---
title: "Жасыл орамдағы жаңа үйлер"
description: "Елорда келбеті күн өткен сайын еңселеніп, ажары айшықтанып, таранып, таралып сұлулана түссе, онда құ..."
author: "Green-bridge1"
published: "2015-12-02T23:19:46+00:00"
modified: "2015-12-02T23:19:46+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/zhasyl-oramda-y-zha-a-yler-665134"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/zhasyl-oramda-y-zha-a-yler-665134/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Жасыл орамдағы жаңа үйлер

> Елорда келбеті күн өткен сайын еңселеніп, ажары айшықтанып, таранып, таралып сұлулана түссе, онда құ...

Елорда келбеті күн өткен сайын еңселеніп, ажары айшықтанып, таранып, таралып сұлулана түссе, онда құрылысшы қауымының еңбегі ерекше. Ал Астанадағы құрылыс компанияларының ішінде салынған үйлерінің сапасымен де, дер кезінде тапсыру мерзімімен де тұрғындардың көңілінен шығып жүрген компанияның бірі – «BI Group» ЭКСПО-2017 көрмесі аясында да астаналықтарды «Жасыл орам» атты жаңа бір жобасымен қуантатын түрі бар.

Есілдің сол жағалауындағы «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығының жанынан орын тебетін «Жасыл орам» жобасының негізі энергия сақтаудың жаңа технологияларына негізделіпті. Көпқабатты үйлер, кеңсе ғимараттары, паркингі, шағын көлі бар, аулалары ландшафты эко-дизайнмен өрілген, оған қоса 14 гектар жерді алатын саябағы болатын мұндай жоба жақын көршілердің бірінде де жоқ, тіпті, әлемде сирек кездеседі.

Мұнда суарылмайтын ландшафт жүйесі, «қалдық суды» коммерциялық ғимараттарда қайта пайдалану, қоқысты орта­лықтандырылған режімде жинау, «ақылды» автотұрақ жүйелері, велокөліктермен жүру жолағы мен оларды қоюға арналған орындар, көлікті электрмен зарядтайтын алғашқы толыққанды станса да қарастырылыпты. Қыста өз мұз айдыны, жазда демалатын орындары жеткілікті жаңа жоба мемлекеттік және жекеменшіктік әріптестік негізінде «Самұрық-Қазына Девеломпмент» пен «BI Group» компаниясының жұмыла іс атқаруы нәтижесінде өмірге келеді.

44 млрд. теңге көлеміндегі жобаны «Самұрық-Қазына Девеломпмент» мақ­сатты қаржыландырып, ал жоба­ның тұжырымдамасын Еуропада өз қолтаң­басымен ерекшеленетін ірі архитектуралық компания – британдық Aebas жасап шыққан.

«Marriott» отелінде өткен «Жасыл орам» жобасының тұсаукесерінде компания басшысы Айдын Рахымбаев алғашқы кезеңде көпқабатты 3 тұрғын үйдің пайдалануға берілетінін, ал ипотека алу үшін қазіргі нарықта жоқ бағаммен –7 пайыз көлемінде тек теңгемен 15 жылға несие алуға болатынын хабарлады.

Табиғатпен үйлесім тапқан, экологиялық тұрғыдан өте таза, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі көтеретін энергия сақтаудың жаңа технологияларын пайдалану тақырыбына үндескен жаңа жобаның алғашқы үйлері 2016 жылы өз тұрғындарын қарсы алып, Астанамыздың көз қуантатын жаңа аймағының біріне айналмақ.

http://gbpp.org/kz/2015/12/12481

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/zhasyl-oramda-y-zha-a-yler-665134](https://yvision.kz/kk/post/zhasyl-oramda-y-zha-a-yler-665134)