---
title: "Жастық пен сұлулық мерекесі"
description: "Соңғы кездері әлеуметтік желілерде аватарында ақ көйлек не смокинг кигендерді жиі көретін болдық. Жо..."
author: "Arsik"
published: "2012-10-31T16:18:00+00:00"
modified: "2012-05-06T00:47:19+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/zhasty-pen-s-luly-merekesi-253554"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/zhasty-pen-s-luly-merekesi-253554/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Жастық пен сұлулық мерекесі

> Соңғы кездері әлеуметтік желілерде аватарында ақ көйлек не смокинг кигендерді жиі көретін болдық. Жо...

*Соңғы кездері әлеуметтік желілерде аватарында ақ көйлек не смокинг кигендерді жиі көретін болдық. Жоқ, тойдың суреттерін айтып отырғаным жоқ, жастар арасында «Бал» деген жаңа тренд пайда болды. Және де, меніңше, бұл керемет тренд.*

![Жастық пен сұлулық мерекесі](https://storage.yvision.kz/images/user/kerbez_/ozO6GJ3gHkHLm0SLbUT0lC6TqZ2Zdg.jpg)

«Қызғалдақтар Балына» дайындық бір айдан аса жүрді. Кастингтен өткеннен кейін, бірде бір сабақты өткізіп алмауға тырыстық. Өйткені ұйымдастырушылар: «кімде-кім 3 сабақты босатып алса, шараға қатыса алмайды» деген ережесі туралы алдын ала ескерткен болатын.

Біздің жұбымыз бірден құрылды. ҚазҰУ-дің әлеуметтік желісін бірге жасап жүрген Данияр жұптар таңдалған кезде бірден маған қарама-қарсы тұрып алды, осылайша екеуіміз билейтін болдық.

![Жастық пен сұлулық мерекесі](https://storage.yvision.kz/images/user/kerbez_/V98zDxeaYk6JMKb3xORcMYzqe9n9sG.jpg)

Күнделікті иіліп сәлемдесу (поклон), полонездік қадам, вальс негіздері, иықты тік ұстау, оң қолда бутоньерка ұстауға үйрене беру үшін телефон ұстап, көтеріп жүру – бәрі де спортсмендердің олимпиадаға дайындалғаны сияқты еді. Бұның бәрі біз, яғни дебютанттар үшін, күн сайынғы дағдыға айналып кетті.

![Жастық пен сұлулық мерекесі](https://storage.yvision.kz/images/user/kerbez_/5mS7q3ooJX21wKrR92333G6A5Cwc7x.jpg)

Алайда бәріміз де мұндай жаттығулардың керектігін сезіндік, бірте-бірте классикалық музыканың тыңдармандары болып, өзімізді бір ғажайып ертегінің бөлшегі деп білдік. Ұйымдастырушылар бал күнін ғана емес, жай репетиция күндерін де мерекеге айналдыруға тырысты. Біз үшін түрлі тимбилдингтер мен бал аясындағы сайыстар болып тұрды.

Біріншіден, демеуші "Brosh" аксессуарлар үйі берген диадеманы жеңу үшін дебютант қыздар сайысқа түсті. Ол үшін үйінен қызғалдақ элементі бар тағам дайындап әкелу керек еді.

![Жастық пен сұлулық мерекесі](https://storage.yvision.kz/images/user/kerbez_/T2pTLzNhSLiUrOgd0vE1iMKlX5AUEB.jpg)

Ара-тұра «Екпінде» аспаздық посттар жариялап тұратынымды білесіздер ғой: мен де бағымды сынап көрейін дедім.

![Жастық пен сұлулық мерекесі](https://storage.yvision.kz/images/user/kerbez_/zeMH4x1ONVF7qKyJ9lFc2XbwW53ocV.jpg)

Тағамдарды тек жасап қана қоймай, оған «пиар» жасау керек болды, яғни көпшілікке таныстыру.

![Жастық пен сұлулық мерекесі](https://storage.yvision.kz/images/user/kerbez_/YFQj7agn57BWv22qR0Dou9QON4m4jo.jpg)

Ақыры дауыс берушілер санын қорытындылап, финалда жұппен билегеннен соң, ал ең бастысы, диадеманы қатты жеңгім келген ниетімнен кейін, жүлде маған бұйырды.

![Жастық пен сұлулық мерекесі](https://storage.yvision.kz/images/user/kerbez_/g4glFZMCOS3s6ZpxYpO7O3ZaT08g5c.jpg)

![Жастық пен сұлулық мерекесі](https://storage.yvision.kz/images/user/kerbez_/5Ludwkkj7lDotk3871tmlNLa272gO5.jpg)

Сондай-ақ барлық қатысушыларға дүкенге 15 пайыздық жеңілдік берілді.

![Жастық пен сұлулық мерекесі](https://storage.yvision.kz/images/user/kerbez_/tV0U8MvXFGMKcphupq3z22aretjb3N.jpg)

Келесі күні балдың промо-ролигіне қатысу үшін бірнеше дебютанттар жиналып, видео жасадық.

![Жастық пен сұлулық мерекесі](https://storage.yvision.kz/images/user/kerbez_/d4pdMM2YLMjX0ZfIc80hazdE30qxIL.jpg)

Қазірде есіме алып отырсам, бал кезі біз үшін қарбаласқан, бірақ ерекше бір нәрсені күтудегі алып-ұшқан сезімде өтіпті. Тағы да бір қыздардың сайысы - бір образ таңдап, суретін ұйымдастырушылар поштасына жіберу керек болды. Жіберілген суреттерден олар алты қыз таңдап алып, фотосессия ұйымдастырды. Тағы да менің модельдік «өткенім» бар, фотосессияға қатты қатысқым келдім. Сөйтіп, алты қыз болып «Айдахар» фото-студиясында түрлі-түрлі образдарда суретке түстік.

