---
title: "Жастарға ақ жол тіледі."
description: "Жастарға ақ жол тіледі. «Айқын», 09.04.2014ж.Алматының іргесіндегі Қарасай ауданында Алматы облыстық..."
author: "mvdgovkz"
published: "2014-04-08T22:30:30+00:00"
modified: "2014-04-08T22:30:30+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/zhastar-a-a-zhol-tiledi-408898"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/zhastar-a-a-zhol-tiledi-408898/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Жастарға ақ жол тіледі.

> Жастарға ақ жол тіледі. «Айқын», 09.04.2014ж.Алматының іргесіндегі Қарасай ауданында Алматы облыстық...

Жастарға ақ жол тіледі. «Айқын», 09.04.2014ж. Алматының іргесіндегі Қарасай ауданында Алматы облыстық Ішкі істер департаментінің ұйымдастыруымен полиция ардагерлері мен жас полицейлер слеті болып өтті. Сондай-ақ алқалы жиынға Ішкі істер министрлігінің өкілдері, облыс бас полицейінің орынбасарлары мен ардагер сақшылар және таяуда полиция органдарына қызметке алынған жастар қатысты.

Жиынды ашқан Алматы облыстық ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Мұрат Құмарбековтың айтуынша, соңғы жыл­дары облыс бойынша полиция қызметкерлерінің сапын 350-ден астам жас қызметкерлер толықтырыпты. Олардың басым көпшілігі – елі­міздің ІІМ қарасты жоғары оқу орындары мен аймақтағы полиция мектептерін бітірген жастар.

– Біздің басты мақсатымыз – қатарымызға келіп қосылған жас­тарға полиция ардагерлері арқылы тәлім-тәрбие беру. Бүгінгі алқалы жиын осындай мақсатта ұйымдастырылып отыр. Менің ойымша, ардагерлер айтқан ақыл-кеңестерді тыңдап, олардың тәжірибелерін өз қызметінде қолдана білген әрбір жас полицей ұтпаса, ұтылмай­-тыны анық. Сондықтан іске сәт! – деп жас полицейлер слетіне қатысу­шыларға ой-пікірін жеткізді. Одан соң «Ішкі істер органдары жас қызметкерлеріне қазақстандық патриотизм сезімін қалыптастырудағы кадрлық аппараттың рөлі» деген тақырыпта баяндама жасаған Талды­қорған қалалық ІІБ бастығының кадр жұмысы жөніндегі орынбасары, полиция полковнигі Ермек Егінбаев:

– Патриотизмнің түп-тамыры ұлттық идеологияда жатыр. Ал қазақстандық патриотизм қазақстандық интернационализммен, яғни қазақстандық отансүйгіштікпен, қазақстандық ұлтаралық татулықпен тығыз байланысты. Ұлттық идеология сол елде өмір сүріп жатқан әр ұлттың мәдениеті, салт-дәстүрі, тілі мен діні тарихынан туындайтын көзқарас. Десек те, қазақтың ұлттық идеологиясы осының көшбас­таушысы болуы тиіс. Оған, негізінен, қазақ азаматтары әсіресе, жастар атсалысуы, көш бастауы керек. Егер патриотизмді отаншылдық дейтін болсақ, бұл – жастарымыздың елдікті, мемлекеттілікті саналы түрде сезінуі деген сөз. Бұған қоса, жастар еліміздің экономикалық және қоғамдық өмірінің барлық салаларына қатысуы арқылы қоғам­ның болашағы зор, маңызды бөлшегіне айналуда. Тәуелсіздік жылдары қоғамға жаңа көзқараспен қарайтын жастар легі өмірге келді. Қазір жастар еліміздің даму және демократиялық жаңару үрдістеріне белсене қатысуда. Алайда дамыған қоғам адамға және оның жеке басына, кәсіби қасиеттеріне жоғары талаптар қоюда. Демек, қазіргі заман ма­маны өз кәсібінде, ғылымда да жаңашыл ғана емес, көшбасшы бола білуі тиіс. Болашақ жастардың қолында! Себебі бүгінгі жас – ертеңгі ел азаматы. Сондықтан Алматы облыстық ІІД басшылығы осындай ал­қалы жиын ұйымдастырып, қатарымызға қосылған жастарымызға ардагерлердің ақыл-кеңестерін тыңдатып қана қоймай, оларға ақ жол тілеп, аға аманатын жеткізуді мұрат тұтып отыр. Сондықтан депар­тамент басшылығы сіздерге әрдайым сәттілік тілейді, – деп по­ли­ция саласында өзін толғандырған біраз мәселелерді ортаға салды. Жас по­лицейлердің бойында отаншылдық рухын қалыптастыруға арналған жиында біз олардың өздерімен сөйлесіп, пікір алысқан едік.

