---
title: "Жеті атадан кейінгі жағдайды жерде қалдыра береміз бе?"
description: "Мархабат аға! Осыдан біраз бұрын «Жүрежатқа жеткендер қыз алысса болады» («ЗАМАНА» газеті 23.08.20..."
author: "Omirhan"
published: "2016-07-14T01:13:57+00:00"
modified: "2016-07-14T01:13:57+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/zheti-atadan-keyingi-zha-daydy-zherde-aldyra-beremiz-be-702265"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/zheti-atadan-keyingi-zha-daydy-zherde-aldyra-beremiz-be-702265/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Жеті атадан кейінгі жағдайды жерде қалдыра береміз бе?

> Мархабат аға! Осыдан біраз бұрын «Жүрежатқа жеткендер қыз алысса болады» («ЗАМАНА» газеті 23.08.20...

**Мархабат аға!**

 

Осыдан біраз бұрын «Жүрежатқа жеткендер қыз алысса болады» («ЗАМАНА» газеті 23.08.2010 ж.) деген мақала жазған болатынбыз... Осы мақала жарық көргеннен соң, 8-9 айдан кейін өзін Рахымжан деп таныстырған бір жігіт хабарласып, кездесуді сұрады. Үйге шақырдым....ұнжырғасы түсіп, еңсесі езілген Рахымжанның сөзінен түйгенім, ол біраз жыл бұрын бір қызбен танысқан, ру сұрасқан - жігіт Төлеби ауданының Жанысы, қыз Түлкібастың Байысы , бірақ екеуі де Байыстың Жаныстан тарайтынын білмеген (жастарға қандай өкпе қоярсың?).

Қазіргі жастардың сезімге асығыстау болатыны белгілі... абайсызда «болары болып, бояуы сіңіп» қалған соң жігіт ата-анасына өзінің сөз байласқан қызы бар екенін, үйленгісі келетінін айтқан. Қыздың «Байыс» екенін білген әулеттің үлкендері өре түрегеліп, үйленуге рұқсат бермеген.

Ал, қыз жағы....

Қызының «тұнығы лайланып қалғанын» естіген анасы, салт-малтыңа қолын бір сермеп, жігітке талап қойған: «Егер үйленбесең, ..өйтіп ел алдында «қарабет» болғанша, баса-көктеп шал болса да, басқа біреуге ұзатамын да жіберемін» (Перзентінің болашағын ойлап жаны қайысқан ананың жағдайын да түсінуіміз керек).

Жігіт – шарасыз, қыз – жылау да жылау!

Мәселенің мән-жайына қаныққан соң, мен жігітке жыл сайын күзде «Жаныстардың жиыны» өтетінін, биылғы жиынға дейін аз уақыт қалды, соның нәтижесін күтуін сұрадым. Жігіттің жүзінде үміт пайда болып, қуана қоштасты.

Жиында осы мәселе сөз болды. Жантудан тарайтын Жайылмыс, Өтеміс, Байыс үшеуінің арасы, біз айтқандай 14-15 ата емес, тіпті 17 атаға жетіп қалыпты. Өзіңіз де көрген шығарсыз,обалы не керек, Ағабек Сүгірәлиев, Жеңісбай Мәуленқұлов сияқты өрелі ақсақалдар, аталған аталарға қыз алысуға рұқсат (бата) берілуін сұрады. Бірақ, кім екені белгісіз біреулер ешқандай дәлел-дәйексіз «Жоқ, болмайды» деп сазарып, кейбірі тіпті өре түрегелді.

Біз пақырыңыз да, әзер дегенде сөз алып, еш болмаса, қыз алысуға болады деген «шек» (20,25, тіпті... 50 ата болсын!) белгілеп беруін сұрадық. Бірақ сұрағымыз жауапсыз қалды.

Басымыз салбырап сыртқа шығып, тағатсыздана күтіп тұрған Рахымжанға жағдайды түсіндірдім.

«Шешімді енді тек өзің қабылдайсың! Кейде бет жыртысып қалғанда адамдар пендешілікке барып, бір-бірінің жанына «тырнақтарын қаттырақ батыруға» тырысып - жанға тиер ауыр сөздер айтып жатады. Үйлене қалсаң, өзіңе ғана емес, әке-шешеңе, туыс бауырларыңнын бетіне осы жағдайды ― ағайын мен көрші-көлем, дос-жаран салық қылуы мүмкін, түрлі өсек-аяң өрбитіні де бесенеден белгілі! Сондай қаңқу сөздерге шыдаймын десең, әлгі қызға – үйлен, ал өз-өзіңе сенбесең – үйленбе» деп жігітті шығарып салдым.

