---
title: "Жанарынан баланың көрінеді бір тілек..."
description: "Адамның көзі оның жанының айнасы екені бәрімізге аян. Ал сіз өзіңіздің балаңыздың жанында не болып ж..."
author: "Zhadikus"
published: "2017-01-18T04:25:10+00:00"
modified: "2017-01-18T06:25:02+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/zhanarynan-balany-k-rinedi-bir-tilek-749997"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/zhanarynan-balany-k-rinedi-bir-tilek-749997/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Жанарынан баланың көрінеді бір тілек...

> Адамның көзі оның жанының айнасы екені бәрімізге аян. Ал сіз өзіңіздің балаңыздың жанында не болып ж...

Адамның көзі оның жанының айнасы екені бәрімізге аян. Ал сіз өзіңіздің балаңыздың жанында не болып жатқанын білесіз бе? Оның көзіне соңғы рет қашан үңілдіңіз? Көзінен нені көре алдыңыз? Адамның жанарына қарау мен жанарынан бір нәрсені көре білу екі бөлек дүние. Кейде күйбең тіршіліктің ортасында, баланың көзіне үңілуге үлгермеуіңіз мүмкін. Сондықтан біраз жыл балалармен бір қазанда біте қайнасқан мен, сіздерге олардың жанында не болып жатқанын жеткізіп көрейін.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/zhadikus/m5FFvZo4GTHlhE07HCqEKD3cJiCuyY.jpg)

Балаға ең қажетті не деп ойлайсыз? Мен оның денесі талап ететін ас пен қауіпсіздікті меңзеп тұрғаным жоқ. Көздің арғы жағынан адамның жаны көрінетінін ескерсек, баланың денесі емес, жанының не қалайтынын аңғарамыз. Сонымен баланың жаны неге мұқтаж? Әуелгі әрбір жанның талабы – оның бұл өмірде бар екенін өзгелердің мойындауы. Бұлай болмаған жағдайда, өзінің бар екенін дәлелдеу үшін ол әртүрлі әрекеттерге барады. Түсінгендеріңіздей, бұл әрекеттер есектердің, ой кешіріңіздер, ересектердің! жүйкесін жұқартады))) Енді бейшара баладан бұдан басқа не күтесіз?) Алайда мұқият қарайтын болсақ, бала ата-анасының назарына іліну үшін бұдан да зор әрекетке барады. Қандай әрекет деп отырған шығарсыздар? Махаббатты аңсаған бала, тіпті науқастанудан да тайынбайды. Иә, алғашқыда бұл мүмкін емес көрінгенімен, балалардың көбісі осындай әрекет етуге мәжбүр. Әрине, бұған ол саналы түрде бармайтыны анық. Алайда ауырған кезде ғана сіздің қамқорлығыңызды сезетін бүлдіршін санасы, махаббатқа шөлдеген кезде, миына «ауыру керек» деген белгі жолдайды. Бұны бірденнен қабылдау қиын екенін түсінемін. Дегенмен сенбесеңіз, балаңызды бақылап көруіңізге болады.

 

Енді бұл мәселеге басқа қырдан көз жүгіртсек. Сіз балаңызға көңіл бөлген сайын, кішкентайыңыздың бақытты болатыны сөзсіз. Алайда болашақ өміріне бұның жеткіліксіз екенін айтқым келеді. Үй гүлінің тамыр жайып, жайқалуы үшін горшок керек секілді, балаға да дамуы үшін қолайлы кеңістік қажет. Кеңістік деп мен үй мен ауланың кеңдігін ғана меңзеп тұрған жоқпын. Кішкентай данышпанға рухани кеңістік бере білсеңіз, балаңыздың алдындағы ата-аналық міндетіңізді үздік орындағаныңыз. Рухани кеңістік таңдау еркіндігі мен қателесу мүмкіндігінен тұрады. Таңдау еркіндігі өмірдің барлық аспектілерін қамту керек: ас ішу, киім кию, оқу орны мен мамандық таңдау, дос пен жар таңдау. Ал қателесу жайлы сіздермен бір құпияны бөліскім келіп тұр. Есіңізде болсын, бұл өмірде қателесу деген түсінік жоқ. Қателік деп алғашқыда бағаланған әрекет, негізінде сізбен кері байланыс болып табылады. Яғни кері байланыс әрекетіңіз дұрысталған сайын жағымды бола түспек. Бұл пианинода ойнағанда шығатын әуен секілді. Қажет клавиштерді ретімен басқан сайын, әуен де әсем болмақ.

 

Қорытындылай келе сізге айтпағым, сүйікті оқырман, балаңызға барынша көңіл бөліп, бұл әлемді өз бетімен зерттеуіне жағдай жасаңыз. Өмір жолын қабылдаған шешіміне қарай өзідігінен жүріп өтуіне рұқсат етіңіз. Себебі нағыз бақыттың кілті осында болмақ.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/zhanarynan-balany-k-rinedi-bir-tilek-749997](https://yvision.kz/kk/post/zhanarynan-balany-k-rinedi-bir-tilek-749997)