---
title: "Жалпыға қолжетімді сапалы білім."
description: "Жалпыға қолжетімді сапалы білім Сәуір айының орта тұсында Еңбекшіқазақ ауданының Көлді ауылындағы ша..."
author: "MON_RK"
published: "2017-05-16T02:12:53+00:00"
modified: "2017-05-24T13:51:04+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/zhalpy-a-olzhetimdi-sapaly-bilim-766865"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/zhalpy-a-olzhetimdi-sapaly-bilim-766865/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Жалпыға қолжетімді сапалы білім.

> Жалпыға қолжетімді сапалы білім Сәуір айының орта тұсында Еңбекшіқазақ ауданының Көлді ауылындағы ша...

**Жалпыға қолжетімді сапалы білім**

Сәуір айының орта тұсында Еңбекшіқазақ ауданының Көлді ауылындағы шағын комплектілі мектепке (ШКМ) барған едік. 180 балаға арналған мектеп 2004 жылы ашылған. Қазір мектепте 146 оқушы білім алып жатыр, 2016-2017 оқу жылында мұнда мектеп бітіруші сынып жоқ. Көрші елдімекендерден келіп оқитын балалар да жоқ. Оқу орнының басшылығы информатика, музыка пәндерінен мұғалім жетіспейтінін айтады, бүгінде мектепте 28 мұғалім қызмет етеді.

