---
title: "«Жастар – Отанға!». Жастар саяси лагері мәңгілік ел ұрпағын бір тұғырға жинады"
description: "«Жастар - Отанға!». Еліміздің 14 облысынан келген белсенді жастар осы ұранды ұстын етіп, Төлеби ауда..."
author: "birzhanmurat"
published: "2016-11-29T12:45:34+00:00"
modified: "2016-11-29T12:45:34+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/zhastar-otan-a-zhastar-sayasi-lageri-m-gilik-el-rpa-yn-bir-t-yr-a-zhinady-731759"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/zhastar-otan-a-zhastar-sayasi-lageri-m-gilik-el-rpa-yn-bir-t-yr-a-zhinady-731759/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# «Жастар – Отанға!». Жастар саяси лагері мәңгілік ел ұрпағын бір тұғырға жинады

> «Жастар - Отанға!». Еліміздің 14 облысынан келген белсенді жастар осы ұранды ұстын етіп, Төлеби ауда...

«Жастар - Отанға!». Еліміздің 14 облысынан келген белсенді жастар осы ұранды ұстын етіп, Төлеби ауданында бас қосты. Жас буынның саяси сауаттылығын арттырып, патриоттық рухын ұлықтайтын жоба ҚР Дін істері және Азаматтық қоғам министрлігіне тиесілі. Жастар саяси лагерінде Әлеуметтік тапсырыс бойынша қатысушылар көкей кернеген, өзек өртеген мәселелерін ортаға салды.

![«Жастар – Отанға!». Жастар саяси лагері мәңгілік ел ұрпағын бір тұғырға жинады](https://storage.yvision.kz/images/user/birzhanmurat/Ky2A89dE38ei0v35Qn2zT1kTzedXX5.jpg)

Әлеуметтің әлді тобы – жастар. Оларда кез-келген жобаны іске асыратын қуатты күш, шуақты күй бар. Осыны ескерген ұйымдастырушылар еліміздегі әр облыстың 60 шақты елдімекенінен ең белсенді жастарды жинады. Бұл елу елдік мәселелерді, жастар проблемасын шешуге мүдделі. Бірнеше бағытта шеберлік сыныптарын өткізіп, арнайы семинар-тренингтерде жарыссөзге шықты.

Ата дінге берік, құқықтық, экономикалық білімі биік жастар ғана Қуатты Қазақстанды құра алады. Әлеуметтік жобада сол толқынды тәрбиелеу, шыңдау көзделген. Басымдық жаңа технологияларды игеріп, бәсекеге қабілетті болуға да бағытталып отыр.

Райымбек Телжанұлы, жоба қатысушысы Ақтөбе облысы

*Біздің Жастар лагерінен алған әсеріміз керемет. Енді өзіміздің аймаққа барғанда осы жерден білген-түйгенімізді өзгеде жастарға жеткізетін боламыз.*

Ауқымды шара бұған дейін еліміздің Астана, Алматы сынды ірі қалаларында да ұйымдастырылған. Бұл жолғы басқосу әсерлі әр берді. Атырау арынын, Алтай-Арқа айбынын айшықтай келген жастар 5 күн бойы туған жердің тағы бір табиғаты тамаша бұрышын аралап, баябан байтағымызға деген патриоттық сезімін нығайтты. Шара достықты бекем еткен спорттық ойындарға ұласты.

 

Әйгерім ДӘУЛЕТБЕКҚЫЗЫ

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/zhastar-otan-a-zhastar-sayasi-lageri-m-gilik-el-rpa-yn-bir-t-yr-a-zhinady-731759](https://yvision.kz/kk/post/zhastar-otan-a-zhastar-sayasi-lageri-m-gilik-el-rpa-yn-bir-t-yr-a-zhinady-731759)