---
title: "Жалқау перфекционист"
description: "Іссіз жатқан жыл сайын арналатын жазба күнделіктерім өз парызын өтеудің сәтті күнін күтуден әбден үм..."
author: "Makkeydinkz"
published: "2020-01-22T06:08:43+00:00"
modified: "2020-01-22T06:08:43+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/zhal-au-perfekcionist-848325"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/zhal-au-perfekcionist-848325/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Жалқау перфекционист

> Іссіз жатқан жыл сайын арналатын жазба күнделіктерім өз парызын өтеудің сәтті күнін күтуден әбден үм...

Іссіз жатқан жыл сайын арналатын жазба күнделіктерім өз парызын өтеудің сәтті күнін күтуден әбден үмітін үзген. Қашанғы бастаған істі аяғына дейін жеткізбеймін? Апайым дұрыс айтқан екен «Күнделік СЕНІҢ бет пердең!».

Кеше ғана 1 қаңтар сияқты еді, ал мен дәстүр бойынша өмірімді ретке келтіру мақсатында жаңа күнделігімді қолыма алдым. Ал бүгін болса жұмысқа келіп ыстық кофемді қоятын бір жапырақ жер таппадым - үстелдің үсті тау болып үйіліп қалыпты. Ту ду лист* болса жөнімен қалды: 6-нан бері 12 тапсырма тізіліп тұр. Оның ішінде 4-і орындалған, бірақ белгілемептім, ал қалғаны болса...Мен не үшін "шамбы салу" деп жазып қойғанмын?! Түсінсем бұйырмасын, Хабит трэкр* дегенді де шығарып алғанмын –ол да жыны келіп, бірақ амалсыз, "сабыррр..." деп тұрғандай менің жарлығымды күтуде...

Өзімді беске білемін. Аяғына дейін жеткізбейтін қылықтарымды баяғыдааа кешіргенмін. Өзімді "ертең күшті болып өзгеремін" деп алдауды да қойдым. "Басқа адам болам" деген ойдан бас тарттым. Өзіме де, өзгеге де өзімді "жалқау перфекционист" деп таныстырамын. Алайда, оның ойға қонымды өзіндік себебі бар. Жалқаулық мінсіздікке "перфекционизмге" ұмтылатын жандарға да тән. Істі аяғына дейін жеткізбеу - әр нәрсені мінсіз жасауға тырысып, бастапқыда туындайтын қиындықтарға шыдамcыздық танытумен, әр нәрсені мінсіз орындауға тырысу әдеттерімен түсіндіріледі.

![Жалқау перфекционист](https://storage.yvision.kz/images/user/294055/077942b52cb2c60bb36d8d17c4ef0e.jpg)

Мен "жалқау перфекционистпін".

Мені дұрыс түсін– жоспарлау маңызды! Бірақ іс бастар алдында өз күшіңді өлшеуде реалист болу маңызды. Әр жоспарымның бос сөз емес екеніне сенемін және тәжірибеме сүйенсем - көзім де жетеді. Әр жазылған жоспар біздің түпсанамызда сақталып, біз жыл соңында немесе кезі келгенде осы көздеген мақсаттарымызға және арман шеңберіне ораламыз. Мысалы, алдынғы жылы қалауымның бірі Жер планетасына байланысты суреттерді салу болатын, бірақ уақытпен өзімді шектемедім. Жаздым –болды. Ұмытылып кетті. Бірақ осы жылы қолыма қалам алып осы жобаны бастап кеттім. Әйтеуір шабытпенен осы кезінде жазылған ой бірге еріп келді. Қазір ойлап отырсам, қазіргі менің арман жұмысым да қағаз бетіне жазылған болатын. Осындай мысалдар өте көп. Бастаған істі аяқтаудың амалы - өзіңе сенім арта білумен қатар, сабырлық таныту. Арман жолында өз-өзімізді кемсіту мүлдем жат нәрсе. Жоспар қағаз бетіне түскеннен кейін, бұл ойға үйренуімізге уақыт беру керекпіз.

Сіз қалай бастаған істі аяғына дейін жеткізесіз? Жоғарыдағы пікірмен келісесіз бе?

* Ту ду лист- тапсырмалар тізімі

*Хабит трэкр –әдет-қылықтарды белгілеу

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/zhal-au-perfekcionist-848325](https://yvision.kz/kk/post/zhal-au-perfekcionist-848325)