---
title: "Жармыш ауылындағы кездесу"
description: "Жармыш ауылына бару негізгі жоспарда жоқ еді. Алайда, ауыл азаматы Еркебұлан Жаулыбаев, қоғам белсен..."
author: "aktau.nurotankz"
published: "2020-12-29T09:27:34+00:00"
modified: "2020-12-29T09:27:58+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/zharmysh-auylynda-y-kezdesu-904609"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/zharmysh-auylynda-y-kezdesu-904609/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Жармыш ауылындағы кездесу

> Жармыш ауылына бару негізгі жоспарда жоқ еді. Алайда, ауыл азаматы Еркебұлан Жаулыбаев, қоғам белсен...

Жармыш ауылына бару негізгі жоспарда жоқ еді. Алайда, ауыл азаматы Еркебұлан Жаулыбаев, қоғам белсендісі Амалбек Байжан інілеріміз хабарласып "Самат аға, ауылдың жігіттері Сіздің Шетпеде жүргеніңізді естіп, "ағамызға айтарымыз бар еді, уақыты болса, қашық жер емес қой" деп жатыр" деді.

Түстен кейін бос едім, туған күніме қалада да іздеп жатқан адам көп еді. Бірақ, енді ауылдың азаматтарының өтінішін қалай жерге тастайын? Халықтан үлкенбіз ба? Тарттым Жармышқа!

Жігіттер әкімдіктің алдында тұр екен. Көк көзді сары жігіт сөз бастады. "Сәке, атым Бисен Бекмағамбетов. Осы ауылдың жігітімін. Шақыруымызды қабыл алып, келгеніңізге рахмет. Үш-төрт мәселе бар еді, ойыңызда жүрсінші.

Бірінші, Жармыштағы су мәселесі. Қаратаудың бұлақтары сарқылды білем. Осы елдің малына су керек ал. Жазда су таппаймыз. Осыған бір фонтан аштыруға ықпал етсеңіз;

Екінші, ел көбейді. "Қазақ байыса үй салад" деген бар ғой, ауыл шетінен жастар үйді салып жатыр. Жол жоқ. Жармыштың жері тасты, машина жүруі бір ақірет. Осы мәселе де өткір мәселе біз үшін;

Үшінші, спорт зал. Ауыл жастарының бір жиналып, салауатты өмірге бой үйретуіне жақсы болар еді. Осы мәселені партияның бағдарламасына кіргізесіз бе, әлде жергілікті әкімдіктің құлағына жеткізесіз бе, көмек берсеңіз;

Төртінші, мынау үлкен жолдың үстінен не астынан мал өтетін жолдың жоқтығы. Өзім азғана дәулетіммен қырға шығатын адам едім. Манатыдан өтерде тіпті қиын. Осы мәселенің бір шешімі болмас па екен?" деп тоқтады.

Бәрі де орынды, нақты айтылған мәселе екен. Жігіттерге риза болдым, құптадым. Осы айтылған мәселелер төңірегінде облыс әкіміне сұраныс хат әзірлеп, жауап алып беруге уәде еттім.

Әр ауылда да осындай азамат жігіттер бас біріктіріп, сауалдарын нақтылап, жергілікті биліктен сұрар болса, қаралмайтын, шешілмейтін ұсыныс болмаушы еді.

“Қиындықты еңсеріп, жеңіске бірге жетеміз”!

Самат Мусабаев

![Жармыш ауылындағы кездесу](https://storage.yvision.kz/images/user/445745/d5b2aad2916ab8bdd7bd29a633fcfe.png)

![Жармыш ауылындағы кездесу](https://storage.yvision.kz/images/user/445745/baac70bcfbf0fa98fa5e95337cfa76.png)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/zharmysh-auylynda-y-kezdesu-904609](https://yvision.kz/kk/post/zharmysh-auylynda-y-kezdesu-904609)