(2011 жылдың 25 қазанында Рахымжан өзінің сол сүйген қызына үйленді).

Бұл біз білетін бір ғана жәйт, ал бізге белгісіз қаншама жас «Жеті ата санау» деген тамаша дәстүрімізге ілескен осы бір «дүдамалдың» құрбаны болғаны, әлі болатыны тек бір Жаратқанға ғана белгілі!

Керісінше, тіпті бірте-бірте «жеті ата» санауды «жиыстырып» қоюымыз да мүмкін?!

Осы мәселе бойынша, ғаламтор арқылы Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі көзі қарақты адамдарға хабарласып көрдік.

Сөйтсек, бұл мәселе бар қазаққа ортақ екен!

Белгілі этнографтар Сейіт Кенжеахметұлы, Жағда Бабалықұлы, Ақселеу Сейдімбековтердің еңбектерінде де, жеті атадан кейінгі жағдай айтылмайды.

Бір білгіштер: «Жаһандану» деген аждаһа барлық ұлтты, бір халыққа айналдырмай тоқтамайды деседі, ...мына жақтан анталап әсіредіншілдер, шығысыңыздан «жымсиып» қытайыңыз кіріп келе жатыр ...десек те, қарап отырып жан береміз бе?

«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дегенмен, «қан тазалығын» сақтайтын осы бір дәстүрімізді назардан тыс қалдырмауымыз керек сияқты, яғни арасы «жеті атаға» жеткен аталар өздері белгілі бір «пәтуа» жасап қойса, жоғарыда айтқан Рахымжан сияқты жастарымыз да сергелдеңге түспес еді, ұлттық дәстүрімізге де «сызат» түспес еді.

Аға «жұмысбасты» екенініңізді білеміз, дегенмен осы төңіректегі сіздің пікіріңізді баспасөз бетінен көрсек немесе теледидар арқылы «дөңгелек үстел» ұйымдастыруға ұйытқы болсаңыз деген ұсыныс бар?

Оның үстіне сөзіміз жетер жерде, болашақты ойлайтын, сол үшін жаны ауыратын өзіңізден басқа жан көріп те тұрған жоқпыз.

**Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ,** тарихшы-ұстаз.Шымкент қ.

«ЗАМАНА» газеті 20.06.2012 ж.

(Белгілі себептермен, кейіпкердің аты өзгертіліп алынды).

![Жеті атадан кейінгі жағдайды жерде қалдыра береміз бе?](https://storage.yvision.kz/images/user/omirhan/oz2VePHuu3Lj0Hf2pbbhFs8VMFWH8h.jpg)

Мархабат Байғұт:

**Жеті ата емес, он жеті десек...**

Өмір інім, «Замана» сіздің маған жазған хатыңызды оқып, жауап беруімді сұрайды. Алпысыншы жылдардың аяғында, аудандық газетте жүргенімде бір жігіт жылап-еңіреп жеткен. Редакцияға. Үйленіпті. Келіншегі босанайын деп отырыпты. Екеуі бір рудан екендерін білмеген. Шешесі екінші күйеуіне тұрмысқа шыққанда, кішкене қызы артынан еріп келген. Гәп осында. Әлгі жігіт: «Газетке жазшы», – дейді. Жазбадық. Қиын мәселе ғой. Сол отбасы өте қатты қиналды. Азап көрді. Кейінгі тағдырларынан бейхабармын.

«Оңтүстік Қазақстан» газетінде жүргенде де екі оқиға бойынша кісілер келді. Жігіт пен қыз бір рудан екендіктерін біле тұра үйленген. «Ғашықтық» дейді. Жігіт. «Жазыңызшы» дейді. Жазбадық. Екеуінің ақыры онша болмады. Екінші отау тағдыры да осыған ұқсас болды.

Өзіңіз өте дұрыс жазып отырсыз ғой, бұл мәселе, бұл қиындық байтағымыздың барлық жерінде аздап-аздап бар екені рас. Осыдан екі-үш жыл бұрын да елулердегі жігіт ағасы өз ұлының қыз алыспайтын рудың аруымен көңіл қосып қойғанын, ешкімге көнбей, үйленгелі жатқанын айтып, ақыл сұрап келді. «Шегінерге мүмкіндік жоқ, не істеуге болады?» – дейді жүрегі ауыра күйзеліп. Біз де, сіздің Рахымжанға берген кеңесіңіздің төңірегінен табылғанбыз.