Жетпейтін оқытушылардың сағаты ұжым мүшелері арасында бөлінетіндіктен, кейде бір мұғалім бірнеше пәннен сабақ береді. Мысалы, биология пәнінің мұғалімі Шынар Қасымжанова қосымша өзін-өзі тануды оқытады. Кей жағдайда мұғалімдерге өзінің саласына қатысы жоқ пәннен де сабақ беруге тура келеді. Мысалы, Индира Мыңжасарова экономика пәнінің оқытушысы, сырттай информатиканы оқып алған. Көлді ауылында интернет байланысы нашар. Сабақты заман талабына сай қызықты етіп өткізіп, баланы оқу процесіне қызықтыру үшін қосымша материал іздейтін мұғалімдер өздерінің жеке мобильді интернеттерін пайдалануға мәжбүр. Мектепте заманауи құрылғымен жабықталған, интерактивті тақта қойылған бір ғана кабинет бар (химия кабинеті). Кітапхана да шағын. ШКМ – халқы тығыз орналаспаған елдердегі негізгі проблемалардың бірі. Қазақстандағы мұндай мектептердің үлесі – 44%. Мұндай мектептерде оқитын балалардың жалпы ел көлеміндегі оқушылармен салыстырғандағы үлесі – 7,8%. Мұғалімдердің жетіспеушілігі салдарынан педагогтар көпсалалы маман болуға мәжбүр, сырттай басқа мамандықтарды оқып, өздерінің тіке саласына қатысы болмаса да, бірнеше пәннен сабақ береді. Материалдық-техникалық базаның әлсіздігі көрнекі түрде ғылыми эксперимент жүргізуге, компьютерлік бағдарламаларды игеруге кедергі келтіреді. Кітапханалардың жұтаңдығы, елдімекенде интернет байланысының нашар болуы немесе мүлдем болмауы қажетті ақпарат алуға, оның сапасына да кері әсер етеді. Басқа мектептерден қашық орналасуы мұғалімдердің әріптестер тәжірибесін үйренуіне кедергі келтіріп қана қоймай, балалардың оқу орнын таңдау құқығына да мүмкіндік бермейді. Мұндай мәселелер жиыла келе қала мектептері мен ауыл мектептерінің арасын алшақтата түседі. Бүгінгі таңда 148 ресурс орталығы бар, оларға 463 шағын комплектілі мектеп бекітілген. Ресурс орталықтары тірек кешенінен және жақын орналасқан шағын комплектілі мектептерден тұрады. Мұндай құрылым барлық біріккен мекемелердің оқу-әдістемелік және ақпараттық ресурстарын біріктіріп, соның арқасында жекелеген шағын комплектілі мектептердегі жетіспеушіліктің орнын толтыруға мүмкіндік береді. Министрлік ШКМ мәселелерін шешудің бір бағыты ретінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларын (АКТ) және сандық білім ресурстарын (СБР) пайдалануды ұсынады. СБР деген – электронды контент, яғни ол белгілі бір тақырыпқа арналған интерактивті бейне және аудиоматериалдар; онда жауабы бар тапсырмалар болуы да мүмкін, мұндайда балалар бірден сабақтан кейін жауабын көре алады. Мектептерді заманауи құрылғылармен және СБР жабдықтау 2016 жылы басталып кетті. Осы күндерде сабақ үстінде проектор, бейнеэкран, лингафон, интерактивті тақта жиі қолданылып жатыр. Бұл интерактивті және мультимедиялық құрылғылар арқылы мұғалімдер оқушыларға сабақпен байланысты қызық бейне және аудиоматериалдар көрсетеді. 2020 жылға қарай мектептер 100% АКТ және СБР пайдаланады деген болжам бар. Арнайы интернеті жоқ ШКМ үшін «BMG» компаниясы BilimDesk қатқыл дисктерін жасап шығарды , бұл желіге қосылмай-ақ білім беру бағытындағы [www.bilimland.kz](https://vk.com/away.php?to=http%3A%2F%2Fwww.bilimland.kz&post=-120804658_1321&cc_key=) порталының СБР материалдарын пайдалануға мүмкіндік береді. «BMG» компаниясы осындай дискілердің бірін Көлді ауылындағы шағын комплектілі мектепке табыстады. Енді мектеп мұғалімдері мен оқушылары BilimDesk сандық білім ресурсын пайдаланып, мектеп пәндері бойынша қызықты және интерактивті аудио және бейнематериалдарды тауып, пайдалана алады (интернет желісіне қосылмай). Біз Көлді ауылындағы шағын комплектілі мектептегі биология және математика сабақтарына қатыстық. Информатика пәнінің мұғалімі Индира Мыңжасарова, мұғалімдер балаларға проекторды пайдалана отырып видеоматериалдарды көрсете алуы үшін, ноутбукке BilimDesk қатқыл дискін қосты. Биология сабағында 8-сынып оқушылары «Терінің құрылымы мен қызметі» тақырыбын өтті. Өткен материалды бекіте түсу үшін, пән мұғалімі Шынар Қасымжанова терінің құрылымы мен рөлі туралы танымдық материалды көрсетті. Сабақ соңында балалар тақырыпты қалай түсінгендерін ортаға салды. Оқушылар топқа бөлініп, әрқайсысы плакатқа тері құрылысының суретін салып, өз суреттерін қорғады. Ал бастауыш сынып мұғалімі Шынар Құрманқожанова 3-сыныпқа «Көбейтудің ерекшеліктері» пәнін түсіндірді. Сабақ кезінде балаларға бөлу мен көбейтудің байланысы көрнекілік түрінде көрсетілді. Сондай-ақ, тақырыпты бекіту үшін балалар топтық тәжірибелік жаттығуларды шығарды. BilimDesk қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі қырық мыңнан астам бейнесабақ пен интерактивті тапсырмадан тұрады, әр пайдаланушы өзіне керек тілді таңдай алады. Қазақ тілінде білім беру бағытындағы сапалы материалдардың тапшылығы сезіліп отырған уақытта бұл өте маңызды.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/3PetWa85rqXya7KIfoJ0atS0VOyJYF.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/37Ovb1OEQNU7A05Y14LSNXbFQWl64Z.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/V73rHKwmNxVzV3Ngb1w3F8C1ON144E.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/MfEKlMnBe5UqRWlJZ6oxFud9CR81Ef.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/ZI27OQM264gJMkzGy40iz4ton0TXpo.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/9S1BZulfpUpszojuVl2sHox4ZAs3R5.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/T3C0G3g9r2WH945t2A4rQvq054XQw6.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/lrNu7fZwGc14zBHSB7oBeEuJsa47jO.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/hecGR6p1KOr54VmnYNFnr9ohKUq24C.jpg)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/zhalpy-a-olzhetimdi-sapaly-bilim-766865](https://yvision.kz/kk/post/zhalpy-a-olzhetimdi-sapaly-bilim-766865)