---
title: "Желтоқсан күресі жалғаса береді"
description: "Желтоқсан «бейбіт шеру ме?», «көтеріліс пе?», «оқиға ма?» Осы сауал Тәуелсіздік пен Желтоқсанн..."
author: "masakz"
published: "2010-12-13T22:46:50+00:00"
modified: "2010-12-13T22:46:50+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/zhelto-san-k-resi-zhal-asa-beredi-95287"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/zhelto-san-k-resi-zhal-asa-beredi-95287/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Желтоқсан күресі жалғаса береді

> Желтоқсан «бейбіт шеру ме?», «көтеріліс пе?», «оқиға ма?» Осы сауал Тәуелсіздік пен Желтоқсанн...

![](http://masa.kz/core/spaw2/uploads/images/f820120878f2b075b7a3842f305c7859.jpg) Желтоқсан «бейбіт шеру ме?», «көтеріліс пе?», «оқиға ма?» Осы сауал Тәуелсіздік пен Желтоқсанның жылдар қойнауында кетіп бара жатқан дүбірлі күндері таяған сайын алдымыздан шығып отыратын бар.

Біздің білетініміз, жастар алаңға алдымен шеру тартып барған. Сол заманның ең жалынды ұрандарын транспаранттарға жазып алған қазақтың ұл-қызы ұлттық талап-мүдденің табан астында тапталып жатқанын да ашық көрсете білген. Сондықтан желтоқсаншылардың алғашқы беталысынан бейбіт шеруді көреміз. Олар митингке де «мінәйі» себеппен («Әр ұлтқа өзінің жетекші тұлғасы басшы болуға тиіс!» деген сияқты) жиналғанға ұқсайды. Бейбіт шеру түс ауа стихиялы қозғалысқа, наразылыққа, қарсылыққа ұласады. Наразылық пен қимылдың артынан кәдімгі көтеріліс бұрқ ете қалады. Демек, Желтоқсан шерушілердің наразылығынан туған – көтеріліс. Бұл заманда Желтоқсанды біз ұлт-азаттық күрестердің жалғасы болған тарихи оқиға деп білеміз. Неге десеңіз, көтеріліс, тіпті алаңдағы наразылық акциясының өзі бірер сағаттың айналасында, аз ғана адамның ашуынан туа салмайды. Көтеріліс те, наразылық та мүдделес күштердің ортасында пісіп жетіледі, толысады, өседі. Сосын сыртқа шығады. Биліктің, бұқараның назарын өзіне аударады. Кейін уақыт пен дәуірдің алмасуына байланысты саяси сипат иеленеді.

![](http://masa.kz/core/spaw2/uploads/images/16-12-1986_1.jpg) Мысалы, біз бұрын Екінші дүниежүзлік соғысты «Ұлы Отан» соғысы деп білетінбіз. Сөйтсек, біздің батыр аталарымыз орыстың жерін неміс фашизмінен қорғап қана қайтпапты, Шығыс Еуропа тұтас, АҚШ пен Батыс Еуорпа түгелдей дерлік, Қапқаз бен Орта Азия басы бүтін майданға кірген екінші дүниежүзілік соғыста етігімен су кешіп, естен кетпес ерліктер жасап оралыпты. Олардың сол ерлігін сүмірейтіп біз әлі «Ұлы Отан соғысы» деп соғып жүрміз. Ендеше, бүгінгі «Демократиялық жаңғыру» күні аталып жүрген – 17 желтоқсан да уақыты келгенде өзінің нақты бағасын алатын болады. Ол үшін билікке азат ойлы ұрпақ келуі керек. Ал, шіріген жұмыртқаларды «шеңгелдеп» жүрген лжи-желтоқсаншылардан қайран күту –қиялымызға симайды. Бүгінгі билікке де керегі осындай даңғаза, дөрекі топ. Сол себептен де біз нағыз қаһарман рухты желтоқсаншылардың күресі аяқталған жоқ деп білеміз.

[masa.kz](http://masa.kz/article/view/id/584)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/zhelto-san-k-resi-zhal-asa-beredi-95287](https://yvision.kz/kk/post/zhelto-san-k-resi-zhal-asa-beredi-95287)