---
title: "Жастар арасындағы құқықтық мәдениетті қалыптастыру – қоғамның маңызды міндеті"
description: "Қазіргі таңда жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру мәселесі қоғам үшін аса өзекті болып отыр. Себебі заңды білу, өз құқығы мен м..."
author: "Bakyt Oshakpai "
published: "2026-06-21T08:55:46+00:00"
modified: "2026-06-26T07:09:05+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/zhastar-arasyndagy-kukyktyk-madenietti-kalyptastyru-kogamnyn-manyzdy-mindeti-1021300"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/zhastar-arasyndagy-kukyktyk-madenietti-kalyptastyru-kogamnyn-manyzdy-mindeti-1021300/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Жастар арасындағы құқықтық мәдениетті қалыптастыру – қоғамның маңызды міндеті

> Қазіргі таңда жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру мәселесі қоғам үшін аса өзекті болып отыр. Себебі заңды білу, өз құқығы мен м...

** Қазіргі таңда жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру мәселесі қоғам үшін аса өзекті болып отыр. Себебі заңды білу, өз құқығы мен міндетін түсіну, құқық бұзушылықтың салдарын сезіну – азаматтық жауапкершіліктің негізгі көрсеткіштері. Сарапшылардың пікірінше, құқықтық сауатты ұрпақ қана әділетті қоғам құруға үлес қоса алады.** Қазақстанда жастардың білім деңгейі мен цифрлық сауаты жоғары болғанымен, құқықтық сауат мәселесі әлі де назар аударуды қажет етеді. Қазақстан Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, ел тұрғындарының 96,2 пайызы интернетті пайдаланады, ал 92,8 пайызының цифрлық сауатты бар. Бұл жастардың ақпаратқа қолжетімділігінің жоғары екенін көрсетеді. Алайда ақпараттың көп болуы оны дұрыс пайдалану мәдениеті қалыптасты дегенді білдірмейді. Кейінгі жылы интернет арқылы жасалатын құқық бұзушылықтардың артуы құқықтық білімнің маңызын айқын көрсетті. Бас прокуратураның деректеріне сәйкес, 2025 жылы Қазақстанда 14 мыңнан астам интернет-алаяқтық фактісі тіркеліп, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 22 пайызға өскен. Келтірілген шығын көлемі 6 миллиард теңгеден асқан. Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайлардың негізгі себептерінің бірі – азаматтардың, әсіресе, жастардың құқықтық және қаржылық сауаттылығының жеткіліксіздігі. Көп жас азамат күмәнді сілтемелерге өтіп, алаяқтардың арбауына түсіп немесе өздерінің жеке деректерін үшінші тұлғаларға беріп қояды. Сондықтан құқықтық мәдениет тек заңдарды жаттап алу емес, күнделікті өмірде қауіпсіз әрекет ету дағдыларын қалыптастыруды да қамтиды. Жастар арасындағы құқық бұзушылық мәселесі де өзекті күйінде қалып отыр. Сарапшылардың мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында елімізде 1703 кәмелетке толмаған жас қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 35 пайызға көп көрсеткіш. Мұндай деректер жастармен құқықтық-тәрбиелік жұмыстарды күшейтудің қажет екенін көрсетеді. Мектептер мен жоғары оқу орындарында құқық негіздері бойынша сабақтарды жетілдіру, құқық қорғау органдары өкілдерімен кездесулер ұйымдастыру, жастар арасында заң тақырыбындағы ашық пікірталастар өткізу маңызды. Сонымен қатар әлеуметтік желілер мен цифрлық платформаларды құқықтық ағарту құралы ретінде тиімді пайдалану қажет. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, елімізде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында түрлі бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Жыл сайын мыңдаған жасөспірім мен ата-анамен профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Құқықтық мәдениет – қоғамдағы тәртіп пен тұрақтылықтың негізі. Заңды құрметтейтін, өз әрекетіне жауап бере алатын жастардың қалыптасуы мемлекет дамуының маңызды шарты болып табылады. Сондықтан құқықтық тәрбиені отбасыдан бастап, білім беру ұйымдары мен қоғамдық институттар деңгейінде жүйелі түрде жүргізу қажет.Бүгінгі жас – ертеңгі ел тірегі. Ал құқықтық мәдениеті жоғары ұрпақ – Қазақстанның қауіпсіз әрі әділетті болашағының кепілі.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/zhastar-arasyndagy-kukyktyk-madenietti-kalyptastyru-kogamnyn-manyzdy-mindeti-1021300](https://yvision.kz/kk/post/zhastar-arasyndagy-kukyktyk-madenietti-kalyptastyru-kogamnyn-manyzdy-mindeti-1021300)