---
title: "Жапония көлік инфрақұрылымы саласындағы озық технологияларын Қазақстанға әкелмек"
description: "Жапонияның көлік инфрақұрылымы саласындағы озық технологиялары Қазақстанда да енгізілмек. Инвесторла..."
author: "Green-bridge1"
published: "2015-11-25T05:50:48+00:00"
modified: "2015-11-25T05:50:48+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/zhaponiya-k-lik-infra-rylymy-salasynda-y-ozy-tehnologiyalaryn-aza-stan-a-kelmek-663372"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/zhaponiya-k-lik-infra-rylymy-salasynda-y-ozy-tehnologiyalaryn-aza-stan-a-kelmek-663372/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Жапония көлік инфрақұрылымы саласындағы озық технологияларын Қазақстанға әкелмек

> Жапонияның көлік инфрақұрылымы саласындағы озық технологиялары Қазақстанда да енгізілмек. Инвесторла...

Жапонияның көлік инфрақұрылымы саласындағы озық технологиялары Қазақстанда да енгізілмек.

Инвесторлардың алғашқы легі Астанаға ертең келіп жетеді деп күтілуде. Күншығыс елінің премьер-министрі Синдзо Абэнің елімізге жасаған сапарының нәтижесі осындай. Бірнеше миллиардтаған табысы бар алып компаниялар қоғамдық көліктерге ақылды жүйелер орнатуда тәжірибелерімен бөліспек.

Нұрсұлтан Назарбаев пен Синдзо Абэ кездесіп, көлік инфрақұрылымы саласындағы қарым-қатынасты дамыту жөніндегі келісім жасасқанына бір айға жуық уақыт болды. Ол кезде қос елдің сала басшылары келісімшартқа қол қойған еді. Енді жапон кәсіпкерлері уақыт жоғалтпастан сол уағдаластықты жүзеге асыруға ниетті.

Мақсат Салиев, Жапониядағы Қазақстан елшілігінің экономикалық мәселелері жөніндегі кеңесшісі:
- Жапонияның 25 жетекші компаниядан тұратын бизнес-делегациясының сапары жоспарланып отыр. «Нұрлы жол» бағдарламасының басым бағыттарын ескере отырып, жапондық тарап нақты жобалар ұсынып, тәжірибесімен бөліспек.

Marubeni Corporation – Жапонияның көпсалалы бес ірі компаниясының бірі. Оның таза табысы жылына 1,5 млрд доллардан асып түседі. Елімізде де корпорация жұмыс істеп тұр. Marubeni Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жобасына және «Астана» халықаралық әуежайын қайта жөндеуге қатысуда. Ал бұл жолы компания көлік және теміржолдарда қызмет көрсету саласында біріккен кәсіпорын құруды көздеп отыр.

Юичиро Ураи, Marubeni Corporation компаниясы жетекшісінің көмекшісі:
- Біз Қазақстанда ұзын теміржол, метро барын білеміз. Алматы жолдарындағы кептеліс деген мәселе де бар. Біз осы түйткілді шешуге арналған интеллектуалды белгі деген жүйе ұсынбақпыз. Және ондай техника мен бағдаршам жасайтын біріккен кәсіпорындар құруға дайынбыз. Сондай-ақ бізде теміржол көлігі арқылы жүктерді уақытында жіберіп, жеткізетін жүйені жасайтын технология бар.

Әлемге әйгілі тағы бір компания – Fujitsu Limited еліміздің инновациялық дамуына қатыспақ. Корпорация басшылығы Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму бағдарламасымен мұқият танысып, көлік инфрақұрылымына басымдық беру дамыған елдердің қатарына қосатын дұрыс қадам деп отыр.

Котаро Окада, Fujitsu Limited компаниясының бөлім жетекшісі:
- Қазақстанның географиялық жағдайы өте тиімді. Бірақ оны жүйелі пайдалану үшін дамыған көліктік логистика керек. Бізде жүктерді рәсімдеп, кедендік тәртіпке арналған технологиялар мен жүйелер бар. Сондай-ақ біз қазақстандық әріптестерімізге әлеуметтік инфрақұрылым мен ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында да бірқатар жобаны ұсынуға әзірміз.

Ақылды көлік жүйесі, заманауи бағдаршамдар, пойыздар мен метроның кестеге сай қозғалысы және жол бойындағы инфрақұрылым. Жапонияның көлік және теміржолдары осындай. 100 млн адамға қызмет етіп отырған жүйе әлемдегі ең озық болып есептеледі. Бұл технологиялардың елімізге қаншалықты келетінін Астанада өтетін бизнесфорумда шешіледі.

http://gbpp.org/kz/2015/11/12112

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/zhaponiya-k-lik-infra-rylymy-salasynda-y-ozy-tehnologiyalaryn-aza-stan-a-kelmek-663372](https://yvision.kz/kk/post/zhaponiya-k-lik-infra-rylymy-salasynda-y-ozy-tehnologiyalaryn-aza-stan-a-kelmek-663372)