---
title: "Жергілікті туристтер Шарын каньонында немесе студенттік саяхатты ұйымдастыру"
description: "Сірә, өмірде саяхаттауды сүймейтін жан аз шығар. Алайда, мен ол адамдардың қатарына кірмейтіндердің ..."
author: "marzhanbel"
published: "2015-05-19T02:07:49+00:00"
modified: "2015-05-19T02:55:03+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/zhergilikti-turistter-sharyn-kanonynda-nemese-studenttik-sayahatty-yymdastyru-502134"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/zhergilikti-turistter-sharyn-kanonynda-nemese-studenttik-sayahatty-yymdastyru-502134/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Жергілікті туристтер Шарын каньонында немесе студенттік саяхатты ұйымдастыру

> Сірә, өмірде саяхаттауды сүймейтін жан аз шығар. Алайда, мен ол адамдардың қатарына кірмейтіндердің ...

Сірә, өмірде саяхаттауды сүймейтін жан аз шығар. Алайда, мен ол адамдардың қатарына кірмейтіндердің бірімін. Жаңаны көруге құштар, таңсық дүниені танып-білуге ұмтылысы зор жан ретінде ең алдымен өз елімдегі табиғи-тарихи ескерткіштерді саяхаттау менің жоспарымда бар еді. Сәті түсіп, сондай орындардың бірі – Шарын каньонын көру мүмкіндігі маған да бұйырды.

12млн. жылдық тарихы бар шатқалдардан құралған табиғи ескерткіш Алматы облысында 2004 жылы құрылған Шарын ұлттық табиғи паркінде орналасқан. Шарын өзенінің жағалауында ұзыннан ұзақ бой түзеген қызғылт-сары құздар, бағаналар, жыралар сәулетші, мүсіншілердің қолынан шыққан туындылардай әрбіреуінен бейнелерді, көріністерді байқауға болады. Парктің табиғатынан бөлек таңқалдырған тағы бір жайт – жергілікті келушілермен қатар шетелдік туристтердің көптігі.

![Жергілікті туристтер Шарын каньонында немесе студенттік саяхатты ұйымдастыру](https://storage.yvision.kz/images/user/marzhanbel/556T81yM82m7SYmCZ9A0UZ2WemWPtc.jpg)

Қаламызда (Талдықорған) туристтік агенттіктердің қызметі аса дамымағандықтан әрі қымбатқа түсетіндіктен, студенттерге арналған ең тиімді жол – саяхатты өзіндік ұйымдастыру болды.

Шарынға бару жоспарыңызда болса, сондай-ақ студент (магистрант, т.б.) болсаңыз, сапардың тиімді (үлкен бюджетті қажет етпейтін) жолын іздесеңіз немесе жай ғана қызығушылық танытқан болсаңыз, онда пайдалы болар деген ниетпен өз тәжірибеммен бөліспекпін:

**1.** **Жол-сапарды ұйымдастыру.** Магистранттар арасында саяхатқа қызығушылық танытқандардан бір топ құрылып, сапарға шығатын мерзім белгіленді. Жол алыс болғандықтан жергілікті вокзалдағы коммерциялық микроавтобуспен алдын-ала келісіп, (жүргізушінің кеңесі бойынша) таңғы 04.30-да сапарға аттандық.

**2.** **Қажетті заттар (киім, тағам, т.б.).** Парк аумағындағы ауа райы құрғақ әрі шөлді болғандықтан күн сәулесінен қорғанам деушілерге ең қажетті киім-кешектің бірі – бас киім, одан кейінгі орында – табаны қалың ыңғайлы аяқ киім, себебі қиыршық тастар табанға батуы мүмкін және сырғанақ келеді. Мейлінше ұзын етек-жеңді, ыңғайлы әрі жұқа киінген абзал. Тамаққа келер болсақ, Шарындағы ең басты азық – су, әрине көп мөлшеде, одан соң бұзылмайтын, тойымды, нәрлі тағамдар (суға піскен жұмыртқа, ұн тағамдары) және де көкөністер мен жемістер арқауыңыз болмақ. Ал әр адамның қызығушылығына байланысты видео/фотокамералар, дүрбі сынды құралдар көмекке келері сөзсіз. Осының бәрін сыйғызатын арқа сөмкесі сапардағы ыңғайлы серігіңізге айналады.

![Жергілікті туристтер Шарын каньонында немесе студенттік саяхатты ұйымдастыру](https://storage.yvision.kz/images/user/marzhanbel/BY0foZ44aNuhS29SMrXG9oyTy29879.jpg)

**3.** **Парктегі саяхат бағдары.** Гидтің қызметі қосымша қаржыны қажет ететіндіктен, паркте өз бағдарыңмен де жүру қиындық туғызбайды. Себебі дәл автотұрақтар маңындағы баспалдақ каньонның екі ортасына беттетеді. Әрі қарай алып екі шатқалдың арасында төменге бастар жол жалғасқан. Сол жолдың соңғы аялдамасы – Шарын өзенінің жағалауы.

**4.** **Қосымша мәліметтер.** Жоғарыда аталған соңғы нүктеде демалуға жағдай жасалынып, ақылы қызметтер көрсетіледі: тамақтанатын орындар, экскурсияға арналған көліктер. Сондай-ақ паркке кіруге оқушылар мен студенттерге жеңілдіктер қарастырылған (студенттік билетті көрсеткен жағдайда).

![Жергілікті туристтер Шарын каньонында немесе студенттік саяхатты ұйымдастыру](https://storage.yvision.kz/images/user/marzhanbel/uAbNLQx42JtVPs30xxgN1hX3nS2Yv8.jpg)

Қорытындылай келе айтпағым, өз жерімізде шетелдіктердің көңілін аулап, ат басын бұрғызған інжу маржанымыз тұрғанда Гранд-Каньон (АҚШ, Колорадо) бізге не керек?! Қолдағы барды бағалай білейік! Саяхаттарыңыз сәтті болғай!

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/zhergilikti-turistter-sharyn-kanonynda-nemese-studenttik-sayahatty-yymdastyru-502134](https://yvision.kz/kk/post/zhergilikti-turistter-sharyn-kanonynda-nemese-studenttik-sayahatty-yymdastyru-502134)