---
title: "Жас ақындар мүшәйрасы өтті"
description: "Алматы қаласының тұрғындары ел күнтізбесіндегі елеулі қос мереке – Тұңғыш Президент күні мен Республ..."
author: "birzhanmurat"
published: "2016-12-11T06:26:17+00:00"
modified: "2016-12-11T06:26:17+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/zhas-a-yndar-m-sh-yrasy-tti-736253"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/zhas-a-yndar-m-sh-yrasy-tti-736253/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Жас ақындар мүшәйрасы өтті

> Алматы қаласының тұрғындары ел күнтізбесіндегі елеулі қос мереке – Тұңғыш Президент күні мен Республ...

Алматы қаласының тұрғындары ел күнтізбесіндегі елеулі қос мереке – Тұңғыш Президент күні мен Республика Тәуелсіздігінің 25 жылдығын биыл ерекше атап өтті. Ағымдағы жылдың 1 желтоқсаны күні өткізілген шара өз есігін Елбасының кітаптары мен фотолар көрмесінен басталған болатын.

![Жас ақындар мүшәйрасы өтті](https://storage.yvision.kz/images/user/birzhanmurat/t12Rqy6M2b9633yOU6Jfzm57ARmaCa.jpg)

Аталмыш көрме мақсаты - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың егеменді, экономикалық тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуы кезеңіндегі тарихи рөлін, қазақстандық қоғамды жаңғырту мен қайта құрудағы еңбегін кеңінен ашып көрсету болды. 6 бөлімді көрмеге қазақ, орыс және шет тілдеріндегі 500-ден астам басылым қойылды. Онда Тұңғыш Президенттің өмір жолы, жастық шағы, еңбекке араласқан жылдары, саяси және қоғамдық қызметі қамтылған. Сонымен қатар, Елбасы туралы әлем саясаткерлерінің ой-пікірлері, ақын-жазушылар шығармаларының топтамалары бар.

![Жас ақындар мүшәйрасы өтті](https://storage.yvision.kz/images/user/birzhanmurat/eVpVX382RzUpUU9oD2csebnRJPZSOx.jpg)

Ары қарай жас ақындар арасындағы мүшәйраға жалғасқан бұл шара Алматы қаласының үздік деген 20-дан астам шығармашыл жастарының басын бір сахнаға біріктірді. Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының мүшелері әділдігін анықтаған аталмыш мүшәйра барысында жас ақындарымыз ел тәуелсіздігі жөнінде жырларын төкті.

![Жас ақындар мүшәйрасы өтті](https://storage.yvision.kz/images/user/birzhanmurat/Q1jAP71aMvOABoAmG4IQGxh1aWL92s.jpg)

Нәтижесінде 3 үздік орынға лайықты деп байқауға қатысушы келесі ақындарды марапаттады: Қауымбек Қайсар – І-орын, Хаутайқызы Алтыншапақ – ІІ орын және Талап Шерхан – ІІІ-орынды иемденді. Жүлделі орындарға Алматы қаласының Ішкі саясат басқармасы арнайы сыйлықтар тағайындап, барлық қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды.

![Жас ақындар мүшәйрасы өтті](https://storage.yvision.kz/images/user/birzhanmurat/4C6mjP6WSbPlGGbsD2Onk7KP6LAMpU.jpg)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/zhas-a-yndar-m-sh-yrasy-tti-736253](https://yvision.kz/kk/post/zhas-a-yndar-m-sh-yrasy-tti-736253)