«Жеті атаға дейінді» арғы ата-бабалар зейіндеген. Қыз бен жігіт танысып-білісіп, тиісті мақсатқа бекінерден әлдеқайда бұрын жан-жақты сұрасқандары жөн. Ата-аналар абайлап айтып отыруға парыздар. Ал енді «Жеті атадан асқан соң жаппай үйлене беруге болады» деген пікір де түбірімен қате деп санаймын. Қаншама кезеңдерден бермен қарата қыз алыспайтын рулар сол салт-дәстүрді сақтай бергені жөн сияқты. «Жеті атадан асса, қыз алыса беруге болады десек, сапырылыстың сарсаңына түседі. Жұртыңыз. Дүбәра-дүрбелеңге ұшырайды. Ұлтыңыз. Бір ғана дәлел. Кейбіреулер өзін, әкесін, атасын және бабасын – төрт ата деп есептейді. Арғы жағынан үш атаны қосып, жеті атаға жетті деп, шауып-шапқылай берсе, қазағыңыз қайда бармақшы?! Сондықтан, Өмір інім, сіз жазғандай, «арасы жеті атаға жеткендер өздері бір бәтуа жасап қойса, жоғарыда айтқан Рахымжан сияқты жастарымыз да сергелдеңге салынбас еді, ұлттық дәстүрімізге де сызат түспес еді» дегеніңізге мүлде қосылмаймын.

Мен, шынымды айтсам, шежіреге шорқақтаумын. Тарихты да, шежірені де көп бәдіздемеймін. Осы заман адамдарының жан дүниесін ғана жазыңқырайтын қаламгермін. «Жеті атадан асса» дегенді бұрынғы бабалар қандай өре-өлшеммен мөлшерлеген? Бүгінгі біздің өре-өлшем қандай? Міне, гәп қайда... Сондықтан, жеті ата емес, он жеті атадан асқан соң ғана сіз меңзегендей бәтуа жасап, рұқсат беруге болар деген көзқарастамын. Ата-бабалар аманатына қиянат жасамау үшін. Қателеспеу үшін. Қазақы қасиетті сақтау мақсатында. Өкінбеу үшін.

Ал енді сіз көбірек тоқталған Жаныс мәселесіне көшейік. Бұл жөнінде «Жаныс баба кесенесі» қоғамдық қорының төрағасы Ағабек Сүгірәлиевпен әңгімелестік. Ол кісі: «Заманаға» жазған ініміздің хатында көрсетілгендей, «Екі жұлдыз» мейрамханасында Жаныс бабаға жыл сайынғы күзде дәстүрлі ас беріледі. 2010 және 2011 жылдары сондай астарда аталған жағдай сөз болған. Бәтуа жобасы ұсынылған. Онда «Өскелең ұрпақтың өтініш-тілектеріне сәйкес, Алла-тағала алдан жарылқасын деген батамен, Жанту, Жантан, Жарылқамыстың және Жанту бабадан тараған Жайылмыс, Байыс, Өтемістің өзара қыз алысып, қыз берісуіне рұқсат етіп, жол ашу жөнінде бәтуа жасайтынымызды мағлұмдаймыз», – деп жазылған еді. Осы мазмұндағы бәтуа жобасы әлі де талқылануда. Қолдаушылар көбірек, қарсы шығушылар да баршылық. Бәрін уақыт безбендейді. Бәтуа жобасында көрсетілген аталардың арасы өзің айтқан он жетіге жетіп, кейбіреуі асып кетті», – деп қорытты ойын.

Өмір інім, елдік мүддені көбірек күйттейтін басылымға маған арнап хат жазғаныңызға рахмет. Хал-қадерімізше жауап қаттық. Алла-тағаланың бір аты – Сабыр. Қай-қандай жағдайда да сабыр сақтайық дегім келеді.

«ЗАМАНА» газеті 20.06.2012 ж.

![Жеті атадан кейінгі жағдайды жерде қалдыра береміз бе?](https://storage.yvision.kz/images/user/omirhan/P8kSRV41WMF3EYKDXIZU027Yazvt5F.jpg)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/zheti-atadan-keyingi-zha-daydy-zherde-aldyra-beremiz-be-702265](https://yvision.kz/kk/post/zheti-atadan-keyingi-zha-daydy-zherde-aldyra-beremiz-be-702265)