![Жастық пен сұлулық мерекесі](https://storage.yvision.kz/images/user/kerbez_/tcn6VrHAYSd45CfZwwy2R7K9ez43mN.jpg)

![Жастық пен сұлулық мерекесі](https://storage.yvision.kz/images/user/kerbez_/21MgZo9qCFEcxa5s4pMClA4wggYeJQ.jpg)

Күн сайынғы жаттығулар, түрлі сайыстар мен достық атмосфера бәрімізге күшті қуат беріп, бал соңында көңіліміз ерекше көтеріліп, негізгі күнге сақадай сай болып тұрдық (фотода дебютанттарын таныстырып тұрған балетмейстерлер).

![Жастық пен сұлулық мерекесі](https://storage.yvision.kz/images/user/kerbez_/8q5M80wmoy2oi6YP371Z5cxSoupSuW.jpg)

Тойдың боларынан, боладысы қызық демекші, соншама дайындалып, асыға күткен бал күні зулап өтіп кетті.

Таңертеңнен макияж, шаш сәндеу, көйлек алу – бәрі де қыздар үшін жағымды машақат болды. Міне, көптен күткен сағат та жақындап, жігіттер жұптарын жаңа көргендей, тамсануда. Күнделікті жаттығуларда аяқ басқаны үшін талай ұрысып, әзілдесіп, қалжыңдасып жүрген жігіттер смокинг кигеннен соң, нағыз джентельмендерге айналды.

![Жастық пен сұлулық мерекесі](https://storage.yvision.kz/images/user/kerbez_/ZZV3j963c47QsLhIaLla5NxxRfRh0P.jpg)

Сонымен дебютанттар мен қонақтар «Бақшасарайға» жиналып, балдың басталуын күтті.

![Жастық пен сұлулық мерекесі](https://storage.yvision.kz/images/user/kerbez_/3ClWOzoRt6mLpRfjEKr01Um0W1M02f.jpg)

Осы кезде мені қуантып, менің "қолдаушы" тобым да жетіп қалды.

![Жастық пен сұлулық мерекесі](https://storage.yvision.kz/images/user/kerbez_/G8jUwXwRd1YpXFu1hI749oNgI6vGg4.jpg)

Қонақтар жайғасып, жүргізушілер кіріспе сөздерін айтып болған соң, дебютанттардың ең алғаш шығуы – полонез басталды. Ең қобалжыған сәт те осы еді. Өйткені бидің басталу сәті - ең маңызды сәт. Басынан шатассаң, соңына дейін былық болып кетеді. Сондықтан басын дұрыс бастауға тырыстық.

![Жастық пен сұлулық мерекесі](https://storage.yvision.kz/images/user/kerbez_/qGgqxLD1X1O53wqc0ej6WvXx4rEL20.jpg)

Жақсы басталған сияқты, әрі қарай неше күндік жаттығулардың әсері бар, бәрі де майдай жағылып кете берді. Вальстан бастап, би, би, би...

![Жастық пен сұлулық мерекесі](https://storage.yvision.kz/images/user/kerbez_/NyoW76f8jmLEdhfFAfqS6WK5brE69x.jpg)

Расында «бал – ертегі» деп бекер айтылмаған екен. Өйткені өз басым, өзімді шынымен де ертегідей сезініп жүрдім. Бір жағымда ата-анам тамсанып, қолдап отыр. Екінші жағымда жұбым Данияр мені нағыз ханшайымдай көріп, әдепті күтіп жүрді (көп-көп рахмет, Данияр). Өзім болсам, аппақ көйлекте, көктемнің шуақты күнінде, жастық пен сұлулық ескен мерекеде шыр айналып, билеп жүрмін. Ертегі емес пе?

![Жастық пен сұлулық мерекесі](https://storage.yvision.kz/images/user/kerbez_/Bb5gX6V6OqcV6dLiie9YGf1C338BWL.jpg)

![Жастық пен сұлулық мерекесі](https://storage.yvision.kz/images/user/kerbez_/P5le744IuxXx0GdE8ZVXfbRfmrDzl9.jpg)

![Жастық пен сұлулық мерекесі](https://storage.yvision.kz/images/user/kerbez_/aPm75e8fTsSGIibQcGEXJXsxA3XsyD.jpg)

Осылай түнгі бір жарымға дейін созылған би, күлкі, шаттық мерекесі өтті де кетті. Шаршап-шалдыққан, бірақ «іңкәрлікке құштарлық» сезініп қайтқан біздер үшін Штраустың әсем көгілдір Дунайдағы вальсы мен дебютант көйлегіндей аппақ та, таза тамшыдай болған өмір үзігі әлі көпке дейін көкірегімізде жайдары шуақтай жаңғырып тұрмақ.

![Жастық пен сұлулық мерекесі](https://storage.yvision.kz/images/user/kerbez_/Bo1JujGBv0urFW9MD7ls2v6OiW5OUi.jpg)

P.S Сөз соңында бүкіл ұйымдастырушыларға, яғни "Festivent" командасына, сымбатты балетмейстерлерге, ертегіні шынайы қылуға тырысқан бүкіл демеушілерге, достық лебіздерін аямаған дебютанттарға, тек қана балда емес, өмірде де нағыз джентельмен Даниярға, балға келіп менің шашбауымды көтерген анам мен әпкем Баянға мың да бір алғысымды айтамын.

*Айжан Кәрібаева*

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/zhasty-pen-s-luly-merekesi-253554](https://yvision.kz/kk/post/zhasty-pen-s-luly-merekesi-253554)