Фархад ІЛИЯСОВ, Алматы облысы Ұйғыр аудандық ІІБ учаскелік полиция инспекторы:

– Мен Қазақ мемлекеттік заң академиясының заң бөлімін 2012 жылы тамамдадым. Ішкі істер саласында 2013 жылдан бері еңбек етіп келемін. Отбасым, екі балам бар. Басты мақсатым – аға ұрпақ өкілдерінің ұлағатты ісін жалғастырып, елімізде құқық тәртібін нығайту, қылмыс атаулыға тосқауыл қою. Әрине, учаскелік полиция болу оңай емес. Себебі қазір ауылдық жерлерде мал ұрлығы, біреудің затын бопсалап тартып алу тәрізді қылмыс жиі кездеседі. Міне, осын­дай заң бұзушылықтардың алдын алу үшін біздің үнемі халықпен байланыс жасап, оларға әсіресе, жастарға қылмыстың жақсылыққа апармайтынын жан-жақты түсіндіруіміз қажет. Осындай іс-шараның нә­­ти­жесінде соңғы уақытта біздің учаскеде ғана емес, аудан көлемін­де қылмыс атаулы азайып келеді. Бүгінгі жиында аға ұрпақ өкілдері-нің тәлім-тәжірибесін, ақыл-кеңестерін тыңдап, едәуір тәжірибе жина­дым. Жастар үшін мұндай жиын ауадай қажет.

Қарлығаш ТАУБАЛДИЕВА, Алматы облысы Іле аудандық ІІБ юве­налдық полицияның аға учаскелік инспекторы, полиция капитаны:

– Отан деген киелі ұғымды түсіну – әр адамның туған жерінен, өз еліне деген сүйіспеншілігінен бастау алады. Отансүйгіштік пен патриотизм егіз ұғым. Сондықтан әрбір азамат өзінің жетістіктерін туған Отанына, еліне арнауы керек. Сонда адамның мерейі тасып, беделі өседі. Отан­дық патриотизм – елдікті, мемлекеттілікті саналы түрде сезіну. Кез келген адамның ана тілін толық меңгеріп, оған құрметпен қарауы, өз Отанының мүддесін ойлауы, туған еліне деген адалдық пен азаматтық сезімі. Өз еліміздің саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени саладағы жетістіктерін қорғай білу – біздің азаматтық парызымыз.

Салтанатты жиын барысында Ішкі істер органында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан милиция генерал-майоры Михаил Баранов пен Алматы облыстық Ішкі істер органдары Арда­герлер кеңесінің төрағасы Болат Құжақовтар жас полицейлерге ақ жол тілеп, бата берді. Сол күні жас полицейлер Қарасай ауданының ор­талығы – Қаскелең қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің және Жамбыл ауданы Жамбыл ауылындағы ақын мұражайында болып, осындағы тарихи шежірелермен танысты.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/zhastar-a-a-zhol-tiledi-408898](https://yvision.kz/kk/post/zhastar-a-a-zhol-tiledi-408898)