---
title: "Жер астына кетті. Ішінде бір құтқарушы мен жүргізуші қалған автобус әлі табылмай жатыр"
description: "Павлодар облысында «Майқайың-алтын» АҚ кенішіндегі тазарту кеңістігіне ішіндегі адамдарымен бірге..."
author: "jan.123"
published: "2024-01-04T16:11:28+00:00"
modified: "2024-01-04T16:14:37+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/zher-astyna-ketti-ishinde-bir-t-arushy-men-zh-rgizushi-al-an-avtobus-li-tabylmay-zhatyr-999561"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/zher-astyna-ketti-ishinde-bir-t-arushy-men-zh-rgizushi-al-an-avtobus-li-tabylmay-zhatyr-999561/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Жер астына кетті. Ішінде бір құтқарушы мен жүргізуші қалған автобус әлі табылмай жатыр

> Павлодар облысында «Майқайың-алтын» АҚ кенішіндегі тазарту кеңістігіне ішіндегі адамдарымен бірге...

Павлодар облысында «Майқайың-алтын» АҚ кенішіндегі тазарту кеңістігіне ішіндегі адамдарымен бірге құлап кеткен автобус әлі іздестіріліп жатыр. Яғни көлік опырылып, шұңқырға айналған жерге түсіп кеткен еді.

![Жер астына кетті. Ішінде бір құтқарушы мен жүргізуші қалған автобус әлі табылмай жатыр](https://storage.yvision.kz/images/user/577780/214044ca814bab4d33aa8c993936c1.jpg)

Өткен түнде басталған құтқару жұмыстары әлі жалғасуда. Ресми мәлімет бойынша, пайда болған шұңқырдың топырағы тағы опырылуы мүмкін болғандықтан жұмыс қиындап кеткен. Қауіпсіздік шаралары барынша сақталуда.

«Қаңтардың 3-інен 4-іне қараған түні сағат 1:25 шамасында Павлодар облысының Баянауыл ауданында «Майқайың-алтын» АҚ-ның тау-кен бұрмасына апарар жол опырылып түсті. Ол жерге сағат үштер шамасында құтқарушылар барып, жұмыстарын бастап кетті», – дейді Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.

Ол автобуста төрт адам болғанын айтты. Олар – үш құтқарушы (Кәсіби әскерилендірілген апаттан құтқару республикалық орталық штабы Павлодар филиалының қызметкерлері) мен көлік жүргізушісі.

«1999 және 1970 жылдары туылған туылған екі құтқарушының денелері табылды. Тағы екі адам әлі іздестіріліп жатыр», – дейді Асайын Байханов.

1999 жылғы азаматтың аты-жөні – Берліқан Сарқыт, 1970 жылғы азаматтыкі – Олег Тышкевич.

Болжам бойынша, опырылып шұңқырға айналған жердің ұзындығы 150-200 метр, ені – 500 метр, тереңдігі – 150 метр.

Ал шахтадан 33 жұмысшы шығарылған. Олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/zher-astyna-ketti-ishinde-bir-t-arushy-men-zh-rgizushi-al-an-avtobus-li-tabylmay-zhatyr-999561](https://yvision.kz/kk/post/zher-astyna-ketti-ishinde-bir-t-arushy-men-zh-rgizushi-al-an-avtobus-li-tabylmay-zhatyr-999561)