeyi-989046](https://yvision.kz/kk/post/zhezdi-muzeyi-989046)