---
title: "Қ.Жақыпов: Жастар туралы заңның орындалуы Үкіметтің назарында болуы тиіс"
description: "«Мемлекеттік жастар саясты туралы» жаңа заң Үкіметтің, жергілікті атқарушы органдардың және әрбір де..."
author: "Anuarbek_Ainash"
published: "2015-07-15T03:14:39+00:00"
modified: "2015-07-15T03:14:39+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/zha-ypov-zhastar-turaly-za-ny-oryndaluy-kimetti-nazarynda-boluy-tiis-521858"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/zha-ypov-zhastar-turaly-za-ny-oryndaluy-kimetti-nazarynda-boluy-tiis-521858/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Қ.Жақыпов: Жастар туралы заңның орындалуы Үкіметтің назарында болуы тиіс

> «Мемлекеттік жастар саясты туралы» жаңа заң Үкіметтің, жергілікті атқарушы органдардың және әрбір де...

«Мемлекеттік жастар саясты туралы» жаңа заң Үкіметтің, жергілікті атқарушы органдардың және әрбір депутаттың назарында болуы керек, деді Парламент Мәжілісінің төрағасы Қабиболла Жақыпов Қазақстан Парламент палаталарының бірлескен отырысында.

Осы сессияның барысында заңнамалардың мақсат-міндеттері әлеуметтік жаңғыртумен сәйкес келетіндей етіп жаңғырту мәселесі басты назарда болды. Осыған байланысты, жаңа екі заң туралы ерекше айтып кету керек. Біріншіден, ол Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, депутаттар бастамашы болып дайындаған «Ең төменгі әлеуметтік стандарттар мен кепілдіктер туралы» заңы»,-деді Мәжіліс төрағасы.

Оның сөзінше, мемлекет әсіресе бүгінгідей жаһандық дағдарыс жағдайында азаматтарға экономика мен бюджетің мүмкіндіктеріне қарай білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, жұмыспен қамту, мәдениет пен спорт құндылықтарына қол жеткізу сияқты бағыттар бойынша, ең төменгі стандарттарды қамтамасыз етуі керек.

«Екіншісі, тағы да Мемлекет басшысының тапсырмасымен дайындалған «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» жаңа заң. Бұл құжат бойынша депутаттар екі жыл бойына жұмыс істеді. Бұл заң Қазақстанның әрбір төртінші тұрғынына қатысты, ал демографиялық үдерістердің белсенді жүрген жағдайында аталмыш заң өте қажетті құжаттардың біріне айналады»,-деді Қ.Жақыпов.

Оның сөзінше, жастар туралы заңның орындалуы Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың, әрбір депутаттың және бүкіл қоғамның назарында болуы керек.

Естеріңізге сала кететін болсақ, Мемлекеттік жастар саясаты туралы заң үстіміздегі жылдың 22 қаңтар күні Парламент Сенатының жалпы отырысында қабылданған болатын. Бұл заң жастардың әлеуметтік-экономикалық дамуына жәрдемдесуге, сондай-ақ мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріне жас азаматтардың белсенді қатысуы үшін жағдай жасауға бағытталған мемлекеттік жастар саясатының тиімді үлгісін қалыптастыру мақсатында әзірленген. Бұл ретте құжатта мемлекеттік жастар саясатының басты міндеттері мен негізгі бағыттары айқындалып, осы бағыттағы орталық мемлекеттік органдардың құзыреттері бекітілген. Жалпы алғанда, заңның негізгі мақсаты жастардың табысты әлеуметтенуіне бағытталған тиімді мемлекеттік жастар саясатын қалыптастыру үшін заңнаманы жетілдіру, олардың әлеуетін ел дамуына жұмсау болып табылады. Бұдан бөлек, құжатта мемлекеттік жастар саясаты субъектілерінің жұмыс істеуіне құқықтық мүмкіндіктер беру, жастармен тиімді жұмыс істеудің тетіктерін қалыптастыру, жастардың құқықтарын кеңейту нормалары қамтылған.

[Ақпарат көзі](http://strategy2050.kz/news/23765/)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/zha-ypov-zhastar-turaly-za-ny-oryndaluy-kimetti-nazarynda-boluy-tiis-521858](https://yvision.kz/kk/post/zha-ypov-zhastar-turaly-za-ny-oryndaluy-kimetti-nazarynda-boluy-tiis-521858)