---
title: "Жастарды қолдаудың жақсылығы мол"
description: "Жастарға қолдау көрсету әрі ауылды гүлдендіру мақсатында осыдан жеті жыл бұрын елімізде «Дипломмен ..."
author: "mary4"
published: "2016-03-04T08:34:20+00:00"
modified: "2016-03-04T08:34:20+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/zhastardy-oldaudy-zha-syly-y-mol-681952"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/zhastardy-oldaudy-zha-syly-y-mol-681952/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Жастарды қолдаудың жақсылығы мол

> Жастарға қолдау көрсету әрі ауылды гүлдендіру мақсатында осыдан жеті жыл бұрын елімізде «Дипломмен ...

![Жастарды қолдаудың жақсылығы мол](https://storage.yvision.kz/images/user/mary4/gIQHqy31f0LkQ6am02bbMhYt4wB4yg.jpg)

**Жастарға қолдау көрсету әрі ауылды гүлдендіру мақсатында осыдан жеті жыл бұрын елімізде «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы қанат қаққан болатын. Сол уақыттан бері сәтті жалғасын тауып келе жатқан аталмыш бағдарлама бүгінде өз жемісін беруде.**

 

«Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы – Елбасының ел жастарына деген үлкен қолдауы екені сөзсіз. Олай дейтініміз, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2008 жылы өткен «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанатының І съезінде жалпыұлттық ауыл жас­тарына арналған бағдарлама жасау керектігі туралы ұсынысын айтқан болатын. Сол арқылы алтын бесігіміз саналатын ауылдарға білімді, бәсекеге қабілетті жастарды тарту және оларға жан-жақты жағдай жасау керектігі сөз болды. Бұл ұсыныс көпшілік тарапынан бірден қолдау тауып, нәтижесінде 2009 жылы «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге аса бастады. Сөйтіп, бір кездері жағдайын жақсарту үшін қалаға үдере көшкен білікті мамандардың орнын толтырып, ауылды көркейтуге мол мүмкіндік туды.

Ал ауылдың өсіп-өркендеуі жолында еңбек етуге ниет білдірген жас мамандарға, яғни, бағдарлама қатысушыларына мемлекет тарапынан қайтарымсыз үстеме ақы төленіп, баспанамен қамтылуына жеңілдетілген несие берілді. Мұндай қолдаудың бар екенін естіген жастар ауылға ағылды. Мәселен, статистикалық мәліметтер бойынша аталған бағдарлама алғаш жүзеге асқан 2009 жылы еліміз бойынша 7 мыңға жуық маман ауылға барып, еңбек еткен. Олардың қатарында 5 136 педагог, 1 мыңнан астам дәрігер және спорт, мәдениет саласының мамандары бар. Осы жастарға әлеуметтік жәрдемақы төлеу мақсатында мемлекет қазынасынан 600 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген екен. Мұндай қомақты қаражат – мемлекетіміздің еңбекқор жастарына деген шексіз қолдауы екені анық. Сонымен қатар, «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасының арқасында көптеген елді мекенде жаңа мектеп, дәрігерлік амбулатория, мәдениет үйлері салынып, бұған дейін бұзылып, қараусыз қалған ескі ғимараттарға қайта жан бітті. Ең бастысы, халық игілігі үшін жүзеге асқан жаңа бағдарлама көптің көңілінен шығып, ауылдағы ағайынның жарқын болашаққа деген үкілі үмітін еселеді.

Айта кетерлігі, мемлекеттік бағдарламаға павлодарлық жастар да белсенділік танытуда. Мәселен, тек білім беру саласы бойынша 2009 жылдан бері 3 мыңға тарта жас маман Павлодар облысына қарасты ауыл мектептеріне жолдама алып, ауылдық жеткіншектердің сапалы білім, саналы тәрбие алуына үлес қосуда. Сонымен қатар, денсаулық, ауыл шаруашылығы салалары бойынша да көптеген жастар шалғай елді мекендерде еңбек етуде. Павлодар облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, ауылдық жерлерге жұмыс істеуге барған жас педагогтар тұрғын үй және оқу жүктемесімен қамтамасыз етіліп, әрқайсысына 70 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде көтерме ақы төленген.

Осылайша, ауылдың тамырына қан жүгірткен мемлекеттік бағдарлама аз уақыттың ішінде өз жемісін беруде. Егемен еліміздің, киелі ауылдың дамуына үлес қосуға ниетті білімді жастар қатарының жылдан-жылға артуы соның дәлеліндей.

 

Марат Серікбай

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/zhastardy-oldaudy-zha-syly-y-mol-681952](https://yvision.kz/kk/post/zhastardy-oldaudy-zha-syly-y-mol-681952)